Бірер күннен кейін елорда төрінде Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен «Нұр келбетті Астана» атты халықаралық көркемсурет фестивалі басталады. Айтулы мереке қарсаңында бас қаланың айшықты келбеті отандық және шетелдік көркемөнер шеберлерінің қылқаламына арқау болмақ.
Көптен күткен өнер жәрмеңкесіне отандық суретшілермен қоса Бразилия, АҚШ, Еуропа, Ресей, Жапония, Үндістан сынды әлем елдерінен даңқты қылқалам шеберлері арнайы шақырылған. Олардың қатарында Ұлыбританияның Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапонияның акварельмен бейнелеу өнерінің хас шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер мектебінің тәлімгері Жизель Улисс, Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландияның ретроспективалық көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу, сонымен қатар Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспанов, Тілеужан Батанов сынды отандық суретшілер де бар.
Қылқалам шеберлерін бір өнер ордасына жинаған көркемөнер фестивалі қарсаңында елордаға келген алғашқы меймандар өз ойларын білдірді. Мәселен, Үндістаннан ат басын бұрған акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Рам Вираньян: «20 жыл көп уақыт емес. Алайда осы мерзім ішінде елорданың еңсерген жетістіктері таңдай қақтырады. Көркемсурет фестивалінен тек жарқын сәттер мен жағымды әсер алатыныма сенімдімін» десе, бразилиялық суретші Жизель Улисс: «Астанадан алған алғашқы әсерім керемет: халқы қонақжай, қала таза әрі заманауи. Астананың 20 жылдығы қарсаңында күннен-күнге өркен жайып келе жатқан шаһарды өз көзіммен көргеніме өте қуаныштымын», деп лебізін жеткізді.
Елорданың 20 жылдық тариxын, мәдени жетістіктері мен қонақжай xалқын таныстыруға бағытталған көркемсурет мерекесі аясында отандық және шетелдік шеберлер жаздың жаймашуақ күндерінде жеке қалаулары бойынша Астананың көрікті жерлерін кенеп бетінде көмкермек. Аталған көркемсурет фестивалі Ұлттық музейде ұйымдастырылады. Сондай-ақ қылқалам шеберлері Оқушылар сарайында және Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында дегдар өнерге қызығатын дарынды тәлімгерлер үшін шеберлік сабақтарын өткізбек. Фестиваль 12 маусымда бас-
талып, ай соңына дейін жалғасын табады. Танымы терең, талғамы биік көрермен үшін шетелдік шеберлерді шабыттандырған әсем шаһарды өзге қырынан тамашалаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»