«Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді халық даналығы. Жас бала жас шыбық сияқты, қалай исең солай қарай майысады. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен жас өскін ешқашан елін жерге қаратпайды. Ол үшін әр отбасы өз шаңырағына мықты болуы керек.
Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында ұлттық болмыс мәселесі ерекше назарға алынады. Қызылорда облысында осы байқауға 361 отбасы қатысты. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оның еліміз үшін қаншалықты маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Отбасы құндылығы қай кезеңде де, қай мемлекетте де саясаттың ең маңызды бөлігі болған. Бала туу көрсеткіші бойынша Сыр өңірі республикада төртінші орында келеді. Облысымыздағы 44 мыңнан астам көпбалалы ананың 27 мыңдайы Батыр Ана. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» алтын құрсақты аналарымыздың 14 мыңға жуығы «Алтын алқа», 13 мыңдайы «Күміс алқа» иегері, – деді облыс басшысы.
Байқаудың аймақтық кезеңі мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Байқаудың бас жүлдесі мен республикалық кезеңге жолдама Сырдария ауданының тұрғындары Бәйменовтер отбасына табысталды. Бірінші орынды шиелілік Ишанқұловтар отбасы жеңіп алды. Екінші орынға жалағаштық Тоқсановтар ие болса, үшінші орын Қарауылтөбе ауылының тұрғындары Досмахановтар әулетіне бұйырды.
Аталымдар бойынша: «Жарасымды жанұя» – Назаровтар отбасы, Қызылорда қаласы; «Үлгілі отбасы» – Байдәулетовтер отбасы, Қызылорда қаласы; «Тату отбасы» – Жаманқараевтар отбасы, Арал ауданы; «Ізгілікті шаңырақ» – Жанаділовтер отбасы, Қармақшы ауданы; «Өнерлі отбасы» – Есімсейітовтер отбасы, Шиелі ауданы; «Мәуелі бәйтерек» – Айтбаевтар отбасы, Шиелі ауданы; «Ұлағатты отбасы» – Көмекбаевтар отбасы, Қызылөзек ауылдық округі, Айнакөл ауылы; «Өнегелі отбасы» – Әбілқасымовтар отбасы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылы үздік деп танылды.
Жақсы отбасы – ұлттың алтын діңгегі. Отбасылық жарасымдылықты бұзып алған Еуропа елдеріндегі қарама-қайшылықтарды дүние жүзі көріп отыр. Ұлттық рух сақталу үшін ана сүтімен берілетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан ірге ажыратуға болмайды.
Бір славян ұлтының өкілі баласын қазақ балабақшасына әкелген. Қазақ ішінде де өз қағынан жеріген құландай баласын, немересін адам болады деп орыс, ағылшын тілдеріндегі мектептерге сүйреп жүргендер көп. Осыны еске алған тәрбиеші әлгі ата-анадан: «Неге қазақ балабақшасын таңдадыңыздар?», деп сұрайды.
«Біз ұлттық құндылықтарды сақтап қалуда қате жібердік. Балаларымыз ержеткен соң ұшқан ұясын тез ұмытады. Ата-анасына қарайламай, өз қызығын қуып кетеді. Ал қазақ балабақшасы, қазақ мектебінде оқыған қазақ балаларынан байқағанымыз, ешқашан ата-анасы, туған-туысынан ажырамайды. Қартайғанда бағып-қағады. Қазақ балаларында мейірім мол. Біздің ұл да қазақ тәрбиесімен өскенін қалаймыз», депті олар.
Қазақтың қасиетін абыз ақын Қадыр Мырза-Әли айтудай айтып кетті. Жесірін жауға бермеген, жетімін жылатпаған иманды қазақ жұрты өзгелерге осылай үлгі болып отыр. «Мерейлі отбасы» осындай жақсы қасиеттерімен құнды.
Бас бәйге алған шаңырақтың ұйытқысы «Алтын алқа», «Күміс алқа», І, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерінің иегері Сапура Бәйменова:
– Тәрбие рухани тазалықтан басталады. Ата-ана, ең алдымен, өзара сыйластығымен, қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен, адалдық, шыншылдығымен, уәдеге беріктігімен, рухани және тән тазалығымен ерекшеленуі керек. Осындай берекесі айрандай ұйыған отбасының балалары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі, – дейді.
Енді «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Рақымжан Бәйменовтің отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы