«Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы белгісімен еліміздің барлық аймақтарындағы Зияткерлік мектептерден автобустар мен көліктер шалғайдағы ауылдарға асықты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл шараға бір мезгілде мыңдаған оқушы, ұстаздар, ата-аналар мен демеушілер жұмыла атсалысты.
Кезекті оқу жылының аяғы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл мектептерінде үлкен мерекеге ұласты. Назарбаев мектебінің мерей тойы тек облыс орталықтарында емес алыстағы ауылдарда да тойлануда. Әсіресе ең ұзақ сапар Өскемендік мектептің еншісінде болды. Олар қаладан 700 шақырым қашықтықта орналасқан Күршім ауданындағы Марқакөл кентіне атбасын тіреді.
«Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы ең алдымен автобустарға тиелген түрлі жүктерді мектепке тасудан басталды. Әр өңірдегі ауыл мектептеріне 3D принтерлері сыйға берілді. Аталған заманауи құралды Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі құрастырып шығарды. Мерекелік көш алты мыңға жуық кітапты, үш мыңға тарта бөлме гүлдерін, спорттық ойындарға арналған құралдарды апарды. Әртүрлі жинақтағы әдебиеттерді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары оқу орында дәстүрге айналған «Bookrossing» акциясында жинаған. Ал сыныптарға ерекше сән және хош иіс сыйлайтын өсімдіктерді Зияткерлік мектеп оқушылары, мектептің жылыжайларында баптап өсірген. Енді сыйлықтар ауыл мектебінің көркіне сән қосып, мұндағы білім алушы балалардың кәдесіне жарайтын болады. Сондай-ақ мектептердің дәліздеріне «Оқу. Іздену. Талаптану», жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы әдістемелік тақталар ілінгендігін тілге тиек етейік. Ауыл балаларын әсіресе «100 кітап» жобасы, «Рухани Жаңғыру» мақаласына негізделген іс-шаралар ерекше қызықтырды.
Ең әуелі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жәкеновтың қолынан тарту етілген сыйлықтарды Ақмола облысындағы Қазқалашық селосының мектебі иеленді. Бұл мектептің балалары расында тарихта есте қалатын болады. Олар Зияткерлік мектептердің мерейлі он жылдығына орай түсіріліп жатқан «10 жылдық белестер» атты деректі фильмінің кейіпкерлеріне айналды. Атап өтсек, бұл фильмді заманауи талаптарға сай кәсіби шеберлер «Black & Whitе» студиясы әзірлеуде.
Ал Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қауымдастығы жуырда ғана жарыққа шыққан «Бастау» атты оқушылардың шығармалар жинағын Жамбыл ауданының мектебіне табыстады. Олег Пак мырза алматылық оқушылардың өлеңдерін, эссе-шығармалары мен түрлі еңбектерін зор қуанышпен ұсынды.
Шырайлы Шымкент өңірінде «Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы сенбіліктен басталды. Аймақтағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары Төле би ауданындағы Тасарық ауылына екі күн бұрын арнайы келіп мектептің қабырғаларды безендірді. Мұндағы оқу орынның екінші қабатына қазақтың әйгілі ғұламалары Әл-Фараби, Абай, Мұхтар Әуезов, Ыбрай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсыновтың асыл сөздері жазылған туындылары ілінген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрышы және ақпараттық жарқағаздар орын тапқан.
Әрине, мұның барлығы материалдық игіліктер болса, ең басты құнды сыйлықтар ауыл мектептерінің мұғалімдеріне тарту етілген жаңа әдістемелік еңбектер, жаңартылған білім беру мазмұнын қолдауға бағытталған көмекші құралдарды атауға болады. Олардың арасында математика, химия, биология, физика, тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілін оқытудағы нұсқаулықтар ауыл мектептерінің мұғалімдеріне күнделікті оқытуда пайдаға асатыны қуантады. Бұл оқулықтардың барлығы оқушылардың бойында сындарлы көзқарас, сыни ойлауды дамытуды көздейді.
Делегаттар құрамында Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары да болды.
– Әріптестердің бүгін жолы болды. Оларға еліміздегі ең жетекші мектептердің үздік оқытушылары мен дарынды шәкірттері арнайы келіп бұрын соңды болмаған мереке ұйымдастырды, – дейді Павлодар облысындағы Майқайын орта мектебінің директоры Самал Сақтасынқызы. Баянауылда Назарбаев мектебінің күні өткізілетінін естігін өзге де серіктес мектептердің мұғалімдері аталған іс шараға арнайы келіп тәжірибе алаңына қосылды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаева Жамбыл облысындағы Қостобе орта мектебінде болды. Ол өз кездесуінде NIS Рrogramme оқыту бағдарламасының халықаралық деңгейде мойындалғанын растады.
