Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Палата отырысында алдымен Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына енгізілетін түзетулер талқыланды.
Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырған құжат сайлау тетіктерін жетілдіруге, оның ішінде жаңа институттар енгізу, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою арқылы жетілдіруге арналған. Заң жобасын әзірлеудің мақсаты негіз құраушы сайлау қағидаттарының сақталуын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған.
– Заң жобасында Мәжіліс депутаттарын сайлауда қолданылатын сайлау жүйесін барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау тәртібінде қолдану ұсынылады. Мәслихаттар депутаттарын сайлауды оңтайландыруға байланысты аудандық сайлау комиссияларын жою көзделіп отыр. Олардың функциялары мен өкілеттіліктері аумақтық сайлау комиссияларына беріледі. Олардың екі мүшесі өздерінің өкілеттіліктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырады. Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасын интеграциялау арқылы сайлаушылардың тізімдерін құрастыру тәртібін қайта қарауда ұсынылады. Бұл республикалық электронды сайлаушылар тізімін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Әділет министрі. Заң жобасы арқылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына Мемлекеттік Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуын латын әріптерімен жазуды көздейтін түзету енгізіледі.
Талқылау барысында заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Онда қолданыстағы лауазымға сайлау және лауазымнан босатудың қолданыстағы тәртібін сақтау мақсатында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін төте сайлау енгізуге қатысты ережелерді алып тастау көзделіп отыр.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.
Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулер сайлаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелерін жергілікті бюджет қаржысы есебінен оқыту мүмкіндігін береді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулер сайлауға қатысатын үміткерлердің, саяси партиялардың үгіт-насихат материалдарын жариялау немесе эфирге шығару тәртібінің бұзылуына, сондай-ақ сайлауға байланысты қоғамдық пікір сұрау шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық белгілеуге бағытталған.
Партиялық тізім бойынша сайланатын мәслихат депутаттарын тепе-теңдік сайлау жүйесінің енгізілуіне байланысты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарға түзетулер топтамасы енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Сенат отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасын талқылау барысында комитеттің ескертпелерін ескере отырып, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымға сайлау және лауазымнан босатудың қолданыстағы тәртібін сақтауды көздейтін қолданылып жүрген тәртіпті сақтау қажеттігі туындады. Регламентке сәйкес құжат сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.
Заңнамаға сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша түзетулер де Мәжіліске жіберілді.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев таныстырған құжаттағы түзетулер көлік құралдары иелерінің міндетті сақтандыру жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне қатысты келісім-шарттар бойынша сақтандыру құпиясын, оның ішінде заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты прокурордың санкциясынсыз ұлттық қауіпсіздік органдарына алу құқығын беруге; актуарий бірлестіктерінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру омбудсменінің құқықтық ережелерін нақтылау және қызметін реттеу мен талаптарын реттеуге және т.б. мәселелерге қатысты болып отыр.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова құжаттың Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға және еліміздің халықаралық шарттарды орындау мақсатында әзірлегендігін атап өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында бала кезден болған бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарды әлеуметтік қолдауды, сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» жалақысы аз азаматтардың салық жүктемесін азайтуды тапсырған болатын.
Министрдің айтуынша, заң жобасында 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға арналған жаңа жәрдемақыны 2018 жылдың 1-шілдесінен бастап енгізу қарастырылған.
– Бұл жәрдемақыны 14 мыңға жуық отбасы алады, ал оның көлемі 29 699 теңгені құрайды. Бұл жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке қарап отырғандарға беріледі және олардың күтім жасаған кезеңдері зейнетке шыққанда еңбек өтілі болып есептеледі, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Жалпы, елімізде бала кезден бірінші топтағы мүгедектерге берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының көлемі 54 306 теңгені құрайды. Ал бірінші топтағы мүгедектер жеке оңалту бағдарламалары шеңберінде медициналық-әлеуметтік көрсеткіштерге сәйкес қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңға енгізілетін түзетулер әлеуметтік қызмет көрсетуге тек қана мемлекеттің емес, сонымен қатар азаматтардың, отбасы мүшелерінің, жеке сектордың және үкіметтік емес ұйымдардың бірдей қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндіктер береді. Осы мақсатта әлеуметтік қызметкерлерге арналған жаңа біліктілік талаптары, медициналық және медициналық мекемелердің стандартты ережелері талап етіледі.
Бұдан басқа, арнайы әлеуметтік қызмет алушылар және оларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер туралы дербес ақпаратты қамтитын әлеуметтік портал құру жоспарланып отыр. Бұл табиғи қозғалысты, тұтынушылардың құрамын өзгертуді және арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсететін мамандарды ескере отырып жүйелі түрде жаңартылады.
– Заң жобасы, сондай-ақ «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының заңына жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларының шарттарын өзгерту жағдайында әлеуметтік келісімшарттың мерзімін ұзартуға қатысты өзгертулерді қарастырады. Бұл іс жүзінде әлеуметтік келісімшарт мерзімі ұзартылуы мүмкін объективті жағдайларды белгілеуге мүмкіндік береді және аз қамтылған азаматтардың келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындау тиімділігін арттырады, – деді М.Әбілқасымова.
Бұған қоса құжат 2017 жылғы 13 маусымнан кейін әскери қызметтен босатылған адамдарға әскери тіркеуге немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелгенге дейін, темір жол, автомобиль және ішкі су көлігімен мемлекет есебінен жүру құқығын беру туралы түзетулерді де реттейді.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»