• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2018

Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын Серіктің кәсіпкерлік жолы

980 рет
көрсетілді

«Тәуекел ет те тас жұт» дейді халық даналығы. Дұрысы, жұдырықтай тасты көзді жұмып қойып, жұтқыншықтан өткізіп жібер дегені емес, бастар іс, жасар кәсібіңе деген іштей сенімсіздікті бойыңнан сыпырып таста дегені ғой. 

Бүгінде тепсе темір үзетін жас жігіттердің арасында екі қолын алдына сыйғыза алмай жүргендер көп. Сылтау бар. Жұмыс жоқ-мыс. Соқталдай болып бала-шағаға берілетін жәрдем, қарт әке-шешесінің зейнетақысынан әжетін айыруды ар көрмейді.

Ал заты мықты жігіттер мұндайды өлім көреді. Біреудің қорасына көзін сат­пай-ақ өз ақылымен мал табудың жолын ой­лайды. Солардың бірі Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылының азаматы Серік Мырзабаев. Әуелгіде жұрт қатарлы төрт түлік ұстаған. Мал бағу-оңай жұ­мыс емес. Жылына бір рет төлдейтін төрт түліктің өзінен артылғанын саудаға шы­ғару ұшпаққа жеткізе бермейді. Бас­қа тартса етекке, етекке тартса басқа жет­пей­тін ит тірлік азаматты қарадай жүн­жі­тіп жібереді.

Серік тағдыр салды, мен көндімнің адамы емес.

«Бекарыс ауыл шаруашылығы жолы» се­ріктестігінің басшысы мемлекеттік бағ­­дарламаларды тиімді пайдаланудың оябын тапты. Асыл тұқымды мал сатып алып, өрісін кеңейтті.

Бүгінде Мырзабаевтың шаруа­шы­лы­ғында 600-ден астам жылқы, 700-ден астам мүйізді ірі қара, мыңнан астам қой, жүз­ден астам түйе бар.

– Бала күнімізде қозы-лақ бағып өстік. Әке-шешеміз еңбекке үйретті. Он жасымнан бастап атқа отырып, үйге кө­ме­гімді бердім «Ер қанаты – ат» деп бекер айтылмаған. Жүйрік тұлпарым болса деп армандадым. Шаруа қожалығын құр­дым. Мемлекет тарапынан да қолдау көп. «Сыбаға» «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламасының арқасында қаржы алып, асыл тұқымды мал басын көбейттім. Биыл облыс әкімінің бастама­сы­мен аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланды. Бұл үлкен демеу болды, – деді ол.

Істің ығытын тапқан Серік осы жеткен жетістігіне тоқмейілситін жігіт емес. Ша­руашылықты ірілендіру үшін жаңа дең­гейге өтіп жатыр. Құны 25 млн теңге бо­латын мал сою цехын іске қоспақ болып талаптанып жүр. Өзге облыстардағы шаруа қожалықтарының осы бағыттағы жұмыстарымен танысқан жігіт ағасы сонымен қатар мал борда­қы­лау ісін де жолға қояды.

Әрине, дүние жүзінде бар тәжірибе, мемлекет көмегінсіз ауыл шаруашылығы өзінен-өзі өркен жайып кете алмайды.

Серік Мырзабаев осы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып жүрген бүгінгінің іскер азаматы.

Мұның неге осыншалықты ежіктеп айт­­тық. Бүгінде өзінің мүмкіндіктеріне сен­­бейтіндер көп. Үлгі керек болса, мі­не­ки.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қол­дау жылы» деп жариялады. Ауыл ша­руа­шылығын қолтықтан қаттырақ демеп жіберсе, жақсы жағына дүмпу бо­ла­тынын білетін әкім облыс тарапынан кә­сіпкерлікті өрістетуге барынша жағ­дай туғызып отыр.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі агроөнеркәсіп саласында қатты байқа­лып жатыр. Соңғы бес жылда ауыл ша­руа­шылығы айналымына 274 мың гектар жер телімі тартылған. Осы жыл­дар­да сала кешенінің негізгі капита­лына 11 млрд теңгеге инвестиция құйыл­ған. 2013 жылы ауылшаруашылық өні­мін өндірушілеріне бар болғаны 215 млн теңге бөлінсе, тек өткен 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көр­­сеткіш 5 млрд теңгеден асты. Бұл мем­лекеттік қолдаудың нәти­же­сінде ауыл­шаруашылық өнімін өнді­ру­ші­лер­дің өнім өндіру және қарж­ылық мүмкіндіктері бірнеше еселеп артып, да­мығанын көрсетеді.

Аймақтың негізгі егіншілік саласында әртараптандыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Соңғы үш жыл­да дақылдар көлемі 6 мың гектарға ұлғайды.

Ақ күріштің гектар түсімділігі 7,6 цент­нерге көтерілуі есебінен өнім көлемі екі есе ұлғайды. Өткен жылы 502 мың тон­на өнім жиналды. Күрішті экспортқа шы­ғару жұмыстары жалғастырылып жатыр.

Ауылшаруашылық тауар өндіру­ші­лері мемлекет тарапынан және онда­ған несие қаржы ұйымдарынан тұрақ­ты қолдау көріп отыр. Бір ғана мал шаруа­шы­лығын дамытуға соңғы бес жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 23 есеге ұлғайған. Ал облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 29,6 процентке, жылқы 50,4 процентке, түйе саны 52,5 процентке көбейген. Оның ішінде соңғы бес жылда ұйымдастырған шаруашылықтарда ет өндіру 2,8 есеге, сүт өндіру 1,6 есеге артқан. Облыс малшылары мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және басқа бағдарламалар бойынша төрт түлік санын арттырып, оның өнімдерін өндіруде қолдау тауып отыр.

Қызылорда облысындағы агро­өнеркәсіп саласының ерекше екпінмен дамып келе жатқандығын өңірге іссапармен келген «Атамекен» ҰҚП төралқа төр­аға­сы Тимур Құлыбаев та атап айтып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғы­з­ғаны үшін аймақ басшысына риза­шы­лығын білдірген. Облыстың бұл са­ла­дағы жетістіктері өзге аймақтарға үлгі екен­дігін қадап айтқан. Ал бұл қалай мүмкін болды?!

– Біз 2018 жылды «Жаппай кәсіп­кер­лікті қолдау жылы» деп жариялап, тиісті жол картасын әзірледік және барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд теңге жинақтап, оның 3 млрд теңгеге жуығын стартап-жобаларына қарастырдық.

Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы бөлінуін күтпей-ақ, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөліп, өңір­лік инвестициялық орталыққа орнала­стыр­дық. Өйткені онда екінші деңгейлі банк­терге қарағанда пайыздық мөлшерлеме қол­жетімді, кепіл мүлік және несие беру саясаты ыңғайлы әрі ақша қайта­рым­дылығы жоғары. Одан бөлек микро­бизнеске қайтарымсыз грант беру мақ­сатында 200 млн теңге бөлінеді. Қазір­дің өзінде 800-ге жуық өтінім түсіп, ко­мис­сия қарауына берілді. Комис­сия­ның құрамында өңірлік кәсіп­керлер па­ла­тасының 4 өкілі бар, сондықтан шешім әділетті қабылданатын болады, дейді облыс әкімі.

Жақсы нәтижеге жету үшін әр ауылға жауапты тұлғалар бекітілген. Кәсіп­кер­лерге қызмет көрсету орталығы 40-тан астам қызмет түрін ұсынып, әкім­шілік кедергілердің азаюына оң ық­пал етті. Бүгінде шағын және орта би­знес саласында 80 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы жылдары бизнеспен айналысушылардың үлесі 22-ден 26 процентке жетті. Енді бұл көрсеткішті 45 процентке дейін ұлғайту міндеті тұр. Аймақ экономикасының әртараптандырылуы, шикізатты экспорттаудан бәсекеге қабілетті өзге де сала­ларға ауысуы айтулы жетістіктерге бастады.

Облыста жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған бастамалар­ды қолдау үшін Қызылорда өңірлік инвес­ти­ц­иялық орталығы жұмыс жасайды. Мұндағы ерекшелік, несие беруде және мүлікті кепілге қоюда халықтың мүм­кін­шілігіне мән беріледі. Бұрын қаржы инс­титуттары несие алғанда кепілге қою үшін атасының құнын сұрайтын. Ауыл­дағы қоржын там, ауыл­шаруа­шыл­ық жерін місе тұтпай несие құнынан екі-үш есе қымбат тұратын мүлік сұрап, кәсіпкерлерді ерқашты қылатын еді. Қырымбек Көшербаев орталықты 2016 жылдан бастап кәсіпкерлер палатасының сенімгерлік басқаруына беріп бұл мәс­е­лені оңтайлы шешті. Бүгінде өңірлік орта­лық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдар­ла­масында жетекші орынға ие болып отыр.

Міне, екі жеп биге шығудың ақиқаты. Осылайша, Қызылорда облысы кәсіпкерлерге мемлекеттік жәрдем беруде өзге облыстарға үлгі беріп отыр.

Мақаланың басында тәуекел туралы айттық. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Тағы да халық сө­зі. Жақсы кәсіпті ойға алғанымен тәу­е- кел­дің қайығына мінуге жүрексініп жүргендерге еңбекқорлығымен бүгінде мыңды айдаған бай, күні кеше ғана қозы қайырып, қой құрттаған Серік Мырзабаевтың еңбегі мысал.

Не тұрыс, енді...

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы