Ноғай – қазақпен аталас жұрт. Заманында қазақпен қоңсы болып, Еділ мен Жайықтың бойын ен жайлаған ел патшалық Ресейдің қанқұйлы саясатынан жер бетінен жоғалып кете жаздағаны шындық. Қарға бойлы Қазтуғанның Еділмен қайырылысуын ата қоныстан айырылып, іші шерге толған халқымыздың реквиемі десе де болады.
Болмысын бүгінгі қазақ руларының дені құраған сол ноғайдың суретшісі Әлібек Қойлақаев Қызылорда қаласындағы көркемсурет галереясында «Қорқыт даласы» деген атпен жұртшылыққа он күндік көрмесін ұсынды.
Әлібек Баймұратұлы Қойлақаев 1982 жылы Ресейдің Дағыстан Республикасы аймағындағы Терекли-Мектеб аймағына қарасты Ноғай ауданында дүниеге келген. Сурет салу өнеріне 3-4 жасынан ден қойған қылқалам шебері Дағыстанның Махачкала қаласындағы көркем- сурет училищесі мен Краснодар мемлекеттік мәдениет және өнер университетінде білім алған екен.
Қасиетті Сыр өңірі түбі бір түркі халқы үшін құтты мекен. Мұнда барлық тамырлас түркі бұтағы үшін ортақ баба Қорқыт дүниеге келіп, әз денесі мәңгілік дамыл тапқан. Осындай тарихи жерге келген ноғай суретшісі өзін атамекенінде жүргендей сезінгенін айтады.
– Осы сапарымда Қорқыт ата кешеніне арнайы бардым. Одан алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ерекше толқыныста болдым. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, менің шығармашылық жолымдағы негізгі тақырыбым – түркі әлемі. Бүгінгі көрме тақырыбы да соған сәйкес. Қорқыт атадан бастап Еділ патша, Томирис ханшайым, Едіге батыр, Шыңғыс хан секілді көптеген суреттерді жарыққа шығардым. Бұл – менің жаныма өте жақын. Сондықтан осы бағытта үнемі ізденісте жүремін. Әрбір ұлт өзінің түп-төркініне үңілуге тырысады, біз қазақ халқымен өте жақын, туыс екенімізді білеміз. Сол себепті бауырлас қазақпен етене жақын араласуға ниет танытамыз. Бүгінде ноғайдың жалпы саны 110 мыңға жуық. Олардың 103 мыңға жуығы Ресейде тұрады. Түбі бір түркі жұртының тарихы мен тұлғаларын қылқалам ұшында сөйлетуге тырысамын, – дейді ол.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен көрмеде Әлібек Қойлақаев жергілікті жас суретшілерге шеберлік сағатын өткізді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы