• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Футбол 08 Маусым, 2018

Хорватия құрамасы Ресейдегі Әлем чемпионатынан зор үміт күтеді

526 рет
көрсетілді

Шақпақ жейделі команда осы жолы өте мықты құраммен келгелі тұр. Бұл команданың ортадағы екі ойыншысының өзі неге тұрады. Бірі «Реал» Мадрид ойыншысы – Лука Модрич, екіншісі «Барселонаның» тірегі – Иван Ракитич. 

 

Өткелде бапкер ауыстырып, аман қалды

Хорватия біріншіліктің жасырын фаво­ри­ті саналғанымен, іріктеуден әрең өтті. Украина, Түркия, Исландия секілді мық­­ты ұжымдармен бір топқа түсіп, бір­ша­ма матч-

та теперіш көрді. Исландия мен Түркияға қарсы өткен екі ойында да шақ­пақ жей­делілер жеңіліп қалды. Іріктеу аяқта­лар­да өз алаңында Финляндиямен тең түсіп қалып, күтпеген қиындыққа тап болды. Бірақ соңғы ойында Украинаны сырт алаңда ұтып, топтағы екінші орынға иелік етті. Соның арқасында өтпелі ойынға қатысып, Грекияны тас-талқан ұтты. Бұл аралықта команда бас бапкері Анте Чачич қызметінен кетіп, орнына Златко Далич келді. Жаңа бапкердің келгені сол еді, құрама қайта түлеп, Әлем чемпионатына жолдама алды. Қазір жаңа бапкер көмекшісі Ивица Олич екеуі Ресей жерінде атой салуға дайындалып жатыр. 

Хорватия құрамасының басты артық­шылығы – қорғанысы. Еуропадағы іріктеу сынында бұл ұжым қақпасына небәрі 4-ақ гол жіберді. Бұл барлық іріктеуге қатысқан құрамалар ішіндегі ең жақсы көрсеткіштің бірі. 

Сағындырған – 98

Югославия мемлекеті ыдырағаннан соң, тәуелсіз ел болған Хорватия футбол қауымдастығы құрама командасын 1998 жылғы Францияда өтетін Әлем чем­пи­онатының іріктеуіне қатыстырды. Алғашқы жарысында жолы болған хорваттар Франция жерінде жарқ етіп көрінді. Команда сенсация жасап, мундиальдің қола жүлдесіне қол жеткізді. Ал шабуылшы Давор Шукер 6 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. Одан кейін бұл ұжым 2002 мен 2006 жылдардағы біріншіліктерде осы нәтижесін қайталай алмады. Қиын қарсыластар тап болып, өз тобынан шыға алмады. Ал 2010 жылы ОАР-да өткен жаһандық жарысқа тіпті өте алмай қалды. Іріктеуде іркілген Хорватия осы оқиғадан соң футболшылармен қоса бапкерлерді де тегіс ауыстырды. Бразилиядағы чемпионатқа шығып, тағы да топішілік матчтарда сүрінді. Чемпионаттың алғашқы ойынында Бразилиядан жеңіліп, екінші матчта Камерунды 4:0 есебімен ұтты. Соңғы шешуші ойында Анте Ребич шәкірттері Мексикадан жеңіліп қалып, чемпионатпен ерте қош айтысты. 

«Ажал тобы»

Хорватия жеребе бойынша «D» тобына түсті. Бұл топты журналистер «ажал тобы» деп бағалады. Себебі мұнда жоспары жойқын Хорватиядан бөлек, кез келгеннің апшысын қуыратын Аргентина, іріктеуде дәл осы хорваттарды жеңген Исландия және қара құрлықтың қабыландары Нигерия бар. Соңғысымен Лука Модрич бастаған футболшылар 16 маусым күні Калининград қаласында кездеседі. Одан кейін 2-турда Аргентинамен шайқасып, үлкен сынақты бастан кешеді. Ал шешуші ойын 26 маусым күні Исландияға қарсы болатын секілді. 

Хорватиялық жанкүйерлер көбінесе Италияның «А» сериясында ойнап жүрген шабуылшыларына сенім артады. Марио Манджукич, Иван Перишич, Никола Калиничтер үш бүйірден қысқанда әлгі аталған үш құраманың қорғанысы шытынауы тиіс. Болжам бойынша Хорватия өз тобында Аргентинаны алға салып екінші орын алуы ықтимал екен. Егер жағдай осылай өрбитін болса, онда шақпақ жейделілерді «С» тобының көшбасшысы болуы мүмкін Франция күтіп тұрады. Сондықтан да көрші топта екінші орын алуы ықтимал Дания, Перу, Аустралия секілді ортаңқолдармен ойнау үшін хорваттар Лионель Месси бастаған «Альбиселесте» командасын артқа тастауы қажет. 

Ермұхамед МӘУЛЕН,  «Егемен Қазақстан»