• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Маусым, 2018

Көркемсөздің көрігін қыздырған жеңімпаздар анықталды

437 рет
көрсетілді

Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай «Көркемсөз оқу шеберлері»  қалалық конкурсын өткізді.

Талантты жастар арасында ұйымдастырылып отырған сөз жарысының мақсаты қашанда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын кеңінен  насихаттау, талантты жастарды жан-жақты қолдау болып табылады. Тілдерді дамыту басқармасы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында көркем әдебиетті, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау, қазақстандық рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, елімізде тұрып жатқан барша ұлт өкілдерін қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мәселелерін тұрақты назарда ұстап келеді.

Байқауға қатысқан 17-29 жас аралығындағы жастар көркемсөз оқу сайысын жоғары деңгейде өткізді деуге негіз бар. Қатысушыларға қатаң талаптар қойылды. Өнер саласының мамандары, осы саладағы оқу орындарының студенттері мен өткен жылдардағы жеңімпаздары байқауға жіберілмеді. Аталған сөз жарысына қала аудандарынан жүлдегер болып табылған жеңімпаздар қатыстырылды.

Байқаудың шарты бойынша қатысушылар проза, поэзия, драма кезеңдері бойынша қазақтың белгілі ақын-жазушылары, драматургтерінің шығармаларынан жатқа үзінді оқыды. Шығармалар Қазақстан, туған жер, тәуелсіздік, Астана тақырыптарын қамтыды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Есетова, Мемлекеттік қуыршақ театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ж.Ахметова, ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты Е.Жұмабек қазылар алқасының құрамында қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударды. Осылайша «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан көркемсөз сайысында  Бас жүлде Дастан Бекнұрға бұйырды. І орынды Динара Баймұхамбетова еншілесе,  ІІ орынды  Талант Хасенов, ІІІ орынды Шоқан Құлназаров иеленді. Мәнерлі сөз сөйлеп Нұрлан Бақытжанов, әуезді  сөзімен Ақниет Аманхан ерекшеленді. Ермек Тұрғанбеков, Әсем Әбдімәуленова, Рақымжан Қалдыкөз ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын  Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы Б.Қалымбет салтанатты жағдайда марапаттады.

Байқаудың бас жүлдегері Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің  республикалық байқауына  қатысатын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