• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2010

ЖАЗАЛАУҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҢАША КӨЗҚАРАСТАР

1174 рет
көрсетілді

* Судья­лардың ше­шім шығарған кезде, асы­ғыс­тыққа бармай, жа­салған қылмысты бай­ыпты түр­де зерт­теп, терең талдай бі­луі­нің, кәсіби білік­тілігінің берері зор. * Қылмыстық ко­декс­тің кей­бір бапта­рын өз­гер­ту көп жағ­дайда ке­рек­сіз болуы да әбден мүм­кін. Сон­дықтан да, декрими­на­лиза­ция­лауды кезең-кезеңмен жүзеге асыр­ған жөн. Жиынды ашып, сөз сөйлеген Бас прокурор Қайрат Мәми қыл­мыстық саясатты одан әрі ізгілен­діру – елімізде бүгінгі таңда жүр­гізіліп отырған қылмыстық сая­сат­тағы басым бағыт болып есеп­те­лі­нетіндігін айтты. Оның өзіндік се­бептері де жеткілікті, мәселен, қо­ғамдық үлкен қауіп-қатер төндір­мейтін жекелеген қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарына ауыстырудың маңызды­лығы зор. Сонымен қатар, мұндай қадамның құқық қорғау органдары қызметкерлері жұмысының тиім­ділігін, сапалылығын арттыруға да айтарлықтай ықпал ететіндігі, яғни олардың өте ауыр қылмыстармен тү­бегейлі айналысуына мол мүм­кіндік беретіндігі айтпаса да түсінікті. Еліміздегі қылмыстық саясатты одан әрі жетілдіру қылмыстық, қыл­мыстық – іс жүргізу және қылмыстық – атқару құқықтарын кешенді, өзара байланысты түрде қарастыруды қажет етеді. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, негізінен бас бостандығынан айыру жаза­ларын берген кезде қылмыстың ауыр, жеңіл немесе орта сипаттағы түрлеріне байланысты әділ шешім шығару, яғни мүмкіндігінше айып­талушыны қоғамнан оқшауламауға күш салудың тиімділігі мол. Сон­дықтан да келешекте жекелеген қыл­мыстар үшін жазалау іс-ша­ра­лары айыппұл, кепілдік алу түрінде қолданылуының маңыздылығы мол болмақ. Әрине, қоғамдық және түзету жұмыстарына тартылған айып­талушыларға салынған айып­пұл көлемі олардың жасаған қыл­мысының жеңіл немесе ауыр­лы­ғына байланысты болмақ. Сонымен қатар, түзету мекемелеріндегілердің конституциялық құқықтарының бұзылмауына ықпал етіп, тосқауыл қою бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыру бүгінгі таң­дағы басты мақсат, ауқымды міндеттердің біріне айналуда. Міне, осы және өзге де мәсе­лелер төңірегінде Президент Әкімшілігі Басшысының орын­ба­сары Талғат Донақов, Конститу­циялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Бас прокурор Қайрат Мәми, Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл Асқар Шәкіров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент депутаттары, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар өкілдері өз ойларын ор­таға салды. Конституциялық кеңес­тің төрағасы Игорь Рогов еліміздегі құқық қорғау органдары қызме­тіндегі жұмыс әдістерін, азаматтар құқығын қорғауды жетілдіріп, халықаралық жоғары стандарттарға сай келетін жүйені құрудың қажет­тілігі зор деп есептейді. – Менің ойымша, құқық қор­ғау органдарының қылмыстардың жекелеген құрамдарын декримина­ли­зациялау туралы ұсыныстары жан-жақты әрі түбегейлі сарапта­ма­ны қажет етеді. Сол себептен де, бұл мәселеде тым асығыстыққа бармай, байыптылық таныту ма­ңыз­ды. Қылмыстық кодекстің кей­бір баптарын өзгерту көп жағдайда