Көкшетаудың облыстық газеті редакциясында он бір жыл, аудандық газеттерінде он төрт жыл, кейін еліміздің бірқатар орталық органдарында, оның ішінде Парламент Мәжілісі мен Сенаты аппаратында, республикалық «Қансонар» журналында абыройлы қызмет атқарған Қапез Қожахметов «Қаламгер әулеті» атты жинағын баспаға ұсынған болатын. Ол таяуда жарық көрмекші.
Кітаптың алғысөзін жазған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының экс-депутаты Жабал Ерғалиев: « Көкшеде бір ғажайып жер бар! Ол – Зеренді!.. Осы Зерендіге лайықты атақ-даңқымен және танымал шығармаларымен елін сүйсіндіріп жүрген қаламгер Мағира Қожахметова дер едім. Мағира әпкеміз де өзінің бойына ана сүтімен біткен талантын жарқырата ашып, көрсете білді. Қаламының қарымдылығымен, ойының тереңдігімен, тілінің шұрайлылығымен, сөзбен кесте тіге білер зергердей шеберлігімен қалың оқырманының ықыласы мен пейіліне ерте бөленді. Бұдан кейін әпкеміздің қаламынан қазақ әдебиетінде бұрын-соңды қалам тартылмаған тақырыптағы көркем дүниелер келді. Адам жаны мен адам сезімінің тылсым сырларын аша келген Мағира Қожахметова шығармалары құбылыс деп танылды.
Өз басым осы әулеттің тағы бір көшелі азаматы Қапезбен Көкшетауда, сол кездегі «Көкшетау правдасы» газетінде бірге қызмет жасадық. Турашыл мінезі бар Қапез адал да абыройлы азамат. Жазған дүниелерінде кесек-кесек ойлар жатады. Және де еңбекқор әрі ізденімпаз жан. Көкшетаудың бірнеше аудандарының газеттерінде редактор болып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен де танылған-ды. Ал Мағира әпкеміздің туған сіңлісі, Қапездің қарындасы Сәлимамен сол кездегі КазМУ-дің журналистика факультетінде бірге оқып, бірге бітірдік. Сәлима өте салмақты әрі биязы, көркем мінезді жан. Бар ғұмырын баспасөз саласына арнады.
«Қаламгер әулеті» деген кітаптың қолжазбасы қолыма тиіп, оқып шыққан соң осы бір ойлар оралып еді. Жалпы, бұл кітапты бір әулеттің ғұмырнамалық дерегі деп қана қарастырмай, мұнда сол кездегі ауыл өмірі мен сол кездегі ауыл адамдарының мінездері мен өмірлері жатыр. Бір әулеттің өмірінде үлгі де, өнеге де жатыр. «Қаламгер әулетінің» көпшілікке жан қуанышын сыйлары да анық» деп атап көрсеткен.
Міне, Парламент Сенатында депутат болып қатарлас қызмет атқарған қабырғалы қаламгер Жабал Ерғалиевтің Қожахметовтер әулетіне, оның ішінде өзіміз тілге тиек еткелі отырған журналист жерлесіміз, ақын әрі аудармашы Қапез Қожахметовке берген бағасы осындай.
Өз басым Қапез Дәулетбекұлымен ол облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясында істеген жылдары танысқан едім. Алғаш рет Ленинград аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып істеп жүргенімде іссапармен арнайы келіп аупартком конференциясына қатысып есепті материал жазғаны есімде.
Көкше өңіріндегі көптеген жас талап журналистер талантының жарқырап ашылуына қамқоршы, тәлімгер ұстаз бола білген жазушы, журналист, жайсаң жанды Жанайдар Мусинді осы орайда бір еске алған жөн деп білемін.
– 1985 жылдың жазында Жанайдар аға мені өзіне шақыртып, облыс орталығынан шалғайдағы Уәлиханов аудандық «Шалқар» және «Простор» газеттеріне редактор болып баруыма ұсыныс жасады, – деп алыстап кеткен сол бір жылдарды еске алады Қапез Дәулетбекұлы. – Ол кезде мен осы газеттің Щучье, Еңбекшілдер және Уәлиханов аудандары бойынша меншікті тілшісі едім. Барғым келмей бұлталақтап көріп едім, Жанайдар аға қарамағында істейтін журналистердің бір де біреуінің барғысы келмейтінін, ал обкомның қайткенде бір кісі тауып бер деп соңынан қалмай қойғанын, егер кісі таппаса облыстық партия комитеті алдында ыңғайсыз жағдайда қалатынын айтып табандап тұрып алды. Сөйтіп он бір жыл ойдағыдай қызмет атқарған облыстық газетпен, «Арқада жер жетпейді Бурабайға» деп Мағжан және басқа да талай ақын жырлаған сұлу өңірмен қош айтысып, бірер күннен кейін Уәлихановқа келіп жеттім.
Иә, бұл шалғайдағы ауданда редактор болып қызмет атқару Қапез Дәулетбекұлына оңай соққан жоқ. Он сегіз нөмірі шықпай тұралап қалған, әсіресе білікті кадр жетіспейтін, екі тілде қатар шығатын аудандық газеттердің жұмысын қаз тұрғызып қатарға қосу үшін қаншама еңбек етіп, тер төгуге тура келді.
Редакцияда Арвид Григорьевич Серебренников деген тәжірибелі журналист жұмыс істейтін. Қаламы жүрдек, ойы ұшқыр. Бірақ анда-санда қызып алып, бүлдіретіні бар екен. Бірде жұмыс аяқталуға таяп қалған кезде редактордың орынбасары Әбіл Кочубаевтың аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, А.Серебренниковты редакциядан алып кетуге өтініш жасап жатқанын естіп, өзіне-өзі сенбеді. Сөйтсе, бұл кәдімгі әдеттегі жағдайға айналып кетіпті. Осындай сорақылықты көріп жұмысқа енді ғана кірісе бастаған редактор жағасын ұстады. Бірақ журналисті уақытша оқшаулау орнына жіберуге үзілді-кесілді қарсы болды.
Бір айдай бос жүрді де, редакцияға қайта келді.
– Қапез Дәулетбекұлы, арақты қойдым. Енді қайтып мүлде ішпеймін. Жұмысқа қайта алыңызшы, – деп өтінді.
– Онда былай болсын, – деді редактор жаңылыс басқан журналиске барлай қарап. – Мен сізді қайта жұмысқа алайын. Тек бір ай сынақ мерзімімен. Егер осы уақытта «баяғы әніңізге» қайта басатын болсаңыз, тап сол күні жұмыстан шығарыласыз. Уәде ме?
– Уәде, – деді жүзі күлімсіреп шыға келген Арвид Григорьевич, – Алаң болмаңыз, сеніміңізді ақтаймын. Ал өткенде милицияға жіберілуден қорғап қалғаныңыз үшін көп рахмет.
Шындығында да, ол сөзінде тұрды. Редакцияның белді қызметкерлерінің біріне айналды. Сегіз жылға жуық шалғайдағы ауданда қос тілде шығатын газетті шығару барысында кадрдың жетіспеуіне байланысты Қапез Дәулетбекұлына басылымның редакторы, аудармашысы әрі жауапты хатшысы да бір өзі болып жұмыс істейтін кездері аз болған жоқ. Осы орайда жұмысты әуел баста Зеренді аудандық газетінде аудармашы болып бастауының, он бір жылдай облыстық газетте қызмет істеп ысылуының көп септігі тиді.
1993 жылдың қысында облыс орталығының тап іргесіндегі бұрынғы Көкшетау ауданының жаңадан ашылған «Бұлақ» газетінің ең алғашқы әрі соңғы редакторы болды. Бұлай дейтініміз, 1997 жылдың жазында бұрынғы Көкшетау облысы, оның ішінде Көкшетау ауданы да қысқартуға ілікті. Ауданның жері мен елді мекендері Зеренді ауданына қосылды. Бұл ауданның әкімі А.Н. Вибе деген неміс азаматы, бұған дейін Уәлиханов аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған, тіпті Қ.Қожахметовпен көрші тұрған болатын. Алайда жеке басының қарсылығы, әлде басқа бір себебі болды ма, әйтеуір қазақша шығатын «Бұлақ» газетін аудан бюджетіне алғысы келмеді. Тіпті аудан ақсақалдарының, газет жанашырларының да айтқандарын құлағына ілмеді.
«Қырсыққанда қымыран іриді» деп бекер айтылмаса керек, осы ауданға қызмет етуге келгенде берілген үй жергілікті кеңшарда бас инженер болып қызмет істеген С. Хаметов дегеннің жекешелендіріп алған үйі болып шықты. Аудан әкімдері К.Жүсіпбеков пен Т.Жақыповтың басқа үй бермекші болған уәделері сөз жүзінде қалды. Содан үйді тастап пәтер жалдап шығудан басқа амалы қалмады. Сөйтіп қырық тоғыздан елу жасқа қараған шағында үй-күйсіз, жұмыссыз бір жылдай отырып, амалсыздан Астанаға қоныс аударуға мәжбүр болды.
Ә дегенде Әділет министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту және аударма бөліміне бас маман болып жұмысқа орналасудың сәті түсті. Бұл ретте де кезіккен қиыншылықтар аз болған жоқ. Бұрын компьютермен жұмыс істеп көрмегендіктен оны тез арада үйренуге тура келді. Әрине табиғатына тән табандылығы септігін тигізді. Осы бөлімде үш жылдай жұмыс істегеннен кейін Парламент Мәжілісінің редакциялық-баспа бөліміне келісімшарт бойынша ілеспе аудармашылыққа жұмыс істеуге шақырылды. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінде мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы, Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің бас консультанты, Энергетика министрлігінде бас маман болып ойдағыдай қызмет атқарды. 2004 жылдың күзінде Парламент Сенаты аппаратының редакциялық-баспа бөліміне алынып, қатардағы сарапшыдан бас консультантқа дейінгі жолдан абыроймен өтті. Осы жылдар ішінде қаншама заңдардың қазақша мәтініне лингвистикалық сараптама жасап, ана тілімізде жатық шығуына, ел өмірінің сан алуан саласын реттейтін заңнамалық актілерді әзірлеп қабылдауға, жалпы заңнама саласында мемлекеттік тілді қалыптастыруға қомақты үлес қосты. Заңнамалық терминдердің орысша-қазақша сөздігін құрастыруға белсене қатысты.
2010 жылдың қарашасында Сенат аппаратында да штатты қысқарту жүргізілді. Зейнеткерлікке шығуына төрт ай қалғанда осы бөлімге кейінірек келген мемлекеттік қызметшілердің қысқарып кетуіне кесірім тимесін деген ниетпен өзі сұранып қысқартуға ілікті. Өйткені бұл қызметшілер қысқартуға ұшыраған жағдайда тиесілі өтемақы алудан қағылатын еді. Бұл енді Сенат аппаратында бұрын-соңды болмаған, бәлкім, бұдан кейін болуы да екіталай жағдай еді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Келісімшартпен Жоғарғы сотта, Бас прокуратурада аудармашы, жоғарыда атап өткеніміздей, аңшылар қауымдастығының басылымы «Қансонар» журналында бас редактордың міндетін атқарушы, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Жанымызда жүрген жақсы адамдар туралы, өмірден өтіп кетсе де өнегелі ізі қалған тұлғалар жайлы жазудан әсте жалыққан емес. Көкшелік айтыскер ақын Көкен Шәкеев, тағдыр теперішін көп көрген жазушы Ибрагим Салахов, қайсар қаламгер, ақын Елубай Жәкенов, үлкен-үлкен қызметтер атқарған қоғам қайраткері, ұлтымыздың, табиғатымыздың қайтпас қайсар жанашыры, жазушылықтан да құралақан қалмаған Қасым Тәукенов, еліміздің теріскей жағындағы бес облысын Ресейге қосып алмақшы болған сол кездегі одақ басшысы қасқабас Хрущевтің өзіне қарсы шығып, аман алып қалу жолында неден болсын тайынбай, басын бәйгеге тіккен қазақтың қайсар ұлы Жұмабек Тәшенов, жазушылық пен аудармашылық тізгінін қатар ұстап келе жатқан Мәди Айымбетов, Бақытжан Әзірбаев, Есенқұл Сафуани, Орынбек Жолдыбай, Мұсахан Басшыбаев, зейнеткерлік жасқа жете алмай дүниеден өткен әріптес досы, мейлінше ақкөңіл де адал азамат Әбен Жұмаш және басқа да жайсаң жанды азаматтар туралы жазған ойлы мақалалары, көркем суреттемелері мен очерктері, эсселері мен өлеңдері республикалық басылымдарда, Ақмола облыстық «Арқа ажары» «Бұқпа» газеттерінде, «Жер шоқтығы» журналында жарияланып келеді.
Қорыта айтқанда, қаламгерлік пен аудармашылықтың жүгін қайыспай көтере білген белгілі журналист әрі аудармашы Қапез Дәулетбекұлы Қожахметовтің азаматтық жарқын бейнесі, белсенді өмірлік ұстанымы кімге болсын үлгі-өнеге екенін айта отырып, оған қажырлы еңбегіңізбен абырой-құрмет биігіне көтеріле беріңіз демекпіз.
Владислав КОСАРЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Суретте: журналистер әулеті – Сәлима, Мағира және Қапез Қожахметовтер.