• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 30 Мамыр, 2018

Тәрбие: Ойнаған бала алғыр болады

1123 рет
көрсетілді

Бүгінгі жедел өзгерістер заманында балаға берілетін оқу жүктемесі жүйкесіне ауырлық түсі­ріп отыр. Осыны аңғарған ше­телдік педагог мамандар са­бақ уақытында балаға қажет дене қозғалысының қимыл-әдістерін ұсынуда. 

Мамандар баланың мінез-құлқы мен қы­зығушылықтарын зерттей отырып, олар үшін ортақ әрекет ойын екенін анықтады. Яғни ойын арқылы балалар өз әлемін қалыптастырып, физикалық қабілетін дамыта алады екен. 

Жоғарыда айтылған ойын әдіс­темесін АҚШ-тың Техас шта­­тындағы Форт-Уэрт қала­сында орналасқан бір мектептің бастауыш сыныптарында арнайы тәжірибеден өткізіпті. Нақтырақ айтқанда, 1-сынып оқушыларына таңертең және кешке 15 минут үзіліс беріп, далада ойнатқан. Нәтижесі – таңғаларлық. Балалардың оқу­ға деген ынтасы артып, бел­сенділігі жоғарылаған. Ата-ана­лары да оң өзгерісті бірден бай­қаған. Кейбірі балаларының еркін және көпшіл бола бас­тағанын аңғарған. Себебі сыныпта отыра бергеннен гөрі, ойын алаңында дос табу әлде­қайда жеңіл. Арада бес ай өт­кен­де барлық оқушы үздіктер қатарына қосылған.

Бұл тәжірибе АҚШ педиа­трия академиясында талқы­ланып, ойынды үзілістерге «баланы тәрбиелеудің өзегі» деген баға берілген екен. «Осы ­ойын арқылы оқытудың нәти­жесінде балаларға өзін көрсе­туге мүмкіндік туады» деп мә­лімдепті идея авторларының бірі профессор Дебби Реа. 

Ойын педагогикасының өз­ реті мен тәсілін де ескерген­ дұ­рыс. Айталық, бала­лар­ды қандай ойындар қызықтырады? Жүргізілген бақылаулар көрсет­кендей, бұл бірінші кезекте ба­ла­лардың психологиялық ерек­шеліктеріне байланысты. Бала неғұрлым эмоционалды, белсенді болса, солғұрлым қозғалмалы ойындарды қызық­тайды. Ал сабырлы бала пси­­хикалық ойлы ойындарды­ артық көреді. Сонымен қатар ер бала мен қыз баланың қызығу­шылықтары әртүрлі болатынын ескерген жөн. 

Ойын тәжірибесін қолдану­шылар бастауыш жасындағы балалардың мінез-құлқының ерекшелігін 3 топқа бөліп қарас­тырған. Бірінші топқа қозғалысы көп, эмоционалды балаларды жат­қызған. Оларды жүгіру, се­кіру, жарыс түрінде өтетін ойын­дарға бейімдеген. Екінші топқа қозғалыс белсенділігі төмен балалар жатқызылып, оларға ақыл-ой белсенділігі басым ойындар ойнатылған. Бұл оқушылардың дені қыз балалар. Үшінші топқа мүлдем қозғалысы төмен оқушылар. Бұл топқа іс жүзінде тек қыздар кіріпті. Оларға партадан алыс кетпей, тек бір орында отырып ойнайтын тәсіл қолданылған. 

Біздің айтпағымыз, жоғары­дағы факторларды ескере отырып, ең болмағанда сабақ ара­сын­дағы үзілісте осындай ойын­­­дарды ұйымдастыруға біз­де де негіз бар. Сондықтан мек­тептегі ойын алаңдарын аталған педагогикалық тәсілге неге қолданбасқа?! Яғни ойын дегеніміз – балаға білімді сіңі­ру­дің таптырмас құралы екені анық.

 Сандуғаш АХМЕТБАЕВА,

Астана қаласындағы 

«NURORDA» мектеп-лицейінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі