Азаттық. Тәуелсіздік. Егемен ел болу. Бұл халқымыздың талай асыл перзенттерінің ең бір қолжетпес арманы болатын. Сол жолда жандарын пида еткен ардақтарымыздың арманының орындалғанына 20 жыл толды. Еліміз бодандықтың томағасын сыпырып тастап, айналасына қыран көзімен қарап, қанатын алысқа сермеп, қияларды бағындырды. 20 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне көз жіберіп, тәубесін айтып, болашаққа деген жоспарларын құрып жатыр. Ол жоспарлар, әрине, ел ішінде ымыралы тіршілік, жаңылмаған жүріс, шын пейілмен ұғынысқан көңіл болмаса жүзеге аспасы анық. Осы күнге дейінгі табыстар қоғамымыздағы басты байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылық пен халық бірлігі арқасында Қазақ елінің салтанатын асыруда.
Біздің тілшіміз Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВАҒА жолығып, оған Отанымыздың басты байлығы – ішкі саяси тұрақтылық пен басқа да құндылықтар, ондағы Тәуелсіздік декларациясының атқаратын рөлі туралы бірнеше сауал қойған болатын.
– Светлана Жақияқызы, қабылданып отырған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясында «Мемлекеттің басты қоғамдық байлығы ішкі саяси тұрақтылығы мен халқымыздың бірлігі болып табылады» деп жазылыпты. Ұлтаралық татулықтың өзі өте нәзік дүние, егер дұрыс саясат жүргізілмесе, түрлі қызылсөздердің әсерімен шайқалып кетуі де мүмкін. Оны алыс-жақын елдердің мысалдарынан көріп те жүрміз ғой...
– Мен жақында «Хабар» арнасында осы достық, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы әңгіме қозғалған бір бағдарламаға қатыстым. Ол басталмас бұрын жиналған адамдармен пікір алысып тұрғанымызда бір кісі: «Осы Ассамблея дегеннің керегі бар ма, достық, ұлтаралық бірлік дегеннің барлығын ұран етіп, қолдан жасап отырған жоқпыз ба?» – деді. Содан мен ол кісіге: «Жарайды, сіз айтқандай-ақ болсын, бірақ соны кім жасайды? Мысалы, Өзбекстан мен Әзербайжанды алып қарайықшы, оларда мемлекет құраушы ұлт сол ел халқының 90 пайызын толтырып отыр, ал бізде тәуелсіздік қолымызға тигенде ол 50-ге жетпейтін. Сонда алдымызда тұрған үлкен міндеттерді, тәуелсіздікті баянды ету үшін ең бірінші, әрине, өз ішіңдегі халқыңның тыныштығы керек еді. Ол бізде ең үлкен қажеттілік болды. Оны жасамай біз ешқашан алға баспас едік. Өйткені, сол уақытта әрбір халық өзінің ұлт екенін сезінді. Оны тек қазақтар ғана сезінді деп ойлайсыз ба? Адамдардың сана-сезімінде өзін белгілі бір ұлттың өкілі ретінде ұғыну пайда болады. Ал егер осындай саясат ұстанбағанда, көшіп кетпей осында қалғандарының өзі бір-біріне қырғи-қабақ болып, ісіміз ілгерілемес еді. Сондықтан бұл мәселе бізде ең бірінші ел үшін қажеттіліктен туды. Бұл – бірінші.
Екіншіден, саясат дегеннің өзі егін еккендей. Дән дұрыстап дайындалған жерге сіңірілгенде ғана өнім береді емес пе, достық саясатының біздің жерімізде өнім беруінің сыры біздің қазақ халқының ежелден ешкімді жат санамайтын кең пейілінде жатыр. Осыдан барып, ол саясат өз жемісін берді. Және оны елдің қолдағанының арқасында, партиялардың, азаматтық қоғамның қолдағанының арқасында құнарлы топыраққа егілген дән жайқалып өсті. Елбасының әуелі – экономика, сосын барып саясат деген ұстанымымен алға қарай дамыдық», дедім. Оппонентім маған қарсы еш уәж айта алмай қалды.
– Біз қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Кейде көп айтылған нәрсеге тіл-көз тиеді деп қорқып жатамыз.
– Ол да бар. Бірақ, мәселенің екінші жағына үңілейік. Түсіндіріп, әбден құлағының құрышын қандырып айтпасаңыз, кейбіреулерге жетпей жатады. Әркімнің қабылдауы әртүрлі ғой. Біреу ымнан-ақ түсінсе, енді біреуге бажайлап айту керек. Меніңше, достық жайын айтудың артығы жоқ, бірақ көбіне іспен дәлелдеу керек.
Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Ол алдымен адамның рухына әсер етеді. Жоғарыда айттым ғой, біздегі әрбір этнос өкілі тәуелсіздікпен бірге өзінің тегін танып, ұлттық рухы оянды. Сонымен бірге, олардың әрқайсысы өзін Қазақстанның азаматы ретінде сезінуі тиіс болды. Жалпы, әр адамда осы ел менің Отаным, ал Отанымда менің орным болуы керек, мұнда менің дауысымды жоғары билік басындағылар естуі тиіс, билік басында мен де отыруым керек деген секілді ұстаным пайда болған сәтте әрбір азамат өзін елдің бөлшегі ретінде түйсінгісі келеді. Ассамблея арқылы осы мақсаттарға жетіп, екіншіден, Президентке сөзін жеткізіп, жоғары заң шығару органы – Парламентке депутат болып келіп отыр. Саны аз болса да оның дауысы Парламентте естіліп жатыр. Осы сезімдер азаматты ерекше күйге бөлейді...
