Елордамыздың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде тұңғыш рет «Voice of Astana» І халықаралық фестивалі өтті.
Эстрада әншілері арасында ұйымдастырылған өнер байқауының әлемнің түкпір-түкпірін қамтыған географиялық ауқымының кеңдігімен қатар, фестиваль бағдарламасының қазақтың біртуар дарыны, әнші Батырхан Шүкеновті еске алуға бағытталуы көпшілік қауымның көңілін ерекше серпілтті.
– Бүгінде Астана – бейбітшілік пен толеранттылықтың символы. Осынау 20 жылдың ішінде елордамыз өнердің сан түрін бір арнада тоғыстырған еуразиялық кеңістіктегі аса ірі мәдени орталыққа айналып үлгерді. Бас шаһар төрінде тұңғыш рет өтіп жатқан «Voice of Astana» І халықаралық фестивалінің көркемдік һәм мазмұндық деңгейі соның айғағы. Бұл фестиваль арқылы жақын және алыс шет елдердің үздік орындаушылары мен мәдениет қайраткерлері арасындағы шығармашылық ынтымақтастықтың жаңа формаларын дамыту қажет», – деп атап көрсетті А.Мұхамедиұлы.
2018 жылдың 25 мамырына дейін жалғасқан іріктеу кезеңінде «Voice of Astana» байқауына 20-дан астам шет елден 18 бен 35 жас аралығындағы барлығы 600-ге жуық әнші мен түрлі музыкалық топтан құралған үміткерлердің өтінімі қабылданды. Олардың ішінде отандық қатысушылардан бөлек, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Ұлыбритания, Италия, Болгария, Эстония, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Түркия, Татарстан, Израиль, Армения, Өзбекстан елдерінің талантты өнерпаздары бар. Бұл жөнінде аталған байқаудың қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі музыкант Байғали Серкебаев: «Музыкамен өмір сүретін дарынды жастармен әрдайым қуана танысамын. Әрі жаңа есімдерді үнемі бақылап жүремін. «Жұлдыздар фабрикасында» біз Jigits тобын жинадық. Осы жолы да көптеген жаңа есімдер туатындығына сенімдімін» – деп байқау болашағының жарқын әрі ғұмырлы болатынына зор сенім білдірді.
Байғали Ермекұлының айтуынша, «Voice of Astana» байқауының биылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылатыны көптеген талантты жас орындаушылардың жұлдызының жанып, өнер әлеміне батыл қадам басуына үлкен мүмкіндік сыйлайды. Ондай мысалдар әлемдік музыка тәжірибесінде аз емес. Мәселен, тарихы 1951 жылдан бастау алатын «Сан-Ремо» италия әндерінің фестивалі, сол секілді 1956 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан «Евровидение» мен 2002 жылдан бері ТМД аумағына аса танымал өнер додасы – «Новая волна» ән байқаулары музыка маманының жоғарыда келтірген пікірін толықтай қуаттайды.
«Voice of Astana» байқауының жартылай финалында қатысушылар осы шараға арнайы жазылған еліміздің бас қаласы – Астана туралы авторлық әндерді шырқаса, ақтық додада өз репертуарындағы үздік туындыларды көпшілік қауым мен музыка мамандарының талқысына ұсынды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Байғали Серкебаев, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Валерий Меладзе, 31 арнаның бас директоры Бағдат Қожахметов, халықаралық «Евровидение» және балалар «Евровидение» байқаулары басқармасының мүшесі Никола Калигиоре және Discover Silk Road Star-дың бас директоры бастаған өнер майталмандары қазылық еткен байқауда вокалистерге орындау шеберлігі мен әртістік өнер, сахналық тартымдылық һәм залды игеру талаптары тұрғысынан баға берілді.
Байқау қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен ІІІ орын мен байқау лауреаты атағы әзербайжандық өнерпаз Ильхам Назаровқа табыс етілді. ІІ орынды қытайлық Лин Бао мен Украинадан келген қатысушы Татьяна Доканина теңдей бөліссе, І орын мен байқау лауреаты атағы Goldstone (Ұлыбритания) мен Бердібек Құлғараевтың (Қазақстан) қанжығасына байланды. Ал фестивальдің басты жүлдесі – Гран-при мен «Астана дауысы» құрметті атағы және қомақты қаржылай сыйлыққа Грузиядан келген талантты өнерпаз Авитандил Абесламидзе лайық деп танылды.
Сондай-ақ «Voice of Astana» І халықаралық фестивалінің аясында Валерий Меладзе, Леонид Агутин, Владимир Пресняков, Алексей Чумаков, Юлианна Караулова, Элина Чага, «A-Studio» тобы, Роза Рымбаева, Карина Абдуллина, Мейрамбек Бесбаев, Жұбаныш Жексенұлы, Ділназ Ахмадиева, JCS тобы, Айқын Төлепберген, Динара Сұлтан, Әли Оқапов, The Jigits, ағайынды Жүгінісовтер, Vox Acapella тобы бастаған қазақстандық және ресейлік белгілі эстрада әншілерінің қатысуымен өткен Батырхан Шүкеновті еске арналған концерт пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Байғали Серкебаевтың шығармашылық кеші де өнер думанының көрігін қыздырып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл сыйлады.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»