Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Қазақстан Үкіметінің назарын гемофилияға шалдыққан науқастарға мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмек шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне аударды.
Онда Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 2018 жылғы амбулаториялық және стационарлық қамтамасыздандыруда гемофилияға шалдыққандар үшін дәрі-дәрмектің сатып алу сомасы 191,7 млрд теңгеден асатыны, яғни мәлімделген қажеттіліктің 90 пайызына сай келетіні және оның 75 пайызының аймақтарға жеткізілетіні, алайда ұлттық құқық қорғау мекемесіне азаматтардың қажетті дәрі-дәрмектерді ала алмай отыруына қатысты арыздар түсіп жатқаны айтылған.
Омбудсменнің айтуынша, «Қазақстан мүгедектер қауымдастығы – гемофилияға шалдыққандар» қоғамдық бірлестігі осы уақытқа дейін гемофилиямен ауыратын адамдардан Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан арыз-шағымдар түсіп отырғанын жазып, дәрімен қамтылуда кең аспектіде маңызды жүйелік проблемалар тізбегі барлығын жеткізді. Бұл жайт денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың Алматы қаласында өткен баспасөз конференциясының қорытындыларында расталғанын да атап көрсеткен.
Қазіргі уақытта Қазақстанда «гемофилия» диагнозы бар 1273 науқас есепте тұрғанымен (841 – ересек адамдар, 432 – балалар), оларға салалық маман – гематологтардың орнына учаскелік терапевттер медициналық қызмет көрсетіп, осы санаттағы науқастардың кәсіби мамандарға зәрулігі айқын сезілуде. Ал гемофилияға ұшыраған науқастар гематологтың мамандандырылған көмегіне ғана емес, сондай-ақ тіс дәрігерлерінің, хирургтердің, травматологтардың, психологтардың салалық мамандандырылған көмегіне де зәру. Аталған баспасөз конференциясы барысында гемофилиямен ауыратын балалардың ата-аналары салалық мамандардың олардың балаларын емдеуден бас тартқандығы турасында да мәлімдеген.
Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Үкіметтің назарын ерте кезден ауруды диагностикалау, емдеу, профилактика, науқастарды оңалту үдерістерін жүзеге асыратын мекеме құру қажеттігіне аударды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»