керексіз болуы да әбден мүмкін. Сондықтан да, декриминализа­ция­лауды кезең-кезеңмен жүзеге асыр­ған жөн. Анығырақ айтқанда, қыл­мыстық-жазалау шығынының көле­мін қайта қарастыру арқылы шешкен ыңғайлы сияқты,– дейді Игорь Рогов. Мемлекет басшысының қазақ­стандықтарға биылғы Жолдауында еліміздегі барлық құқықтық жүйені, сонымен қатар қылмыстық-атқару, қоғамды модернизациялау туралы жаңа міндеттер қойылғандығы бел­гілі. Жоғарғы Сот Төрағасы Мұса­бек Әлімбеков қылмыстық-құқық­тық саладағы заңнаманы либера­ли­зациялаудың өзектілігіне кеңінен тоқталды. – Қоғамдық үлкен қауіп ту­дыр­майтын қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылық санатына жат­қызудың, адамды қоғамнан оқ­шау­лау сияқты жазаларды азайтудың артықшылықтары жеткілікті. Алай­да, айыпталушыны әкімшілік жаза­ға тарту барысында тәртіп бұзу­шылық тағы да қайталанатын бол­са, сонда ғана қылмыстық жазаға тарту мәселесін қолға алуымыз керек, әкімшілік презумпция деп отырғанымыз да сол. Қылмыспен келген әрекеттің шығынын толтыру жолдары мен тиімді әдістері туралы судьялардың былтырғы жылғы қара­ша айында өткен V съезінде мәселе қозғалған. Жәбірленуші мен айып­талушының ортақ келісімге келуінен көп сауалдың орнықты жауабы табылады емес пе? Судья­лардың шешім шығарған кезде, асығыстыққа бармай, жасалған қылмысты байыпты түрде зерттеп, терең талдай білуінің,+ кәсіби білік­тілігінің берері зор. Ең бастысы, қандай жағдайда болмасын, адам құқықтары бұзылмауы – басты талап. Көпшілікке жақсы белгілі, мемлекет барлық азаматтардың құқық­тарын қорғауға кепілдік беріп отыр. Қылмыс жасағандардың дүние-мүліктері тәркіленіп, оларға айыппұл да салынады. Бұл орайда назар аударатын бір жәйт – сол жинақталған қаражаттардың барлы­ғы дерлік бізде бір бағытта жүреді. Анығырақ айтқанда, бұл қаражат түгелдей мемлекеттің бюджетіне кетеді, бірақ бұл міндетті түрде бюд­жетке аударылатын салық емес қой. Негізінде мемлекет бюджеті салық есебінен ғана құралуы керек. Олай болса келешекте мұндай қыл­мыстық әрекеттен түскен қаражат­тар­ды бір қорға жинастырған тиімді. Көпшілік пікірінше, сол қордан қылмыстан жапа шеккен адамдардың қыруар шығынын өтеп берген орынды болар еді. Ойлана білсек, мұның өзі де ізгіліктің бір белгісі емес пе. Жәбірленушіге ең қажеттісі де айыпталушының темір торға қамалғаны емес, керісінше, өз уысынан кеткен шығынды уақыт өткізбей қайтып алу екендігі даусыз,– дейді Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков. Шындығында да, сала басшы­ла­ры атап көрсеткеніндей, айып­та­лушыларды қатаң жазалау арқылы елімізде қылмыс атаулыны мүлдем жойып жіберуге болады деген ұғым дұрыс емес. Өйткені, жазалау – қылмыспен күрестің бір ғана бөлігі. Түптеп келгенде, қылмысты жою, қо­ғамда қылмыстық әрекеттерді азайту және оның ауқымын айтар­лықтай мөлшерде төмендету – мұның өзі жан-жақты әрі маңызды мәселелерге тығыз байланысты. Бұл ең алдымен, қоғамның өсіп-өр­кендеуі мен мәдениетінің дең­гейіне, ұлттық ұлағатты тәрбиеге, әлеуметтік-экономикалық ахуалға тәуелді екендігі айдай ақиқат. Бір құптарлығы, еліміздің құқық қорғау органдарының қызметі уақыт өткен сайын жетілдіріле түсуде екендігін шетелдік сарапшылар да атап айтуда. Еліміздегі қылмыстық саясат­тың жағдайы және оны либера­ли­зациялаудың негізгі бағыттары әңгіме өзегіне айналған кеңейтілген жиынға қатысушылардың көпшілігі құқық бұзушыларға белгіленетін жаза түрлерінің кеңейтіліп, ізгі­лендіріліп, мүмкіндігінше олардың қоғамнан оқшауланылмауына мүд­делі екендігін жасырмады. Мем­ле­кет басшысының биылғы Жол­дауын­да қамау орындарынан боса­тыл­ғандарды оңалту іс-шаралары, оларды жұмыспен қамтамасыз­дан­дыру төңірегінде маңызды мін­дет­тер алға қойылғандығы мәлім. Түзе­ту мекемелерінде жазаларын өтеп шыққандарды реабили­та­ция­лау, әлеуметтендіру іс-шаралары­ның өте күрделі мәселе екендігін кездесуде Бас прокуроры Қайрат Мәми ашып айтты. “Бүгінгі күннің басты талабына айналып отырған бұл істің шешімі – құқық қорғау органдарының күш-қуатымен ғана шешілмейді. Кезек күттірмейтін іс-шараның тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік құрылымдар, ғылыми орта мен қоғамның игі ықпалы мен қамқорлығы өте қажет”. Келешекте атқарылатын жобалар арасында жа­засын өтегендерді мамандықтарға тарту, сондай-ақ оларға психоло­гия­лық көмек беру және өзге де бірқатар жұмыстар бар. Сонымен, еліміздегі қылмыстық-құқықтық саладағы заңнаманы одан әрі же­тілдіру, қылмыстық саясатты ізгі­лен­дірудің келешегі – Қазақ­станның одан әрі қарыштап да­муын­дағы ең басты шарт болып қала бермек. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы. УӘДЕМЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ? Атырау облысында жемқорлықпен күрес мәселесі қалай жүзеге асып жатыр? Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында партия жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы О.Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен кеңестің 13-ші отырысында осы мәселе кеңінен талқыға түсті. Сондай-ақ кеңес мүшелігіне Сенат және Мәжіліс депутаттары Қ.Айтаханов пен Н.Әбдіров қабылданғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының орындалуы бойынша “Нұр Отан” ХДП мүшесі, Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев баяндама жасауы керек болатын. Алайда әкім есептік кездесу­ге қатысатынына байланысты келе алмаған, оның орнына баяндаманы  бі­рінші орынбасары Болат Дәукенов жасады. Ол облыстық әкімдік жұмы­сы баршаға ашық екенін айта келіп, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Жол кар­тасы” және “Таза ауыз су” бағдар­ламаларының орындалуы барысын қа­дағалайтын 99 партиялық бақылау бекетінің жұмыс істеп тұрғандығын атады. Болат Асылұлының айтуынша, анықтамада көрсетілген мәліметтер шындыққа жанаса бермейді. Мәсе­лен, ауыз су бағдарламасына бөлінген 40 миллиард теңгеден ысырап бол­ғаны тек 0,3 пайыз ғана. Ал 97 лауа­зым иесінің және соған теңестірілген тұлғалардың тек 32-сі мемлекеттік қыз­меткер екен. Облыс әкімінің бірінші орынбасары баспана беру мәселесінің комиссия шешімімен жүзеге асатынын, ал жер телімдерін беруде жылына 3-4 мың арызды қанағаттандыру барысында қателік кетуі мүмкіндігін алға тартты. Есе­сі­не, мемлекеттік қызметкерлер жал­ақы­ның мардымсыздығына байла­ныс­ты жеке компанияларға кетіп жа­тыр. Олар 3-4 есе көп төлейтіндіктен, біздер жас мамандарды тәрбиелеуге үлгере алмаудамыз, дейді Б.