Кеше Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының отырысында Комиссия «Руханият» партиясының және Қазақстанның Коммунистік халық партиясының партиялық тізімдерін тіркеді.
Отырыста сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімінен екі кандидатты олардың Конституция мен сайлау туралы заң қоятын талаптарға сәйкес келмейтіні анықталуына байланысты және тағы бір кандидатты оның мәслихат сайлауына кандидат ретінде сайысқа түсу ниетіне орай шығарып тастады. Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың хабардар еткеніндей, жалпы алғанда, Ортсайлауком 8 партияның 386 кандидаттан тұратын партиялық тізімдерін тіркеді. Бір депутаттық мандатқа шамамен 4 адам бәсекелеседі. Тіркелген кандидаттардың арасында 12 ұлттың өкілі бар. Үміткерлердің орташа жасы – 54 жас. Кандидаттардың 21 пайызын әйелдер құрайды.
Үміткерлердің 99 пайызы жоғары білімді. Олардың 35 пайызының заңгерлік немесе экономикалық білімі бар, 30 пайызға жуығы халық шаруашылығының түрлі салаларының мамандары болып табылады. Тіркелген кандидаттардың 13 пайызы төртінші шақырылған Парламенттің депутаттары. Төрттен бірі коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, ал 12 пайызға жуығы мемлекеттік органдар мен мекемелерде, тағы 16 пайыздайы ғылым, мәдениет және білім саласында жұмыс істейді.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, 14 желтоқсанда Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың тағы 16 байқаушысын тіркеді. Қазіргі сәтке дейін барлығы 47 халықаралық байқаушы аккредиттелген, олардың 46-сы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының және біреуі ТМД байқаушылар миссиясының құрамына кіреді.
14 желтоқсанда мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталды. Қазіргі уақытта мәслихаттар депутаттығына 8335 кандидат ұсынылған. Олардың ішінде облыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттарға – 1392, аудандық мәслихаттарына – 5339, қалалық мәслихаттарға 1604 кандидат бар. Кешегі күнге дейін мәслихаттар депутаттығына 5066 кандидат тіркелген.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.