Жуырда Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы құрылды. Елбасы Жолдауындағы қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту ісіне байланысты орталықтың бас директорының міндетін атқарушы Уәлихан АХМЕТОВПЕН әңгімелескен едік.
– Уәлихан Исаұлы, әңгімемізді жаңа орталықтың жұмысынан бастасақ?
– Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметі саламатты өмір салтын қалыптастыру, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерінің функцияларын біріктіреді. Бұл жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар жұқпалы емес ауруларға, психикалық денсаулықтың бұзылуына, тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және мониторинг жасауға бағытталған. Елімізде ұлттық скрининг бағдарламасы арқылы ерте анықталған қауіп-қатер факторлары мен ауруларға мониторинг жасау, сауықтыру, кәсіби және өндірістік ауруларды емдеуге көмектесу, халықтың саламатты өмір салтын ұстану қағидасын күшейту, сапалы тамақтануды ұйымдастыру, жалпы жұртшылықтың белсенділігін арттыруға атсалысу жұмыстарын қамтиды. Орталық Елбасының квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында үш мемлекеттік мекемені – Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы, Х.Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы және Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығын біріктіру арқылы құрылды. Осының есебінен басқарушы құрамның саны қысқарып, босатылған қаржы бізге жүктелген функцияларға бағытталды.
– Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің алдында қандай мақсат-міндеттер тұрғанына тоқталсаңыз?
– Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен қоғамдық денсаулық сақтаудың 10 негізгі жедел қызметіне бағалау жүргізді. Бұлар қадалағау, нормативті реттеу, бағалау, әлеуметтік жағынан қызықтыру, сауықтыру, ауруға қарсы күресу ісінде маман даярлау сияқты шараларды қамтиды. Еуропадағы қоғамдық денсаулық сақтаудың артықшылығы – халық денсаулығын қорғауда құқықтық механизмдерді толық пайдалана біледі. Соңғы уақытта алкогольдік өнімдерге жарнама жасауға, зиянды майлы және тұзды тағамдарға тыйым салу, темекіге қарсы іс-шараларды күшейту, темекі түтінінен таза ортаны қалыптастыру оң нәтиже бере бастады. Елімізде де шылым шегу көрсеткішінің азайғаны байқалады. Оны 2015 жылы жүргізілген VI әлеуметтік зерттеу мәліметтері растайды. Шылым шегушілер үлесі 2015 жылы 18,3%-ды көрсетсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 26,5% болатын. Өңірлерде қоғамдық денсаулық сақтау саясаты жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармаларын екпемен қамтамасыз ету, жастар орталықтарының жұмысын үйлестіру, басқа да бөлімдер құрылды. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің департаменттері жұқпалы ауруларға эпидемиологиялық бақылау жүргізеді, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Биологиялық қоспалар қауіпсіздігінің ғылыми негіздемесін жасайды. Шикізаттың жаңа түрлерін өндіру ісінде адам өміріне, денсаулығына қауіпті деп танылған өнімдер мен химиялық заттарға, технологиялық құрал-жабдықтарға өндірісте пайдалануға тыйым салынды. Облыс әкімдері жанындағы денсаулық сақтау ісі бойынша үйлестіру кеңесі жалпы жетекшілікті жүзеге асырады. Мысалы, Маңғыстау облысының үйлестіру кеңесіне салалық басқармалар ғана емес, «ҚазАзот», «ҚаражанбасМұнай», «ҚарақұдықМұнай» сияқты ірі кәсіпорын басшылары да еніп отыр. Бұл еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған экологиялық ахуалды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға мол мүмкіндік береді. Орталық халық денсаулығы туралы мониторинг жүргізеді, төтенше жағдай кезінде денсаулыққа төнетін қауіп-қатерді бағамдайды, ғылыми зерттеулерді дамытуға және емдеу ісінде қолданысқа енгізуге ықпал етеді.
– 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бүгінде азаматтардың өз денсаулығын күту және сауаттылық деңгейін арттыру қажеттілігі байқалады. Біздің тірегіміз және серіктесіміз ретінде аймақтардан денсаулық құндылығын дәріптеуші, іс жүзінде көмектесуші, креативті денсаулық орталықтары жұмыс істеуде. Мұндай орталықтар Қызылордада және Таразда бар. Кім болса да супермаркеттен себет толы азық-түлік алып тұрады. Отбасында дұрыс тамақтану мәдениеті үлкен рөл атқарады. Мысалы, әйелдердің «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің қызметі отбасындағы денсаулық мәселелерін шешуге бағытталған. Онда денсаулық сақтаудың өзекті сауалдары бойынша кеңес, семинар-тренинг ұйымдастырылады.
Көптеген елде азаматтардың алаңсыз өмір сүру дағдысы медицина мамандары мен парамедиктерге ғана жүктелмеген, әр адамның міндеті саналады. Төтенше жағдай қызметкерлеріне де міндеттелген мұндай істер аз емес. Оны мінсіз орындау үшін ұйымдастырылған курс бағдарламасын полиция қызметкерлеріне, педагогтерге, күзетшілер мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты өткізуді қатаң қадағалау керек. Сақтық шараларын іске асыруда алғашқы көмек көрсетудің өмірлік маңызы өлшеусіз. ДДСҰ мәліметтері бойынша, балалардың 90 пайызының жарақаттануы жазатайым жағдайдан болады екен. Жыл сайын әлемде 830 мың бала осындай оқиғалардан мерт болады. Шамамен әрбір оқыс оқиғаның алтыншысы оқу орындарының қабырғасында болады. Әсіресе үзілістер мен дене шынықтыру сабақтарында ондай олқылықтар жиі орын алады. Осыған байланысты, 2017 жылы Алматы қаласы білім беру басқармасында денешынықтыру пәнінің мұғалімдері оқыс жағдайларда жүрек тоқтап қалу, қан кету, жарақаттану кезінде не істеу керектігі бойынша курстан өтті. Полиция қызметкері, пойыз жолсерігі және оқиға орнында бірінші болуы тиіс барлық мамандар осындай әзірліктен өтсе дейміз.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»