Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада Қытайдың Циндао қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде ұйымға мүше-мемлекеттердің қаржылық есеп айырысуларын ұлттық валютаға көшіруді ұсынған болатын.
Елбасы өз ұсынысын әрі қарай мүше мемлекеттердің орталық банктерінің басшылары талқылап, ортақ шешімге келу туралы айтқан еді.
Бүгінде еліміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып саналатын ШЫҰ-ға мүшелік өзге мемлекеттермен қарым-қатынастардың барлық салалары бойынша өңірлік өзара іс-қимылдардың маңызды тетігіне айналып отыр.
Осы мәселеге байланысты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің пікірін білдік.
Ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы күннен-күнге артып келе жатқанын атап өтті.
– Сауда-саттық ынтымақтастықта ұлттық валюталарды қолдануды біз бірнеше мәрте ЕАЭО аясында талқыладық, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда-саттық қатынастарды долларсыздандыру бастамасына қызығушылықтары арта түсуде, – дейді Д.Ақышев.
Ұлттық банк басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейін көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеру бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық деңгейде қабылдайтын дағдарысқа қарсы шаралар іске асырылып жатқанын, дамушы нарықтары бар елдердің әлемдік нарық капиталына қолжетімділігі талаптары, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында есеп айырысу кезінде ұлттық валютаны қолдануды кеңейту мүмкіндігі талқылану үстінде екенін атап өтті.
– Ұлттық валютамен өзара есеп айырысуға өту ұйымға қатысушы елдер экономикасының қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда сөзсіз тиімді әрі маңызды. Орталық банктер жұмысын осы бағытта, оның ішінде тиісті жол карталарын әзірлеу арқылы жалғастыратын болады, – деп сөзін түйіндеді Ұлттық банк басшысы.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»