• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2018

Бүгінгі күннің батырлары - Сәбитжан Аязханов пен Бексұлтан Кеңесов

1002 рет
көрсетілді

Шардара аудандық ішкі істер басқармасының таңертеңгі жеке құрам жиналысында Шардара АІІ басқармасы криминалды полициясы бөлімінің бастығы, полиция майоры Нұржан Атамқұлов сақшыларға өндірістеріндегі қылмыстық істер бойынша зерделеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 

Криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Сәбитжан Аязханов пен жол патрульдік полиция взводының командирі, полиция аға лейтенанты Бексұлтан Кеңесов қаладағы Қазыбек би көшесінің бойымен келе жатты. Ойларында басқарма бастықтарының тапсырмасын орындау ғана болатын. Кенет олар көп қабатты үйлердің бірінен өрт шығып жатқанын байқап қалды. Ойланып тұруға уақыт жоқ. Екеуі бірдей қызыл жалын оранған үйге қарай ұмтылды. Жақындағанда барып байқады, өрт №6-үйдің екінші қабатындағы №11-пәтердің балконынан шығып жатыр екен. Екі полицей баспалдақпен екінші қабатқа тез-ақ көтерілді. Алайда пәтердің есігі құлыптаулы екен. Қырсық қылғанда есігі темірден болар ма! Көршілерден сұрастырып көргенде пәтерде адам болуы мүмкін екенін білді.

Осы кезде басқа пәтерлердің тұрғындары да жиналып, маңай азан-қазан болды да кетті. Әркім өз бастарын ойлап қайғырып жатыр. Егер мына өрт өршіп, қарқын алса, қызыл жалынның бой бермей кетерін де ойлап, тұрғындар шу-шу етеді. Бексұлтан мен Сәбитжан тұрғындарды сабырға шақырып, темір есік тұтқынында қалған жанды ажал тырнағынан қалай арашалап алу керектігін ақылдасты. Мұндайда асып-сасқан адамдардың ойына ештеңе де келмейді.

– Өрт сөндірушілерді шақырайық, – деді бірі.

– Терезеден түсейік, деді екіншісі.

Алайда мұның екеуіне де үлгермейтін еді. Өрт сөндірушілер келіп жеткенше іштегі адам тұншығып өліп кетуі мүмкін. Ал терезеден түсу үшін саты керек. Тап қазір сатыны қайдан ғана таба қоярсың?! Сәбитжан №16-пәтердің тұрғыны Ж.Омаровадан балта сұрады. Сасқалақтағанда балта табыла қоюшы ма еді. Әйтеуір бір кезде балта да табылды-ау. Сәбитжан мен Бексұлтан екеулеп темір есікті бұзып кіруге кірісті. Темірдің аты қашан да темір. Оны бұзу оңай бола қойған жоқ. Дегенмен екеулеген соң қоя ма, есік бір кезде ашылды-ау, әйтеуір.

Есік ашылғанда беттерін бұрқ еткен ыстық жалын шарпыды. Балконда от лапылдап тұр. Екі полицей қою түтін ішінен пәтерде адам бар ма, жоқ па деп, әрі-бері кезіп іздестіре бастады. Осы кезде пәтердің түпкі бөлмесінен ыңырсыған адам дауысы естілді.

Екеуі түпкі бөлмеге ұмтылды. Өршіп алған жалын қызуы күйдіріп барады. Өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, олар ілгері ұмтыла берді.

Түпкі бөлмедегілер екеу екен. 1980 жылы туған Максим Осинцев пен 1985 жылы туған Сергей Апольский түтінге уланып қалыпты. Былқ-сылқ еткен екеуін сыртқа арқалап шықты. Олар тез арада криминалды полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Нұржан Аманқұловқа хабарласты. Артынша шұғыл көмек келіп, құтқарылғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Өз өмірлеріне қауіп-қатер төнсе де қиындықтар­дан қаймықпаған қос полицей тиісті орындардан лайықты алғыс алды. Бірақ Бексұлтан мен Сәбитжан  ерлік жасадық деп тоқмейілсімейді.

– Біздің орнымыздағы кез келген адам тап осын­дай қадамға баратын еді. Біз ерлік жаса­ға­н жоқпыз, – дейді екеуі сыпайы ғана.

Иә, адамды сұлу көрсететін қасиеттің бірі осы қара­пайымдылық.

Бізге көбінесе осы қарапайымдылық жетіспей жататыны бәрімізді ойландыруы тиіс.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Оңтүстік Қазақстан облысы