«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қолданыстағы зейнетақы заңнамасы мәселелері, болашақ зейнетақыны жоспарлау, сондай-ақ, жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында тұрғындар арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды, Қордың баспасөз қызметі.
Қордан зейнетақы төлемдерінің жеткілікті мөлшерде жүзеге асырылуы – зейнетақы жарналарының тұрақты аударылып тұруына тікелей байланысты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры барлық еңбекке қабілетті тұрғындардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуы маңызды екендігін түсіне отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды зейнетақы жүйесіне тарту бойынша ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Осылайша зейнетақы жүйесінің енжар қатысушыларын анықтау үшін БЖЗҚ салымшыларының базасы талданды және зейнетақы жарналары түспейтін шоттарды өңдеу науқаны басталды. Соның арқасында салымшылар дерекқорында 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бірақ содан бері бірде-бір рет жарна түспеген, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары бар, бірақ 2017 жылы жарна түспеген шоттар анықталды.
Қордың өңірлік желісінің қызметкерлері осы шоттардың иелеріне хабарласып, зейнетақы жарналарының не үшін түспей жатқандығын анықтаумен әрі қолданыстағы зейнетақы заңнамасы бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде.
2018 жылдың алғашқы жартысында 325 мыңдай салымшыны қамту жоспарланған болатын. Әзірге 2018 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында 117 264 салымшымен байланыс орнатылды. Телефон арқылы хабарласу нәтижесінде сол салымшылардың 19 пайызы (ал бұл – 22396 адам) қосымша ақыл-кеңес алу үшін Қорға хабарласты. Осылайша 25 мыңнан астам жеке зейнетақы шотына жалпы сомасы 150 млн теңгеге міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Бұл – байланыс орнатылған салымшылардың 21 пайызына тең.
Сауалнама жүргізу нәтижесінде байланыс орнатылған салымшылардың жартысына жуығының жұмыссыз екендігі, ал қалғандары – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жеке кәсіпкерлер, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар екендігі анықталды. Қор байланыс орнатқан соң жарна аударған салымшылардың шамамен 41 пайызы – 18 жастан 25 жасқа дейінгі жастар, шамамен 34 пайызы – 25 жастан 40 жасқа дейінгілер, 14 пайыздан астамы – 40 жастан 50 жасқа дейінгілер және 11 пайыздан астамы - 50 жастан асқан азаматтар.
Байланыс орнатылған салымшыларға жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы ақыл-кеңес және өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік секілді әлеуметтік бағдарламалар бойынша толыққанды мәлімет берілді.
Зейнетақы Қоры экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