• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Маусым, 2018

Мерген

723 рет
көрсетілді

– Мен қайда... жатырмын, жігіттер... 

 Басы, сол иығы ақ мәрлімен таңылған жауынгердің дауысы ақырын шықты. Ол сылбыр қимылдап керуеттен көтерілді. Басы әлі мең-зең. Көзі қанталап кетіпті. Терезеге дейін барды да кілт тоқтады. 

– Әй, жігіттер, бұл қай жер?! – деп бұл жолы айқай салды жарадан жаны қиналған жауынгер.

– Бұл Кушка, бауырым, сені түнде әкелді. Масабаев деген жауынгер. Ауғанстаннан деді. Мазасын алмаңдар. Контузиясы ауыр... деген дәрігерлер, – деді балдаққа сүйеніп тұрған, қиық мұртты қараторы кавказ жігіті.

...Кешегі күн елесін Абзал есіне әзер түсірді. 1985 жыл 14 шілде. Рота командирі жауын­герлерін апыл-ғұпыл көтеріп Ескі Гератқа аттанған. Бұл жақты моджахедтердің Тұран Исмайыл деген қолбасшысы билеп тұрған. Қаншама бейбіт адамдарды, сондай-ақ біздің әскерлерге де талай шабуыл жасаған нағыз қанды қол қарақшының өзі еді. Міне, осы жолғы жорықтың мақсаты – сол әйгілі Тұранның көзін жою болатын. Бір мезетте атыс бас­талды... Жан-жақтан атылған оқтың ысқырығы құлақты жарады. Енді бір байқаса гранатомет снарядтары гүрс-гүрс жарылып жатыр. Пулеметінен үздіксіз оқ жау­дырып жатқан Абзалдың құ­лағы шуылдап барады. «Сер­жант Масабаев сол жаққа бұрыл, ол жақта атыс күшейіп барады... Басыңа неге каска кимегенсің? Атысты тоқтатпа, көрсет мерген екеніңді...» деген капитан сөзін Абзал еміс-еміс естіді... Бұ­рыла сап пулеметін безілдетіп қоя берді... Таудан түсіп бұларға қа­рай беттеп келе жатқан бес-алты дұшман опыр-топыр құла­ды. Сеспей қатса керек, қайта көтерілгені көрінген жоқ. Содан кейін не болды?!.

Содан кейін болғаны – Куш­кадағы госпиталь. Кезекті бір гранатомет минасы Абзал жатқан бекініс түбінде жарылып, дүмпу әсерінен Абзал есі­нен танып құ­лайды... Содан маңай­дағы Тах­табазар шекара беке­­тіне жет­кізіліп, мұндағы бас­шылар жа­­уын­­­гердің жанын сақтап қаламыз десек алыстағы Ка­бул­ға емес, тезірек жетуге бола­тын Кушкаға жіберуге шешім қабылдайды. 

...Ескі Гераттағы сол қиян-кескі айқас Абзалдың есінен әлі күнге дейін шығар емес. Мерт болған, жараланған достарының бейнесі көз алына келеді де тұрады. Рота командирінің «Опе­рация кезінде мергендігімен көптеген дұшмандарды жер жастандырған ерлігі үшін» деген негіздемесімен полк басшылығы қазақ сержантын «Қызыл Жұл­дыз» орденіне ұсынады. Алай­да неге екені белгісіз Абзал Маса­баевтың ерлігі «Ерлігі үшін» медалімен бағаланды. 

1984 жылы Ақмола облы­сының Баршын ауылында орта мектепті бітірген Абзал қалаға баруға, оқуға түсуге асықпады. Бұл кезде Қорғалжыннан бөлініп, жа­ңадан құрылған Баршын ауда­нында, әсіресе жастар үшін жақсы жағдай жасалып жатқан. Комсомолдар арасынан шопандар, құрылысшылар бригадасы ұй­ым­дастырылған. Абзал да көп ой­ланбай ПМК кәсіпорнына құ­ры­­лысшы болып еңбек жолын бастады.

1984 жылы қатарынан қал­май әскерге аттанды. Ашхабад ірге­сіндегі Кищинский полкына түсті. Мұнда жаяу әскер мен барлаушылар қызметіне сержанттар дайындайтын ротаға қабылданды. Целиноград қала­сынан бірге шық­қан жігіт­термен бірге өткізген алты ай зымырап өте шықты. Сержант атағын ал­ған жас сарбаздар бір сәтте Ауған­станның жан-жағына тарап кетті. Бір тілім қара нанды бөліп жеген, қиындық туындағанда бір-біріне қолдау берген достары Болат Ер­кебұланов Кабул жанындағы бір операция кезінде мойнынан жараланып, ажал аузынан әзер аман қалды. Қаладан қосылған жігіттердің арасынан Қазбек Абдрахманов барлау­шы ретінде жақсы қырынан көрін­ді. Ол Газни қаласында қыз­мет атқарып, ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталған. Серік Шуйкин де Ауғанстан соғысында дұшмандар тұтқынына түсіп қала жаздайды. 

– Майдандас достарымның бәрі мен үшін батырлар. Өйткені олар жастайынан соғысты бастан кешіп, оқ пен отқа шарпылып үлгерді. Айта берсем, майдандас достарым көп. Бірақ солардың қатарынан Еркімбек Есеналин деген досымды ерекше көремін. Оның өкшесі жоқ. Ауғанстандағы бір айқаста гранатомет оғынан жараланған. Дәрігерлік комиссия оны әскерден босату жөнінде ұйғарым жасайды. Сонда Еркімбек командиріне «Шамалы уақыт қалды ғой, достарыммен бірге кетейінші, жолдас командир, мені жібермей-ақ қойыңызшы...» деп өтініш білдіреді. Батыр жігіттің бұл әре­кетіне риза болған рота коман­дирі келісімін беріпті. Сөйтіп менің бұл досым тағы алты ай­дай Ауғанстанда қызметін жалғастырып барып, қайтады. Шыны­мен де батыр емес пе  – дей­ді достықтың қадірін тере­ңінен түсінетін Абзал Масабаев.

Ауғанстан алапатынан аман-есен оралған жауынгер-интернационалист Абзал Масабаев 1987 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсті. Әкесі Қазыбектің «Балам, шүкір, соғыстан бас-аяғың аман келдің ғой, енді оқығаның дұрыс болады. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген, бүгінгі заманда білімсіз қиын, қалаға барып оқуды ойла» деген ақылын мақсатқа айналдырды.

Бес жыл оқып, қолына дип­ломын алған жас маман алдымен үйленуді ойлады. Көңілі құлаған, жүрегі қалаған Ләззат есімді аржарқын қызды өмірлік жары етіп алды. Көп ұзамай жас шаңырақта алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз жүгіріп жүрді. Бүгінде Диана өз қиясына қонып, жауынгер әкесіне жиен немересін сүйдіріп отыр. Ал Диас болса «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алды. Оқып жүріп дзюдо күресінен Техас штатының екі дүркін чемпионы атанды. Бүгінде Астанада қызмет атқарады.

Жауынгер-интернационалист Абзал Масабаев бүгінде жеке кәсіпкер. Кезінде Қорғалжын өңірінің қадірменді қариясы болған үлкен атасының құрметіне аталған «Нұр» шаруа қожалығын басқарады. Осындай Астана төрінде тұрып, сайын далада жылқы өсіріп жүрген майдандас досымның болғанын мен де мақтан тұтамын. 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,