Белді ірі компаниялар мен кәсіпорындарда, ғылым, медицина және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін білікті мамандар даярлай бастаған Назарбаев Университеті соңғы жылдары PhD докторантурасы бойынша алғашқы түлектерін ұшырғаны белгілі. «Болашақ» бағдарламасының 2013 жылғы түлегі Лаура Қарабасова да Назарбаев Университетінің жоғары білім беру мектебі докторантурасының алғашқы қарлығаштарының бірі.
Ақтөбе қаласында туып-өсіп, М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебін, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын және Ұлыбританиядағы Уорик университетін тәмамдаған Лаура Астана қаласындағы бірнеше инновациялық платформаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң өзінің өмір жолын елордамен байланыстыруға бел буды. «Өмірімде Астананың алар орны ерекше. Өйткені елорда өзіме, біліктілігіме сенімімді күшейтіп, бәсекеге қабілеттілігімді арттырды. Сонымен қатар бұл қаладан нағыз достар мен пікірлес жандарды таптым», дейді ол.
Еуропада һәм елімізде білім алған жас Назарбаев Университетінің шетелдік әйгілі жоғары оқу орындарымен иық теңестіре алатынын айтады. «Біріншіден, Назарбаев Университеті академиялық сапаны қамтамасыз етуді назарда ұстайды және білім сапасына өте жоғары талап қояды. Мұның дәлелі ретінде университет түлектерінің шетелдік үздік оқу орындарының магистратура және докторантура бағдарламаларында оқуларын табысты жалғастыруы немесе белді ұйымдарда қызмет етуін айтуға болады. Оқу үдерісі ағылшын тілінде өтетіндіктен, тәлімгерлер шетелдік алдыңғы қатарлы зерттеу жұмыстары мен ғылыми әдебиетті түпнұсқада оқиды. Плагиат және академиялық адалдық қағидаларын бұзуға жол берілмейді. Екіншіден, әр студенттің әл-ауқаты да назардан тыс қалмайды», деді Л.Қарабасова.
Айтуынша, университеттің озық болуын анықтайтын тағы бір фактор – ерекше аура мен этнос. Мұны университет ғимаратына кірген кез келген жан байқайды. Профессорлардың қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, кез келген көзқарас пен пікірлерге ашықтығы және студенттерге қарым-қатынасы ерекше. Мәселен, кейіпкеріміз білім алған Жоғары білім беру мектебінде дәл осы қарым-қатынас байқалады. Жас ғалымның ғылыми жетекшісі Дениз Ижеа Луизиана университетінің құрметті профессоры, жүздеген докторлар мен магистрларға жетекшілік еткен тәжірибелі ұстаз. Ол шәкірттеріне әрдайым құрметпен қарап, әр пікіріне мұқият ден қояды. «Сен өз ғылыми тақырыбыңның сарапшысысың» деп ынталандырып отыруды да ұмытқан емес.
Адами капитал бүгінде мемлекет дамуының басым бағыты болғандықтан білім беру саласы қашан да басымдыққа ие. Лаура докторантура алдында «Білім беру саласындағы көшбасшылық және басқару» мамандығын игерген болатын. Философия ғылымдарының докторы атанған жас маманның алған білімі білім беру саясаты, зерттеу, білім беруді басқару және академиялық салаларда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ол еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты адам факторының маңызы төмендемейтінін, бұл ретте жаңа мамандықтарға орай Назарбаев Университетіне дәріс оқуға келген Гонконгтегі Қытай университетінің профессоры Бенджамин Вахтың ойларымен келісетінін айтады. Қытай ғалымы қазіргі жаңа технология дамыған заманда мамандықтардағы өзгерістер жыл сайын орын алатынын, алдағы уақытта салааралық кіріктірілген мамандықтар пайда болатынын айтқан болатын. Ал Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева коммуникативтік компетенцияларды, эмоциялық интеллекті дамыту және білім беру үрдісінде тұлғааралық қарым-қатынасты сақтап қалудың маңыздылығы жөнінде пікірі де осыған саяды. Төрт жыл бойы үш тілде білім берудің педагогикасы «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (СLIL)» тақырыбын зерттеген жас маман бүгінде Назарбаев Университетінің Білімді жетілдіру орталығының қызметкері. Қазір Қазақстанда үш тілде білім беруді енгізуге байланысты аталған СLIL әдісі өте өзекті екенін айта кеткен ләзім.
Лаура Назарбаев Университетінің Кембридж және Пенсильвания университеттерімен серіктес болғандықтан білім беруді британиялық және америкалық университеттердің ұтымды тұстарымен ұштастырғанын айтады. Бір ерекшелігі, университет білім беру мен зерттеуде жергілікті мазмұнды ескереді әрі еліміздің білім беру жүйесін реформалауда көшбасшы болу жауапкершілігін естен шығармайды.
«Биыл Астанаға – 20 жыл. Назарбаев Университеті елорданың дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Университет шетелдік білікті ғалымдар мен оқытушыларды, қазақстандық үздік студенттерді жаңа қалаға шоғырландырды. Еуразия жоғары білім беру көшбасшыларының форумы сияқты ірі шараның ұйымдастырушысы ретінде де шаһарымыздың ғылым мен білім саласындағы көшбасшыға айналуына атсалысып отыр. Өткен 20 жылда Астана әлем таныған қалаға айналып, көптеген саяси шараларды өткізді. Алдағы 20 жылда Астана Еуразияның білім және ғылым хабына айналады деп ойлаймын. Бұл жерде, әрине Назарбаев Университеті шешуші рөл атқарады деген сенімдемін», дейді Лаура Шапайқызы.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»