«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай ауданының 90 жылдығы қарсаңында аудан орталығында «Аяулы жас келін-2018» атты облыстық байқау өтті.
Ол Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен Шәкәрім Құдабердіұлының 160 жылдығы құрметіне арналды. Байқауға облыстың әр аудандарынан келген 13 келін қатысты. Жиынды аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров ашып, қазақтың салт-дәстүрлері осылайша насихатталып жатқанына ерекше ризашылығын білдірді. Сайыстың бас ұйымдастырушысы Шығыс Қазақстан облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова қатысушыларға қойылатын талаптарды түсіндіріп, қазылар алқасының мүшелерімен таныстырды.
Облыстық байқаудың бірінші бөлімі «Ас – адамның арқауы» деп аталғандықтан, келіндерге арнап далада қос ақшаңқан киіз үй тігілді. Аулада қазан-ошақ пен 13 самаурын тізіліп қойылды. Қос киіз үйдің бірінде келіндер үйден пісіріп әкелген қазақтың ұлттық тағамдарынан дастарқан әзірленді. Оның бағасын қазылар анықтап жатты. Екінші киіз үйде бауырсақ пісіріп, өнерлерін көрсету үшін келіндер іске кірісті. Самаурыннан сүт қосқан шай демдеп, құйып беру де, оны ізетпен ұсыну да келіндердің мойнына түскен бір сын болды. Бауырсақты пісіруден Зайсан ауданынан келген Айнұр Какеева алға озып шықты. Бұдан соң әр келін өз қолдарынан шыққан ұлттық тағамдарды таныстырды.
– Әр елдің салты басқа демекші, келіндердің барлығы бір облыстан болса да, тіпті аудандардың ішінде ұмытылып бара жатқан әсіп, быламық, жонқуырдақ сияқты ұлттық тағамдарды дайындап, жұртшылықты таңғалдырды, деді ШҚО мәслихаты қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Бұлбұл Бакинова.
Бұдан соң сайыс Мәдениет үйінің концерт залында жалғасты. Бұл бөлімде келіндер бойындағы ақыл-ой, парасаттылығын паш етті. Сонымен «Аяулы жас келін-2018» байқауы мәресіне жетіп, барлық қатысушыларға Абай ауданы әкімінің жеке атаулы сыйлығы табысталды. Бас жүлде «Аяулы жас келін-2018» атағын зайсандық Айнұр Какеева жеңіп алып, 100 000 теңге қаржылай марапатқа ие болды.
Раушан НҰҒМАНБЕК, журналист
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы