Мал бағуға машықтанған өңіріміздің халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, мал бағуды басты табыс деп санайтын ағайын соңғы жылдары төрт түлікті асылдандыруға көңіл бөлуде. Соның айғағы ретінде Казталов ауданына әкелініп жатқан асыл тұқымды ір-қараларды айтуға болады.
Биыл алғашқылардың бірі болып «Райынбек» шаруа қожалығы асыл тұқымды «Ангус» сиырларын сатып әкеліп, өсіруді қолға алып отыр. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деп дана халқымыз айтқандай, бұл асыл тұқымды мал өсірген шаруашылық орналасқан Сұлтаншеген қыстағына аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге барып қайттық.
Аудан халқына жақсы таныс Серік Темірханов басшылық ететін бұл шаруашылық асыл тұқымды сиырларды Қостанайдан сатып әкелген.
– Бұл асыл тұқымды ірі қара малын ет өндіру және ауданымызға тарату мақсатында сатып алып отырмыз. «Ангус» біздің табиғатымызға бейім келеді, қыстың суығына төзімді. Сиырларды сатып әкелгелі шарбақ ішінде ұстаймыз, қораға қамаған жоқпыз. Алла сәтін салып, күн жылынысымен арнайы мамандарды алдырып, қолдан ұрықтандыруды іске асырмақпыз. Оның үстіне тағы да 25 сиыр сатып алуды көздеп отырмыз. Бұл асыл тұқымды малды өсіруге қызығушылық туғызып отырған басқа да шаруашылықтар бар, – деді С.Теміржанов.
Жалпы, «Ангус» тұқымы – тез өсіп жетілетін, мүйізсіз сиыр. «Абердин-Ангус» етті келеді. Аналықтарының орташа тірідей салмағы 550- 600 килоны құраса, бұқаларының салмағы 800- 850 килоны құрайды екен.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы