• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Шілде, 2018

2 шілде – Қазақстанның Дипломатиялық қызметі күні

3569 рет
көрсетілді

Егемендік пен тәуелсіздік алған күнінен бастап Қазақстан заманауи отандық дипломатияның бастауында тұрған Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас сәулетшісі болып табылатын дәйекті және тиімді сыртқы саясатты жүргізіп келеді.

2 шілдеде Қазақстан Дипломатиялық қызмет күнін атап өтеді. 1992 жылдың осы күнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының алғашқы тұжырымдамасы қабылданды, оның негізіне теңгерімділік және көп векторлық қағидаттары жатқызылды. Қазақстан үшін қолайлы сыртқы саяси жағдайларды қалыптастырудың және қазақстандық дипломатияның кейінгі табыстарының берік негізін нақ солар қалаған болатын.

Дипломатия бейбіт өмір қалыптас­тыруда әрқашан негізгі рөл атқарады, ал дипломат кәсібінің ең күрделі және жауапты кәсіптердің бірінен саналатыны кездейсоқ емес. Бұны «Дипломаттар сөйлегенде зеңбіректер үнсіз тұрады» деген қанатты сөз де растайды. Шамамен өте ежелгі дәуірде пайда болған дипломатия кәсіп ретінде мемлекеттер және халықаралық қатынастар жүйесі өмір сүріп тұрған барлық кезеңде қажет болатыны анық. Бұл ретте ХХІ ғасырда коммуникациялар саласында, мемлекеттер­дің, қоғамдар мен азаматтардың арасын­дағы қатынастардың сипатында болып жатқан сан алуан өзгерістермен бірге дипломатиялық жұмыстың да мәні, сипаты және механизмдері де жылдам өзгеріп, толықтырылып отыратыны сөзсіз.

Егер сыртқы саясат ведомствосы­ның миссиясына қысқаша тоқталатын бол­сақ, оның мәні дипломатиялық қор­ғау құралдарымен біздің еліміздің егемен­дігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтас­тығын және шекараларымыздың мызғы­мастығын, басқа мемлекеттермен өзара қатынастарда және халықаралық аренада елдің саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.

Біз 183 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнаттық. Шет елдерде Қазақстан Республикасының 90-нан астам дипломатиялық миссиялары – елшіліктері, халықаралық ұйымдардың жанындағы тұрақты өкілдіктері, бас консулдықтар мен консулдықтары жұмыс істейді. Қазақстанда 137 шет мемлекеттің елшілері (68-і қызметті қоса атқарады) тіркелген және 20 астам халықаралық ұйымдардың офистері жұмыс істейді.

Сыртқы саясаттың негізгі жетістік­терінің бірі шектес мемлекеттермен мем­ле­кеттік шекараны халықаралық-құқық­тық ресімдеу және оның бүкіл периметрі бойынша достық белдеуін құру болып табылады.

Биылғы жылғы мереке қысқа уақыттың ішінде жаһандық дипломатияның аса маңызды орталығына айналып үлгерген Қазақстанның бас қаласы Астананың 20 жылдығы қарсаңында атап өтіледі. Бұл туралы 2018 жылғы 5 маусымда Сыртқы істер министрлігінің Тұңғыш Президент – Елбасы қорымен және Тұңғыш Прези­дент – Елбасы кітапханасымен бірле­сіп ұйымдастырған «Астана – бейбіт­шілік қаласы» атты халықаралық конферен­ция­ның қатысушылары да айтқан болатын.

Бүгінде біздің еліміз – халықаралық қатынастардың қалаулы және беделді қатысушысы. Қазақстанның аты әлемдік қоғамдастықта сенімді әріптестігімен, бейбітсүйгіш саясатымен, халықаралық күн тәртібі мәселелерін шешудегі жауап­ты қызметімен, медиаторлық сала­дағы тиімді жұмысымен, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту саласын­дағы жарқын бастамаларымен белгілі.

Елдегі саяси тұрақтылық, нарықтық экономиканың серпінді дамуы және қолайлы инвестициялық ахуал Астананың жаһандық дипломатиядағы халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстанның әлі де жас мемлекет саналатынына қарамастан, отандық дипломатия қызметінің ауқымында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынты­мақтастық ұйымы (ШЫҰ), Азияда­ғы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Ислам Ынты­мақтастық Ұйымы (ИЫҰ), Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесі (ТМЫК) және басқа да халықаралық құрылымдар сияқты ірі өңірлік және халықаралық ұйымдардағы тиімді жұмыс пен табысты төрағалықтар бар.

Біздің 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тарихи төраға­лығымыз халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Біз Орталық Азия күн тәртібін белсенді түрде талқыға салдық, Ауғанстандағы жағдайға және жаппай қырып-жою қаруын таратпау тақырыбына баса назар аудардық. 18 қаңтарда Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг төрағалықтың басты оқиғасына айналды, ал 19 қаңтарда «Ауғанстанда және Орталық Азияда қауіпсіздік пен дамудың өзара байланыстылығының үлгісі ретінде өңірлік әріптестік құру» атты алғашқы министрлер пікірталастары өткізілді.

Біз ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу қажеттілігі туралы айтып қана қоймай, сонымен бірге осы жаһан­дық мақсатқа қол жеткізу жолында дәйекті түрде жұмыс істейміз. Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядро­лық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған күнін – 1991 жылғы 29 тамызды БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Халық­аралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бірауыздан бекітті. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аумақ құру­ға белсенді түрде қатысты. 2015 жылы Қазақстан Президентінің бастамасы бо­йынша БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядро­лық қарудан азат әлем құру тура­лы жал­пыға бірдей декларациясы қабылданды.

Ядролық қаруды таратпауды ілгері­ле­тудегі маңызды құрал біздің Прези­дентіміздің тағы бір бастамасы – АТОМ (Abolish Testing. Our Mission) жобасы болып табылады, оның онлайн петиция­сына 100-ден астам елдің 300 мыңнан астам адамы қол қойып та үлгерді. Ол жобада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) ратификациялауда прогреске қол жет­кізу талабымен жетекші мемлекеттер­дің көшбасшыларына үндеу жасалады. 2018 жылғы наурызда Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) қол қойды. Дамушы елдердің бастамасы бойынша осындай Шарттың пайда болуы және қабылдануы халықаралық қоғамдастықтың ауқымды бөлігінің әлемнің тұтастай бірқатар жетекші мемлекеттерінің арсеналдарында ядролық қарудың сақталуына алаңдайтынын және үстінен ядролық ажал аждаһасы төніп тұрмайтын әлем құру жолында әрекет ететінін білдіреді.

Қазақстан рухани дипломатияның маңызды орталығына айналды. Биылғы жылы Астанада Мемлекет басшысының өзіндік бірегей бастамасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезі өтеді.

Президент Н.Назарбаевтың қолдауы­мен кепілгер-елдер (Ресей, Түркия, Иран), Сирия және қарулы Сирия оппо­зи­циясының үкіметтері, БҰҰ Бас хат­шысының арнайы елшісі Стаффан де Мистура, сондай-ақ бақылаушылар ретінде АҚШ және Иордания өкілдері қатысқан Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі «Астана процесі» шеңберіндегі келіссөздердің тоғыз раундының өтуі Қазақстанның халықаралық дипломатия­сын дамытудағы маңызды оқиға болды. Қатысушылардың мұндай форматы алғаш рет өткізілді. Келіссөздердің мейлінше маңызды қорытындыларының бірі Сирияда деэскалацияның төрт аймағын құру туралы меморандумға, Ұсталғандарды/кепілдегілерді босату, қаза болғандардың мәйіттерімен алмасу және хабарсыз кеткендерді іздестіру жөніндегі жұмыс тобы туралы ережеге қол қою, сондай-ақ басқа да уағдаластықтарға қол жеткізу болды. Соның нәтижесінде Сирия Араб Республикасында (САР) зорлық-зомбылық деңгейі мен құрбандар санының айтарлықтай азаюы байқалуда. Астана процесі БҰҰ аясындағы Женева процесі үшін аса маңызды қосымша тірек болып табылады.

