• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2018

Мемлекеттік хатшының төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

327 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Комиссия жұмысына Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова барлық қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл мерекенің биыл ел Тәуелсіздігінің символы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің, ел егемендігінің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Отан тәуелсіздігінің біріктіруші қастерлі бейнесін айшықтайды, өйткені біз мемлекет тәуелсіздігін ұлтты сақтаудың түпкі негізі, шешуші құндылық ретінде қарастырамыз» деген тұжырымына тоқталды.

Бас қосуда Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, Астана қаласының, Қызылорда және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану саласына қатысты жұмыстарының ахуалы жөніндегі есептері тыңдалды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді қолдану саласындағы нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіру мәселелері қаралды.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері, сонымен қатар осы саладағы заңнамаларды сақтау жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.