Айбыны асқақ Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры сыйлығы лауреаттарының қатысуымен концерт өтті. Жиналған көпшілік алдында елордалық өнерпаздар өздерінің өнердегі жетістіктерімен бөлісіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қамқорлығын әңгімеледі.
Аталған концерт барысында негізінен классикалық шығармалар орындалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Елімізге баритон дауысты әнші ретінде танымал Азамат Жылтыркөзовтің орындауындағы Мұқан Төлебаевтың «Ешкім де ұмытылмайды» әні тыңдарманды бей-жай қалдырмады. Сонымен қатар Қаламқас Жұмабаеваның скрипкамен орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, Ермек Құрманаевтың орындауындағы Ахмет Жұбановтың шығармалары сәтті шыққан дүниелер болды.
Концерт барысында сопрано дауысты Бибігүл Жанұзақ әлем классиктерінің шығармаларын тыңдарман назарына ұсынды. Бұл ретте өнерпазды фортепиано аспабында Гауһар Тасбергенова сүйемелдеп, өздерінің шебер музыкант екендіктерін танытты.
Астана қаласының мерейлі мерекесінің құрметіне орай Әулиеата аспанын әнге бөлеген елордалық өнерпаздар «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған көпшіліктің көңілін көтеріп, асқақ рух сыйлады. Адамзаттың жауһарына баланған классикалық ән өнерінің кереметін әйгіледі.
Концерт соңында жамбылдықтардың назарына «Астана – Ұлы Даланың жауһары» атты фотокөрме ұсынылып, әулиеаталық көпшілік әлемге танылған бас шаһардың бүгінгі келбетімен танысты. Сонымен қатар Астана қаласының сәулетіне сүйсінген көрермен де аз болған жоқ. Ал Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған бұл фотокөрме елімізде ғана емес, Мәскеу, Санкт-Петербург, Мадрид, Берлин, Бейжің, Париж қалаларында және Астана мен Алматы шаһарларында жалғасын табатын болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы