• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2018

«Туған елге тағзым» экспедициясы аясында оқушылар ел тарихын зерделеді

1150 рет
көрсетілді

Назарбаев зияткерлік мектептерінде 2012 жылы «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы басталған еді. Биыл бұл жоба бірінші рет Астана халықаралық мектебінде ұйымдастырылды. Елорданың 20 жылдығына арналған экспедицияға 40 оқушы қатысты. 

Медицина және жол полициясы қызметкерлерінің қадағалауымен жолға шыққан экспедиция мүшелері ең алды­мен ерке Есілдің жағалауын­дағы елорданың қонақжай орын­дарын тамашалады. Оның ішінде «Отан қорғаушылар» монументі, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық кешені, «Ас­тана Опера» театры, Бей­бітшілік және келісім сарайы, «Астана-Бәйтерек» және бар­лық мемлекеттік органдар ор­наласқан Бас алаң іспетті ша­һардың көрнекі орындары бар.

Ал «Астана су арнасы» кәсіпорны директорының орын­басары Талғат Бекма­ғамбетов оқушыларға Су эн­ци­к­­лопедиясы мен түрлі тәтті­­лер тарту етсе, мекеменің ин­­женер-технологі Татьяна Смолкова сорғы-сүзгі стансасы мен су құбырларын басқару орталығының жұмысын көр­сетті және Су мұражайының ди­ректоры Серік Испанов жә­дігерлермен таныстырды.

Аста­надай алып шаһарды сумен қамтамасыз етіп отырған ауқымды кәсіпорынның жұ­мысы оқушылар үшін маз­мұнды мағлұматқа толы бол­ды. Сондай-ақ мектеп ке­руені «Цесна-астық» кор­пора­­циясының макарон өңдеу зауытында болды. «Цесна-Мак» ЖШС бас директорының кеңесшісі Александр Остриков алқапта жайқалған бидайдың дастарқан басына дайын та­ғам ретіне келуіне дейінгі өң­деу процестері туралы әңгі­меледі. 1969 жылы негізі қалан­ған кәсіпорын қазіргі таң­да Қазақстан мен шетел тұ­тынушыларына кеңінен таны­мал, 15 еншілес және серік­тестік кәсіпорындарды бірік­ті­ріп, елдегі ең ірі 100 кәсіпорын қатарына еніп отыр.

Ал Ас­тана төрінен бой көтерген Этноүйдің табалды­ры­ғынан аттаған сәтте құдды көшпелі қазақ тұрмысына сапар шеккендей боласыз. Үй иелері, зергер Берік Әлім­бай мен жары Гүлнар Аятбек бабалардан мұ­ра болған әше­кейлер, тұрмыс құрал­дары, көрпе-кілемдер мен ұлт­тық ас­паптарды отыз жылдан астам уақыт насихаттап келеді. Зер­гердің қолынан шыққан бұйымдар Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті, ЭКСПО сынды ауқымды көрмелерде көпшілік ықыласына бөленді. Жас меймандарға Гүлнар Аятбек және Алия Ахмалишева қазақ халқының көне салт-дәстүрлерін түсіндіріп, дастар­қаннан дәм таттырды, ән мен күй тарту етті.

Бұдан кейін Қарағанды қаласындағы Назарбаев зият­­керлік мектебіне аялдап, оқу орнының жетекшісі Равиль Якуповпен жолыққан оқу­шылар одан соң әйгілі ГУЛАГ құрамында болған Қара­ғанды еңбекпен түзеу лагеріне барды. ХХ ғасыр­дағы мыңдаған жазықсыз адам­дардың қаны мен көз жасына суарылған саяси қуғын-сүргін – тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Әсіресе туған тарихқа тағзым еткен өскелең ұрпақ үшін Долинка ауылында орналасқан «КарЛаг» естен кетпес әсер қалдырды. Жандарын шүберекке түйіп, бастарын оққа байлаған арыс­тардың сол кездегі жағдайын жан-жүрегімен сезінді. Бұл сапардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен қатар келуі де оқушылардың ой-танымына оқшау әсер сыйлағандай.

Экспедиция соңында жер шоқтығы атанған көрікті Көкше­таудың ең әсем, жанға ши­палы Бурабай өңіріне баруы балаларды шабыттандыра түсті. Шортанды көлін қоршаған Оқжетпес, Жұм­бақтас, Жекебатыр, Бөлек­тау­дың аңыздарына қаныққан балалар Бөлектау шыңына шы­ғып, Бурабайдың тамаша табиғатын, қарағайлы орманын, бір-бірінен мөлдір көлдері арқылы бөлініп жатқан жартас­ты шыңдарды тамашалады.

Бес күнге жалғасқан мәдени-тарихи және инновациялық нысандарда болған экспедиция оқушылардың туған өлкенің тарихын білуге, ата-бабадан қалған мирасты бағалай білуге, әлеуметтік жобаларды зерделеуге жетелейтіні анық.

Данагүл ДАРИСОВА