– Бес жыл бұрын біз осы жұмысымызды бастағанда көбі күдікпен қарады. Ал бүгін ұжымдық еңбектің жемісін көріп отырмыз. Өйткені барлық аймақтарда құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» өз қатарына барлық орта білім беру ұйымдарын жетелеп келеді», – деді Назипа Алтынбекқызы.
«Оқушыларға «Ойлау дизайны», үштілділік, «CLIL» әдісі, «STEAM-XXI ғасырға қажетті дағдыларды дамытудың жаңа жолы» негізінде олардың зерттеушілік қабілеттерін арттыру бағытындағы сұрақтар Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Родниковский орта мектебінде талқыға түсті.
Ал Атырау облысындағы «Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы Жанбай ауылының мәдениет үйінде қорытындыланды. Мұнда атыраулық балалар Әбіш Кекілбаевтың «Ақырғы аялдама» шығармасын сахналық драма және көлеңке театры арқылы ұсынды.
Оңстүстік астананың химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Достар серті» шығармасын алып келді. Жанашар ауылдық округіне келген «Dream team» шығармашылық ұжымы өз мюзиклі арқылы достық пен адалдықты насихаттады. Сонау өткен 70-жылдардың керемет романтикалық әсерін боямасыз жеткізе білген жастар бұрын соңды көрмеген қошеметке бөленді.
Барлық аймақтардағы ауыл мектептерінің есіктері бұл күні алыс жақын маңдағы қонақтар үшін айқара ашылды. Сыныптар мен мектеп акт залдарында тәжірибе алмасу сағаттары, оқушылардың қойылымдары үзілген жоқ.
Ал атыраулық оқушы Доспан Аймұханов өзінің туған жеріндегі мектебіне қайта оралды. Кездейсоқтық, бірақ осыдан тура бес жыл бұрын Хамидолла Нәубетов атындағы жалпы білім беретін ауыл мектебінің баласы өзі оқыған алтын ұясына Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы болып оралатынын біліп еді ме?! Аталған мектептің директоры Ғимади Жиенғазиев, Назарбаев Зияткерлік мектебінің делегациясымен кездесуде Доспанның қалай ауыл мектебінен Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскенін оның табель көшірмесіне мөр қойғанын да еске түсірді.
– Міне, сол кездегі кішкентай қара бала қазір үлкен жігіт болды. Тек біздің мектептің емес күллі ауылдың мақтанышы, – деді Наубетов мектебінің директоры Ғимади Молдағазыұлы.
Жамбыл облысындағы Қостөбе ауылының мұғалімі Халима Наурызбаева суырып салма өнерімен бәрін таңқалдырды. Ол Тараздан келген меймандарға арнап жалынды жырларын арнады.
Он жылдыққа арналған бұл акцияны алғашқылардың бірі боп Тұңғыш Президенттің кітапханасы қолдау көрсетті. «Абырой» ұлттық құндылықтарды дамыту қоры, белгілі журналист, медиаменеджер Бибігүл Жексенбай мыңдаған шығармаларды, әсіресе Мұғали Мақатаевтың өлеңдер жинағының электронды нұсқасын сыйға тартты. Шалғайдағы мектептерге кең көлемді кітап қорын табыстауға «Деловой мир Астана» ЖШС-гі де ерекше қолдау білдірді. Ал «Қазцинк» металлургиялық компаниясының қаржылай қолдауымен 300-ге тарта футбол, баскетбол және волейбол доптары сатып алынды.
Жамбыл облысындағы Қостөбе орта мектебінің директоры Нұрболат Мамырбаев еліміздегі барлық ұстаздар қауымы атынан өз алғысын білдіре отырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің күнін өткізуді дәстүрге айналдыруды ұсынды. Инновациялық мектеп мұғалімдеріне тың серпін, шығармашылық тасу тілеген ауыл мұғалімдері ерекше ризашылығын жеткізді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» бастамасымен іске асқан «Қолдайық ауыл мектебін!» меретойлық акциясы әлі де еліміздің барлық аймақтарында жалғасын тауып жатыр!