«Назарларыңызға ұсынылып отырған кітап – Қазақстан суретшілерінің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына тартуы. Мұнда ұсынылған картиналар – осы жылдары жазылған шығармалардың бір парасы ғана. Теңіздің дәмін тамшыдан да білуге болатынындай, азат елдің еркін өнерпаздарының еңбегін қалың көрермен өзі бағалай жатар». «Журнал «Made in Kazakhstan» ЖШС» осы күндерде жарыққа шығарған «Ұлы дала мәнері» атты альбомға жазылған алғысөзінің соңында Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков осылай дейді.
Иә, бұл альбом – азат елдің еркін өнерпаздарының торқалы тойға тамаша тартуы. 200 беттік көлемді кітап-альбомда Қазақстан суретшілерінің жаңа заманда жаңаша жазылған туындылары топтастырылған. Мұндағы шығармаларға, аннотацияда айтылғанындай, еркіндікті аңсаған ұлт тұлғаларының арман-аңсары, ынтымақ пен татулықты мұрат тұтқан бұқара халық бейнесі, өмірдің өзегі – махаббат пен сүйіспеншілік арқау болған. Альбомдағы картиналардың деңгейі Қазақстан бейнелеу өнерінің тәуелсіздік жылдарында кемелдік кезеңіне аяқ басқанын анық дәлелдейді. Кітаптағы: «Қазақстан суретшілері бүгінгі таңда өз еңбектерін емін-еркін дүниенің қай түкпірі болса да апарып көрсетіп жүр. Сөйтіп, Қазақ елінің алуан түрлі табиғатын, оның адамдары мен әдет-ғұрпын таныстырып жатыр. Осы орайда, шетел асқан суретшілердің шығармашылығы Еуропамен терезесі тең бе деген сұраққа мысал келтірейік. Ерболат Төлепбай 2004 жылы Париж қаласында ХХ ғасырдың ең әйгілі суретшісі Сальвадор Дали шығармаларымен бірге, өз еңбектерінің көрмесін өткізді. Бұл көрме біз үшін өнердегі қайталанбас сәттердің бірі болды» деген жолдар осы ойдың айқын айғағы.
«Егемен-ақпарат».