Дәукенов мырза. Өңірде, сонымен қатар мұға­лімдер мен дәрігерлердің жетіс­пеу­шілігі проблема ретінде көтерілді. Құқықтық статистика орган­дары­ның дерегіне қарағанда, Атырау облы­сында бірнеше жыл қатарынан жемқорлықтың жоғары деңгейі сақталып тұр. Өткен жылы жем­қор­лық сипаттағы 116 қылмыс жасалса, оның арғы жылы бұл көрсеткіш 104 болыпты. Осы ретте Атырау облы­сындағы орын алған жағдайларға Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева назар аудартты. Мәліметтерге қарағанда,  облыста орын алған қылмыстық жағдайлардан отын-энергетика кешеніне 269 мил­лион теңге зиян келтірілсе, білім беруде – 115, ауыл шаруашылығында – 25 және денсаулық сақтау са­ласында 15 миллион теңгеге жетіпті. Ал салықтан жалтару оқиғасы 75-ке жетсе, одан келген шығын 19 мил­лиард теңгені құрапты. Коммерциялық құрылымдардың өзі азаматтар мен мемлекетке 7 миллиард теңге зиян шектіргені бел­гілі болып отыр. Әсіресе, мұнай өн­діру саласындағы келтірілген шы­ғындар көлемі 11,5 миллиард теңгені құраса, басқа салаларда да көптеген кемшіліктердің анықталғаны көлде­нең тартылды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар Атырау қаласы, Жылыой және Мақат аудандарында жоғары деңгейде сақталып отыр екен. Мы­салы, Жылыой ауданында осындай қылмыс түрі 2008 жылмен салыс­тырғанда 2,5 есеге артыпты. Айгүл Сағадибекқызы Атырау қаласы мен Қызылқоға, Индер және Мақат аудандарының әкімдері жемқорлық әрекеттеріне орай әлі күнге жауап­кершілікке тартылмай келе жатқанын атап көрсетті. Отырыста партияның Жемқор­лыққа қарсы медиа-орталығының журналистері әзірлеген бейне­фильмдер көрсетілді. Онда Комсомол кентінде ауыз су құбырын тартуға 137 миллион теңге бөлініп, облыс әкімінің мәліметінде ол пайдалануға берілді деп көрсетілгенімен, оның тек қағаз жүзінде орындалғаны белгілі болды. Осы кенттен 80 шақырым жерде “Қошқар” елді мекені орын тепсе, мұндағы тұрғындар бүгінде ешкімге керексіз күйде күн кешуде екен. Мұнда бір кездері мұнай өндірілсе, ол таусылған соң ауыл өзінше қарекет етуге мәжбүр болып отырғандай. Қан майданда жаудан тайсалмаған қарт жауынгердің 4 айдан бері төсек тартып жатқан халі отырғандарды бей жай қалдырмады. Сондай-ақ, Махамбет ауданында салынған тұрғын үйлер сапасы сын көтермейді екен. Арнайы комиссия қабылдап алғанымен, қабырғалары жарылып, едендері ойнап тұр. Енді сол 52 коттедждің алушылары болма­ғандықтан, алыс ауылдардан көшіп келгендерге тапсыру қолға алыныпты. Кеңес төрағасы өз кезегінде 800 мыңға жақындаған Астананың өзінде 4 көпір ғана бар екендігін айта келіп, 250 мың тұрғыны бар Атырауға 7 көпірдің қажеті қанша еді деген пікірін де білдіре кетті. Төраға одан да бұл қаржыларды тұрғын үй салуға жұмсау керек пе еді деген ойымен де бөлісті. Осылайша талқыға түскен мәселе бойынша бірқатар ұсыныстар қабыл­данып, айтылған кемшіліктерді жоюға қатысты облыс басшы­лығының уәдесі алынды. Бұдан кейін Партиялық бақылау комитеті хатшылығының инспекторы Батыр­хан Әшитов кеңес қаулыларының орындалуы бойынша есеп берді. Артынан партияның жемқорлыққа қарсы ең үздік плакат бойынша ашық конкурсы жеңім­паздарын марапаттау рәсімі болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