• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2018

Тегін амбулаторлық дәрімен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті

604 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде тегін амбулаторлық дәрімен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға Денсаулық сақтау министрлігі Фармация коми­тетінің төрағасы Людмила Бю­ра­бекова, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының мін­де­тін атқарушы Берік Шәріп, Ұлт­тық дәрілік заттарды сараптау ор­та­лығы бас директорының бірінші орын­басары Арнұр Нұртаев, сон­дай-ақ Дәрілік заттарды және ме­дициналық технологиялар­ды ұтымды пайдалану орталығының басшысы Әділет Табаров қатысты.

Өз сөзінде Денсаулық сақ­тау министрлігі Фармация коми­те­тінің төрағасы Л.Бюрабекова қа­зақ­стандықтарды дәрімен қам­та­ма­сыз ету үшін мемлекет тарапы­нан бөлінген қаражат туралы айтты.

«Мемлекеттен дәрімен тегін қамтамасыз етуге бөлінетін қар­жы жыл сайын артып келеді. Қазақ­стандықтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көле­мі шеңберінде дәрімен қамта­ма­сыз ету үшін 2018 жылға 200,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішін­де амбулаторлық дәрімен қамта­ма­сыз етуге 124,7 млрд теңге бө­лін­ді», деп атап өтті Л.Бюрабе­кова.

Сондай-ақ Фармация коми­те­тінің төрағасы пациенттердің қан­дай аурулар кезінде тегін амбулаторлық дәрімен қам­та­ма­сыз етуге ие болатынын айтты. Оның айтуынша, тізімде мұн­дай аурулар 40-тан артық, ал олар­дың әрқайсысы үшін белгілі бір дәрілер бар, диспансерлік есепте тұрған науқастар тегін ала алады.

Л.Бюрабекова пациенттерді дә­рілік заттармен қамтамасыз етіл­меуінің де себептеріне тоқ­тал­ды.

«Амбулаторлық дәрі­мен қамтамасыз етуді орталық­тан­дыру, барлық медициналық ұйым­дар өзінің диспансерлік пациент­терін қатаң түрде есепке алмайтынын анық көрсетті. Осыған байланысты дұрыс емес өтінімдер қалыптасады, соның салдарынан дәрі-дәрмектерді жөнелту кестеге сай жүргізілсе де, барлық пациенттер дер кезінде дәрілермен қамтамасыз етілмейді», деді ол.

«СҚ-Фармация» ЖШС бас­қар­ма төрағасының міндетін атқа­рушы Б.Шәріп ағымдағы жағ­дай бойынша мамыр айына ме­дициналық ұйымдарға жоспарлы түрде дәрілік заттарды жөнелту толығымен аяқталғанын, ал кей­бір өңірлерде маусым айының пере­параттарға қажеттілігін жө­нелту басталғанын баяндады.

«Ел бойынша 30 мамырдағы жағдайға сәйкес барлығы 74 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер жө­нел­тілді. Соның ішінде стационарлық медициналық көмекке арналған дәрі-дәрмектер ағымдағы жылдың бес айында – 99 пайыз (34,2 теңге сомаға), амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін 97 пайыз (39,8 млрд теңге) жөнелтілді», деді Б.Шәріп.

Ұлттық дәрілік заттарды са­раптау орталығы бас дирек­торының бірінші орынбасары А.Нұртаев тегін амбулаторлық дә­рімен қамтамасыз ету үшін сатып алынатын барлық препараттар елімізде тіркелгенін, яғни олардың сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігі туралы қорытындылар алынғанын хабарлады. Сондай-ақ ол препараттардың жанама әсерлері анықталған жағдайда, науқастар мен емдеуші дәрі­гер­лерге Ұлттық дәрілік заттар­ды сараптау орталығының сайтындағы тиісті нысанды толтыруды ұсын­ды.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»