Орал қаласында «Асыл Мирас» балалар аутизм орталығы ашылды. Орталықты белгілі меценат Болат Өтемұратовтың қоры «Бәйтерек» мүгедек балалар қорымен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ашып отыр. Бұл еліміз бойынша аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған алтыншы орталық.
– Өткен жылы Оралда «Samruk-Kazyna Trust» компаниясы мен «Дара» қорының әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде тұңғыш рет коррекциялық орталық ашылған болатын. Зачаганск кентінде ерекше балаларға арналған орталық жергілікті меценаттар күшімен салынып жатыр. Бүгін ашылып отырған «Асыл Мирас» орталығында да мықты мамандар ерекше балалармен жұмыс істейтін болады. Мұның бәрі тағдыр тауқыметіне ұшыраған сәбилерімізге үлкен көмек, - деді өзі сөзінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.
Болата Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, «Асыл Мирас» аутизм орталықтары Қазақстанда 2015 жылдан бастап ашыла бастаған. Содан бері еліміз бойынша 3622 бала қорға хабарласып, көмек сұрапты.
– Осылардың ішінен 2608 бала мамандандырылған диагностикалық тексеруден өтті. Бағдарлама бойынша 2 151 балаға тегін көмек көрсетілді. Орталыққа ғылыммен дәлелденген, ең тиімді әдістемелер қолданылады. Орал қаласында да біз мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетеміз деп ойлаймын. Мұндай балалар мен олардың ата-анасы қоғамның көмегін сезінуі өте маңызды, - дейді М.Айтмағамбетов.
Жаңа орталықта балалардың сал ауруына ұшырағандар үшін заманауи жабдықтар, «Акробат» трансформері, басқа да құралдар – барлығы 7 980 мың теңгенің мүлкі орналастырылған екен.
«Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меруерт Санкаева орталықты бағдарламалық қамту міндетін де Б.Өтемұратов қоры өз мойнына алғанын айтады. Оралдық «Асыл Мирас» орталығында арнайы дайындықтан өткен 8 маман қызмет етпек. Мұнда келушілерге ерте көмек, сөйлеу дағдысын дамыту, ортаға бейімдеу, әлеуметтік және тұрмыстық түйсікті қалыптастыру секілді мамандандырылған сабақтар жүргізіледі.
Батыс Қазақстан облысында аутизм диагнозы қойылған 140 бала бар, оның 47-сі Орал қаласында тұрады. Олардың жас мөлшері 7 мен 15 жас аралығында.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал қаласы
Суретті түсірген Динара КЕНДІРБАЕВА