Биыл студенттер мен жұмысшы жастардың саны 2150 адамға дейін өсті, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
"Жасыл елдің" жұмысы Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы және Атырау қаласының жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізіліп жатыр. "Жасыл ел" жұмыспен қамтып қана қоймай, жастардың белсенділігін көтеруді мақсат етеді.
Ағымдағы жылы «Жасыл Ел» жасағының саны артқан. Алдыңғы жылдары 700 сарбаз болса, 2017 жылы 2000 сарбаз жұмыс істеген. Ал, биыл 2150 сарбазға дейін жетті. Жасыл елде қызмет атқаратын жастар салықтар мен әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде 61 мың теңге жалақы алатын болады.
"Қазір қаладағы көп халық жүретін жерлер мен саябақтарды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. «Жасыл Ел» жасағы көгалдандыру мен археологиялық бағыт бойынша жұмыстар атқарады. Археологиялық бағытта жастар Сарайшық пен Қарабау елді мекендеріне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Жоспар бойынша, қазан-қыркүйек айларында қалаға тал егіледі", дейді «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Абылай Құрметұлы.
Айта кетейік, «Жасыл Ел» 2005 жылы Елбасының бастамасымен басталған болатын. Дәстүр бойынша, жасақ жұмысы 1 маусым күні басталды. Ресми ашылуы екі аптадан кейін болады. «Жасыл ел» жасағына 16 мен 29 жас аралығындағы студенттер мен жастарды қабылдайды. «Жасыл Ел» жасағына қабылдау Нұрсая ықшам ауданы, 23 үйде жүргізіліп жатыр. Жаз бойы қабылдау жұмыстары жүргізіледі.