Өткен чемпионаттың тартысын қыздырып, төрт жылдықтың басты сенсациясына баланған Коста-Рика құрамасы бұл жолы да сайланып отыр. 2014 жылы олар ширек финалға дейін жетсе, биыл одан әріге барамыз деп мақсат қойды. Қайта-қайта батпан құйрық бұларға қайдан болсын деп ойлағандарға қарсы айтар уәжіміз бар. Сонымен қатар бұл командада Ельцин есімді футболшы өнер көрсетеді.
2014 жылы Бразилияда атой салған Коста-Рика құрамасын сол кездегі ел президенті Фабрисио Альварадоның өзі қолдап, жанкүйерлер арасынан табылды. Отандастары соққан әрбір голға президент балаша қуанды. Ұлттық құрама футболшылары оның іс-әрекетінен шабыт алып, арқалана ойнады. Биыл 2 сәуірде Коста-Рика жаңа президентті сайлады. Кейіннен анықталғанда Фабрисомен тегі бірдей Карлос Альварадо да футболға салғырт қарамайтын адам болып шықты. Жергілікті журналистердің жазуына сенсек, жаңа президент те ел астанасы Сан-Хосенің басты алаңында үлкен экраннан құрама ойынын тамашалауды жоспарлап отыр. Демек футболшылар бұл жолы да ел намысын қолдан бермей, басшыларын жерге қаратпауы тиіс.
Коста-Рика құрамасы өткен жылдың тамызынан бері АҚШ-ты артқа тастап, ФИФА рейтингісінде 16-орынға көтерілді. Соның арқасында олар жеребе тарту рәсімі кезінде КОНКАКАФ конфедерациясының нөмірі бірінші командасы болып есептелінді. Бірақ бәрібір де Коста-Риканың тобына Бразилия мен еуропалық 2 бірдей ұжым түсті. Сондықтан да костарикалықтар жеребе жолдас болмады деп қынжылады. Еуропалық ұжымның бірі тегеурінді Швейцария болса, екіншісі одан асқан Сербия. Ал Бразилиямен тең шайқасудың өзі қандай қиын екені белгілі.
Коста-Рика құрамасының басты жұлдызы – Кейлор Навас. «Реал» Мадрид» командасының негізгі қақпашысы өткен чемпионаттан бері испан клубына ауысып, клубтық деңгейде біршама жетістіктерге жетті. Навас қазір де бабында. «Жақсы қақпашы – жарты команда» деген қағидаға сенсек, қорғанысы мығым Коста-Рика азулы қарсыласқа қарсы ойында қорғанысқа мықтап орнығуы мүмкін. Ресейдегі біріншілікте журналистер қауымы Коста-Рика құрамасының жартылай қорғаушысы Ельцин Техадаға көптеген сауалдар дайындап отыр. Бұл футболшының әкесі Борис Ельциннің жеке табынушысы болғанға ұқсайды.
Коста-Рика құрамасының тізімі:
• қақпашылар: Кейлор Навас («Реал», Испания), Парик Пембертон («Алахуэленсе»), Леонель Морейра (Эредиано).
• қорғаушылар: Кристиан Гамбоа («Селтик», Шотландия), Ян Смит («Норчепинг», Швеция), Рональд Матаррита («Нью-Йорк Сити», АҚШ), Брайан Овьедо («Сандерленд», Англия), Оскар Дуарте («Эспаньол», Испания), Джанкарло Гонсалес («Болонья», Италия), Франсиско Кальво («Миннесота Юнайтед», АҚШ), Кендалл Уостон («Ванкувер Уайткэпс», MLS), Джонни Акоста («Агилас», Колумбия).
• жартылай қорғаушылар: Давид Гусман («Портленд Тимберз», АҚШ), Ельцин Техеда («Лозанна», Швейцария), Сельсо Борхес («Депортиво», Испания), Рэндалл Асофейфа (Эредиано), Родни Уоллас («Нью-Йорк Сити», АҚШ), Брайан Руис («Спортинг», Португалия), Даниэль Колиндрес, Кристиан Боланьос (екеуі де – Саприсса).
• шабуылшылар: Хоан Венегас (Саприсса), Джоэл Кэмпбелл («Бетис», Испания), Марко Уренья («ФК Лос-Анджелес», АҚШ).
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»