• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Айман Мұсақожаева: Астана арманыма жол ашты

969 рет
көрсетілді

Менің Астанаға келуім де, Арқа төрінде өзім өмір бойы арман­даған Өнер универ­си­тетін ашуым да тек қиял-ға­жа­йып ертегілерінде ғана бо­ла­­­тын таңғажайып оқиғадай көрі­­неді. 

Әлі есімде, 1997 жылы Рес­публика сарайында жеке шы­ғар­машылық кешім­ді өт­­кіздім. Өнерге үлкен тал­­ғам­­паз­дықпен қарайтын ардақ­ты Елбасымыз сол жолғы кон­цертіме арнайы қатысты. Кеш соңында қонақтарға жайылған дастарқан үстінде Президент алдағы уақытта жүзеге асырсам деген жоспарларым жа­йында сұрады. Тосыннан қойыл­ған сауал болғаннан ке­йін сәл тосылып қалдым. Бірақ бойымды да, ойымды да тез жи­нап алдым. Көптен бергі ойымда жүрген арманымды бүгін айтпасам, кейін дәл мұн­дай мүмкіндік тумайтындай көрінді. Сөйтіп орайлы сәт­ті пайдаланып, көптен бері кө­кейімде жүрген ойымды жайып салдым. Шетелдерге гаст­рольдік сапармен бар­ған кездерде жастарды музы­ка­лық білімге кәсіби түр­де сатылап даярлайтын біліктілігі жоғары талай оқу орындарында болғанымды, соларға қызығатынымды айттым. Дәл сондай халықаралық стан­дартқа сай үздік өнер академиясын Алматыда да ашқым келе­тінін жеткіздім. Елбасы көп ойланбады. Менің өз сауалына дәл осылай жауап берерімді алдын ала біліп тұр­ғандай: «Ашасың! – деді бір­ден қолдау білдіріп. – Бірақ сен жоспарлағандай Ал­ма­тыда емес, Ақмолада – жаңа астананың төрінде!». 

Әрине көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәс­еленің, талай күндер кө­ңі­­лім­нің түкпірінде аялап кел­­ген арманымның бір-ақ сәт­те ақиқатқа айналатыны­на жү­регім жарылардай қуан­­­ға­ным­мен, Елбасының: «Аста­на­­ға келесің» дегені санамд­ы сан саққа жүгіртті. Қа­шан­да жаңалық атаулыға жатыр­қай қарайтын көңіліміз дәл сол сәтте Ақмоланың Аста­на­ға ай­налып кететініне сенің­кіре­мегені де рас. Оның үстіне Алатаудың жаймашуақ мамыражай табиғатын Арқа­ның бет қаратпас сары аязына ал­ма­с­тыру да жеке өз басыма оңай таңдау болмады. Әйт­се де Президент өзі тіке­лей қол­дау білдіріп, шақы­р­ған­­нан кейін көп ойланбас­тан-ақ тәуекелге бел будым. Елі­міздің шежіресінен елеу­лі орын алатын тарихи сәт­тің тікелей куәгері болып, Отаны­мыздың тарихында орын алып жатқан орасан ір­гелі іске араласқым келді. Сөй­тіп 1997 жылдың қара күзін­де қарлатып-борандатып Ақмолаға қоныс аудардым.Келе сала бірден Елбасы арт­қан сенімге сай жұмыс іс­теуге тырысып, алдын ала даяр­лаған жоспарымды алып сол кез­дегі қала әкімі Әділбек Жақ­сы­бековтің қабылдауында бол­дым. Көкейде жүрген шығар­ма­шылық ойларымды ортаға салып, жалпы мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Әкім жаңа астананы мәдени ортаға айналдырсам деген игі бастамамды қуана құптап, сенім білдірді. Қала басшысының идеология жөніндегі орынбасары болып қызмет істейтін белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов та жаңа қалаға жатырқай келген менің күдігім мен үрейімді сейілтіп, ойларымның ретімен жүйелі жүзеге асуына жағдай жасады. Елбасымыздан бастап өнердің осындай жанашыр азаматтарының арқасында көп ұзамай-ақ қала әкімінің Ақ­мола музыка училищесінің негізінде академия ашу туралы шешімі шықты. Іле-шал­а Үкі­мет қаулы қабылдап, рес­пуб­­ликалық бюджеттен қажетті мөлшерде қаржы бөлді. 

Академияның ашылу салтанатына арнайы қатысқан Елба­сымыз, күні бүгінге де­йін өнер­ге, мәдениетке деген қам­қор­лығын аяған емес. Нұрсұлтан Әбішұлы тек біздің университет қана емес, жалпы Астананың мәдени ортаға ай­налуына үнемі қолдау білді­ріп келеді. 20 жылда елорда тө­рінде небір сәні мен сал­та­наты келіскен сәулетті ғи­марат­тар бой түзеді. Бір ғана «Астана Опера» театрының таңғажайып архитектурасы келушісін тамсантпай, таң­ғалдырмай қоймайды. Сол секілді «Қазақстан» орталық концерт залы мен Хореография академиясының да бас шаһар төрінде бой көтеруін Елба­сы­ның қазақ өнеріне деген үлкен қамқорлығының, жана­шыр­лығының нәтижесі деп білемін. Бұл ғимараттар тек көз жауын алатын архитектурасымен ғана құнды емес. Болашақта атал­ған өнер ошақтарының қа­бырғасынан түлеп ұшар теңд­ессіз таланттар қазақ атын әлі-ақ жаһанға мәшһүр етері сөзсіз. Университетіміздің түлектері – Сүндет Байғожин, Салта­нат Ахметова, Айгүл Ниязова бастаған өнерпаз­дар­дың даңғыл жолы осы ойыма толықтай дәлел болады. Күні кеше әлемді дүр сілкінт­кен дара дарын Димаш Құдай­бергеннің тәлім алған, тәрбие­ленген ортасы да Қазақ ұлт­тық университетімен тікелей байланысты. 

Елорда тарихымен егіз жа­сасып келе жатқан универ­сите­тімізге биыл 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралы­ғын­да талай белестерді бағын­дырып, педагогика мен шы­ғар­машылық ізденісті қатар алып келе жатқан білім ордасы бүгінде сатылы білім беру жүйесін жолға қойып, білім­герлердің мектеп қабыр­ғасы­нан бастап университет тә­мам­дағанға дейінгі ара­лы­ғында кешенді һәм сапалы білім алуы­на толыққанды жағдай жасап отыр. Арнайы шақырумен жасақталған білікті педагогтар құрамы сапалы маман даярлауда, өнерлі жастарымызды тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып жатқанын да айрықша атап өткім келеді. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының болашақты алыстан болжайтын көрегендігінің, дегдар­лығының арқасы. 

Иә, кезінде орындалмас армандай болып көрінетін жүрек түкпіріндегі үлкен тілегім Ел­ба­сының қолдауының арқа­сын­да бүгінде ақиқатқа айналды. Астана – менің арманыма жол ашқан құтты қала. Сонысымен де елордамыз мен үшін қымбат, ыстық. Жас болса да талай жасам­паз бас­тама­лардың ұйыт­қысы болып келе жатқан Астанамыздың әлі де қанатын кеңге жайып, өнер мен мәдениеттің шын мәніндегі рухани ордасына айналатынына сенемін. Астана – болашақтың қаласы! 

Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры