• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2018

Астана-Алматы пойызы: зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

371 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында күндізгі сағат 13.25 шамасында Астана қаласынан Алматы қаласына бағыт алған 9 пойыздың 6 вагоны рельстен шығып кетіп, төтенше жағдай орын алды. 

Апат салдарынан 3 адам жарақаттанып, бір адам таза тапқан. Қаза тапқан адамның жеке белгілері анықталу үстінде. Ал Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұнатаеваның айтуынша, екінші жолға пойыз келіп, жолаушыларды Шу ауданының орталығына жеткізілу жалғасып жатыр.

Оқиға Шу ауданы мен Шығанақ станциясының арасында орын алған. Сонымен қатар, қалған жолаушыларға автобустар ұйымдастырылу үстінде. Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаев ауруханаға екі жолаушының жеткізілгенін, қазіргі кезде олардың жағдайының жақсы екенін айтты. 

Жамбыл облысы əкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 2 бірлік, АЦ автокөлігімен 7 адам, Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 2 адам, 1 дана техника, "Төле би" ауылы маңындағы күрежолдық медициналық қызметінің шұғыл əрекет жасағынан 4 адам, 1 реанимобиль, шұғыл медициналық жəрдемнен 2 дана техника жəне 6 адам тартылған. 

Өз кезегінде оқиға орнындағы барлық жолаушылар "Шу" станциясына "Астана-Қызылорда" бағытындағы пойызбен көшірілген. Осы орайда облыс əкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен оқиға орнына облыс əкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Сабиров, жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары М.Байсеркенов "Казавиааспас" тікұшағымен аттанды.

Сонымен қатар, оқиға орын алған соң көп кешікпей "Жедел құтқару жасағы" мекемесінен 2 дана техника мен 8 адам көмекке келді. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінде ыстық желі орнатылған. Бұл жерде төтенше жағдайлар департаментінің психологтары тұрғындардың аталған оқиға бойынша туындаған сауалдарына жауап беретін болады.

Хамит ЕСАМАН,

"Егемен Қазақстан"