– Сөзіңіз аузыңызда, сіз рух жайында айтып қалдыңыз, алдында ғана Өзбекстан мен Әзербайжанды мысал етіп келтірдіңіз. Жақында ғана Бакуге жол түсті. Сонда аңдағаным, онда әзербайжандардың бір-бірімен басқа тілде сөйлесу ойларына да кіріп шықпайды, ал жалпы барша жұртшылықта әзербайжанша сөйлеу кәдігімдей сән көрінеді. Ал бізде мемлекет құраушы ұлт рухының биіктеуінде өзге этнос өкілдерінің үлесі қаншалықты деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, Елбасы бастамасымен құрылған Ассамблея арқылы осыған әбден ықпал етуге болады. Бұл орган тек этнос өкілдерінің өздерін жақсы сезінуіне жағдай туғызып қана қоймай, ол этностарды біріктіре алады. Ассамблея арқылы қазақстандықтарды жұмылдырып, мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының құндылықтарын бағалауға, қазақ тілінің төңірегінде бірігуіне жол ашуға болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде кейбір өзге этнос өкілдері балаларын қазақ мектептеріне, балабақшаларына беріп жатыр. Бәрі осылайша бірте-бірте қалыптасады. Әрине, болашақта қоғам мүшелерінің көзқарастарының, ділінің өзгеруіне қарай біз заңдарды да өзгертуге тиіспіз.
Жалпы әлемде 5 мыңнан астам тіл болса, соның 200-інің ғана мемлекеті бар. Кейбір бізден халқының саны анағұрлым көп жұрттың өз мемлекеті жоқ. Бұл, біріншіден, ал екіншіден, біз азын-аулақ 20 жылдың ішінде тамаша жетістіктерге жеттік. Осының барлығы өте сындарлы саясаттың арқасында жүзеге асты.
– Халқымыздың тарихында тәуелсіздіктің туын тігіп, оның мерейтойын бастан өткеру бақытын дәл біздей көрген буын жоқ. Міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына байланысты Декларация да қабылдап жатырмыз. Сондықтан Декларация маңызына тоқталып өтсеңіз.
– Шынында да біз өте бақытты ұрпақпыз. Ең бірінші – біздің өз мемлекетіміз бар, екінші – біздің бабаларымыз асты мен үсті байлыққа толған кең-байтақ жерді бізге еншіге қалдырды, үшінші – бізге дұрыс жол көрсететін Елбасы берді, төртінші – еңбекқор, кеңпейілді, дарқан да дарынды халқымыз бар.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы – өткенді ой елегінен өткізіп, жеткенді сараптайтын, келешекке бет түзейтін уақыт. Сондықтан Декларация осының барлығын сараптап, баға беріп, қазақша айтсақ, тәубемізге келіп, шүкіршілік деумен алдағы көшіміздің бағытын нықтайтын құжат болды. Жеткен жетістіктеріміздің саяси бағасын берді.
Тәуелсіздіктен артық, бұдан асқан ұлы мереке жоқ. Бір жағынан тәуелсіздік – мемлекетке, халыққа үлкен сын. Осыдан 20 жыл бұрын біздің тәуелсіздігімізге күмәнмен қарағандар көп болды. Ал қазір барлығының көзі жетті, дегенмен, біз еліміздің нағыз экономикалық тәуелсіздігіне қол артуымыз қажет. Дүниеде дамып кеткен елдер көп, ал біз солармен бәсекеге түсіп, көштің алдына шығуға тырысуымыз керек. Елбасы бәсекеге қабілеттілікті бекерге айтып жүрген жоқ.
– Өте дұрыс, тәуелсіздіктен артық ұлы ұғым жоқ. Алайда, біздің осы мереке Жаңа жыл қарсаңында болады да, биылғыны қайдам, ал жылда басқа қалаларды айтпағанда, Астананың өзінде Тәуелсіздік мерекесі жаңажылдық безендірулердің тасасында қалып қойып жатады...
– Бұл сөзіңізбен келісуге болады. Меніңше, бұл мерекені ерекшелеп, оған саяси мән беруіміз қажет. Мүмкін, бір жұмыстар жетіспей жатқан шығар. Әрине, жаңа жыл деген барлық елде бар мереке, ал 16 желтоқсанның Қазақстан үшін орны бөлек. Сондықтан да, бәлкім, бүкіл жұртшылықты қамтитын бір акциялар өткізу қажет болар. Өткенде, ораза кезінде кәсіпкерлеріміз бағаны көтермейік деп бір тамаша акцияға мұрындық болып, кедейге де, байға да мерекені сездіретін қадам жасады. Тауарлар арзандады, мүмкін, сондай акциялар өтсе, өнер шеберлері тегін қайырымдылық концерттерін қойса, т.с.с. шаралар ұйымдастырылса деймін. Тәуелсіздік еліміздің ең ұлық мерекесі екені анық.
– Әңгімеңізге рахмет, Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.