• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2018

Премьер-Министр Маңғыстау облысының активімен ШОБ дамыту мәселелерін талқылады

321 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірдің активімен және бизнес өкілдерімен Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауын, «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Кездесу барысында технологиялық жаңғырту, цифрландыру, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды даярлау және облыста бизнесті дамыту мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр облыстың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру тұрғысынан жоғары әлеуетін атап өтті. Бақытжан Сағынтаев «7–20–25» бағдарламасы аясында тиімді шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу, шағын несиелер арқылы бизнесті дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ, заманауи талаптарға сай, қолжетімді сапалы білім алу мәселелерін түсіндіріп берді.  

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру тұрғысынан өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту, соның ішінде төртінші өнеркәсіптік революция, технологиялық жаңғырту, цифрландыру, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау, еңбек ресурстарын басқару, сондай-ақ өңірде бәсекелестік пен бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов баяндады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірде оң даму қарқыны байқалады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 96,9%-тен 100,1%-ке дейін өсті. Осы жылдың бес айында бұл көрсеткіш 100,5% жетті.

2018 жылы 35 жаңа индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған, олар қосымша 5 693 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Облыс әкімі аса ірі жобалар ретінде тоқыма фабрикасын, газ–бу қондырғысын, Құрық ауылында қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр суды құрайтын теңіз суын тұщыландыру зауытын, «Емір Ойл» компаниясының мұнай және газ дайындау кешенін атады.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында 2018 жылы 916 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осылайша тұрғын үйді берудің жыл сайынғы өсімі 10% құрайды, 2025 жылға қарай облыстың әрбір тұрғынына көрсеткіш 30 шаршы метрді құрайтын болады.

«7–20–25» бағдарламасы бойынша облыстың әрбір тұрғынына 25 млн теңге көлемінде несие сомасы бекітілген. Студенттерді үй-жаймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 2 600 орынға 6 жатақхана салынады. Бүгінде жер телімдері бөлінген.

Жүргізіліп жатқан технологиялық жаңғырту мен цифрландыру туралы өзінің тәжірибесімен аймақтағы ірі кәсіпорындардың өкілдері бөлісті: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ директор Б. Иманбаев, «Қаражанбасмұнай» АҚ вице-президенті Н. Әбдірахманов, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директоры Қ. Әбдірәсілов.

Цифрландыруды енгізу тақырыбын жалғастыра отырып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиев аталмыш бағытта жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтты. Мемлекет басшысы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында кәсіпорындардың Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге әзірлігі бағаланып, жүйелі кедергілер айқындалды. Жүйе құрушы кәсіпорындарды цифрландыру бойынша нақты жобаларды іске асыруға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2025 жылға дейін барлығы 146 млрд теңге сомасына 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Іске асырудан экономикалық тиімділік 2025 жылға дейін 280 млрд теңге деңгейінде күтіліп отыр.

Сонымен қатар А. Жұмағалиев цифрландырудың арқасында барлық лицензиялар мен рұқсатнамалар электронды форматта рәсімделетінін айтты, сонымен қатар азаматтарға 40 млн жуық анықтаманы ұсыну қажеттілігі жойылады.

Осылайша, мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қажетті ақпарат автоматты режимде көрсетіледі.

Қатысушылар кәсіпкерлік туралы жаңа заңға ерекше көңіл бөлді. Мәселен, қайта реттеу бойынша жаңа шараларға «Caspian LPG» ЖШС директоры Д. Клинчев, «Салют және К» ЖШС директоры Х. Измаилов және директор ТОО «Юнитрейд» ЖШС директоры Б. Ысқақов қолдау білдірді.

Заңда 20 бақылау түрі алынып тасталып, бақылау функциялары 30%-ке азаяды. Нәтижесінде бизнестің бақылау-қадағалау жүктемесі едәуір төмендейді. Сонымен қатар алуан түрлі есептерді тапсырумен байланысты ақпараттық құралдар саны 30%-ке азаяды. Заң аясындағы тағы бір жаңашылдық табиғи монополиялар субъектілері көрсететін міндетті қызметтерді реформалауға қатысты. Енді олар әр тоқсан сайын өзінің интернет-ресурсында бос және қолжетімді қуаттылықтар, сондай-ақ инженерлік коммуникация схемалары туралы ақпаратты жариялап отыруға міндеттеледі.

Ағымдағы жағдай және аймақта ШОБ дамыту перспективалары туралы сонымен қатар «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов айтып берді.

Кездесу барысында  өз бастамаларымен ардагер Б. Тұрарбеков сөз сөйлеп, Маңғыстау облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне назар аудартты.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өзекті тақырыптар бойынша білдірілген ұсыныстар мен пікірлердің маңыздылығын атап өтті. Кәсіпкерлік қолдауға бағытталған барлық ұсыныстар Үкіметтің ерекше бақылауында және бизнес қауыммен бірлесе отырып шешілетін болады.