• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Футбол 01 Маусым, 2018

Египет ұлттық құрама командасы футболдан Әлем чемпионатына үшінші рет қатыспақ

720 рет
көрсетілді

Әлем чемпионаты басталмай тұрып көпшіліктің назарын өзіне аудартқан Мысыр құрамасының футбол тойында бір айтары болары анық. Бұл команданың бас­ты жұлдызы Мұхамед Салах Чемпиондар лигасының финалында жарақат алып қалды. Дәрігерлер сұрмерген шабуылшы топ ішіндегі екінші ойында алаңға шығуы тиіс деп болжап отыр. 

Ер кезегі үшке дейін

Египет ұлттық құрама командасы Әлем чемпионатына осымен үшінші мәрте қатысады. Осыған дейінгі додаларда мысырлық аяқдопшылар топтық кезеңнен әрі аса алмай қалған-ды. Перғауындардың алғашқы жорығы сонау 1934 жылы басталды. Италия жерінде өткен доп додасында 13-орынды алып еді. Одан кейін көп уақыт Мысыр құрамасы іріктеуден өте алмай, біраз іркіліп жүрді. Ал екінші мәрте чемпионатқа олар 1990 жылы ғана қайта оралды. Бір қызығы 90-жылғы чемпионат та Италия жерінде өткен. 2 ойынды тең ойнап, бір матчта жеңіліп, Египет топтан әрі аса алмады. 

Ал 2000 жылдардың соңына қарай Мысыр футболы қайта жанданғандай көрінді. Ағылшынның «Тоттенхэмінде» ойнайтын Йохан Мидо мен Бундеслигада тәп-тәуір шабуылшы болған Мұхаммед Зидандардың кезінде Мысыр халқы зор үміт күтті. Бірақ команда ішіндегі алауыздық ұшпаққа шығармады. 

Бапкерге артылған сенім

Египет құрамасы өткен жылы қараша айында бірнеше мықты матч өткізді. Іріктеу турнирінің 5-турында Египет Александрия қаласында Конгоны қабылдады. Осы матчта Мұхамед Салах дубль авторы атанды. Ал оның негізгі уақытқа қосылған минутта соққан пенальтиі Египетті Әлем чемпионатына алып шықты. 

Одан кейін мысырлықтар Гананы 2:0 есебімен жеңді. Сол ойында маңызды голды тағы да «Ливерпуль» шабуылшысы Мұхамед Салах соқты. Дегенмен, мысырлық жанкүйерлер Египет құрамасының осыншама жетістікке жеткеніне Салахпен қатар бас бапкер Эктор Куперді де қатар айтады.  Аргентиналық бапкер өз тәжіри­бе­сінде біршама жетістікке жеткен. Испанияның «Валенсия» командасымен 2000 жылдардың басында клубтық деңгейде зор табысқа жетті. «Валенсия» Чемпиондар лигасының финалына жыл­ма-жыл шығып, кәрі құрлық футболында үстемдік құрды. Одан кейін Купер Италияның «Интерімен» бапкерлік қыз­меттің шыңына шықты. Грузия ұлттық құ­рамасының бапкері қызметін де абыроймен атқарды. Ал 2015 жылдан бастап Купер Египет елінің құрама командасына бас бапкер болып келді. Міне, содан бері перғауындар жеңістің дәмін сезе бастады. Мысалы, 2017 жылы Салах бастаған жігіттер Эктор Купердің басқаруымен Аф­рика ұлттар кубогының чемпионы атанды. Былайша айтқанда, қара құр­лық­та қазір Египет ең мықты ұжым. 

Салахтың саулығын тілейді

Әлем чемпионатында Египет «А» тобында өнер көрсетеді. Қарсыластары алаң иесі Ресей, шабуылы жойқын Уругвай және мұсылман бауырлары Сауд Арабиясы құрамасы. Алғашқы ойын 15 маусым күні Уругвайға қарсы өтеді. Бұл матч аргентиналық Эктор Куперге нағыз сын болғалы тұр. Одан кейінгі 2 ойында мы­сырлықтар 6 ұпай алуды жоспарлап отыр. Себебі 19 маусым күні Мысыр Ресеймен, ал 25 маусым күні Сауд Ара­биясымен ұшырасады. Чемпиондар лигасының финалында жарақат алған Мұ­хамед Салах Уругваймен өткен ойын­ға қатыспайды деген ақпарат бар. Ал одан кейінгі 2 матчқа сұрмерген шығып қалуы әбден ықтимал. Сондықтан да, бүкіл Египет жанкүйерлері қазіргі күні Са­лахтың саулығын тілеп, дұға айтуда. То­пырағын түртсең тарихы сөйлеп беретін, бабамыз Бейбарыс басқарған Мысыр елі­нің құрамасына жанкүйер боламыз деп отырған отандастарымыз да жоқ емес.

Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»