Орталық Азияда біздің еліміздің өмір­лік маңызы бар мүдделері тоғысқан. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Президенті өңірлік жақындасу саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Өңір­дің мемлекет басшыларының соңғы кез­де жиілеп кеткен екіжақты және көп­­­жақты форматтардағы қарым-қаты­нас­тары өңірлік ынтымақтастықтың даму үстіндегі саяси еркі мен серпінін көрсе­теді. Ағымдағы жылғы 15 наурызда Астанада Орталық Азия мемле­кет­тері басшыларының бірінші консуль­тация­лық кездесуі болып өтті, оның қоры­тындылары бойынша барлық проблемалар мен мәселелерді шешу үшін өңір елдерінің вице-премьерлері деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру туралы өңірлік даму үшін маңызы бар шешім қабылданды, ал Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кез­десулерін тұрақты өткізіп тұру жос­парланып отыр.

Ресей Қазақстанның аса маңызды стратегиялық одақтасы болып қала береді. Екі ел президенттері 2013 жылғы қарашада қол қойған XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт стратегиялық әріптестіктің негізі қызметін атқарады. Біздің қарым-қатынастарымыз тату көршілікпен, барлық деңгейлердегі экономикалық және саяси ынтымақтастықпен ғана емес, сонымен бірге тарихымыз бен мәде­ниетіміздің ортақтығымен де беки түседі. Стратегиялық әріптестікті нығайту­дағы шешуші рөлді біздің мемлекет басшыларымыздың жүйелі түрде өтетін кездесулері мен келіссөздері атқарады.

Тату көршілiк, достық және ынтымақ­тастық туралы шарт (2002 жылғы желтоқсан, Пекин) және Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы мен Қытай Халық Респуб­ликасы (ҚХР) мемлекет басшыларының жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарының жаңа кезеңі туралы бірлескен декларациясы (2015 жылғы тамыз, Пекин) Қытаймен қатынастарды жан-жақты дамыту үшін негіз құрайтын аса маңызды құжаттар болып табылады.

ҚХР-мен қарым-қатынастар серпінді және сенімді сауда-инвестициялық өзара іс-қимылмен сипатталады. Соны­мен қатар Қытай тарапы «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының» (АХҚО) негі­зінде Астана халықаралық биржасын (АІХ) құруға белсене қатысуда (үлесі  25%). Қытай мемлекеттік даму банкі­нің өкілдігі басқа да халықаралық ком­пания­лармен қатар АХҚО-ға тіркеліп те қойды.

Қазақстан-Америка қатынастары бүгін­гі кезеңде мемлекетаралық байла­ныс­тар­дың қарқындылығы және Қазақ­стан Республикасына АҚШ инвестиция­ларының артуы есебінен «кеңейтілген стра­тегиялық әріптестік» деңгейіне шық­т­ы. Астана мен Вашингтон экономи­ка­лық, саяси және гуманитарлық салалар­дағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау, «С5+1» диалогі (Орталық Азия елдері және АҚШ) шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс істеу ниетінде.

Қазақстан-Еуропа қатынастарының серпінді дамуы 2015 жылғы 21 желтоқ­санда Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одақтың арасындағы кеңейтілген әріп­тес­тік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге (КӘЫК) қол қойы­луы­на мұрындық болды, ол келісім­де ынты­мақтастықтың 29 саласын қамт­итын «сау­да блогі» айтар­лықтай толықтырылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы бастама жасаған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында Қазақстан Франциямен, Герма­ниямен, Ұлыбританиямен, Испа­ния­мен, Италиямен және Венгриямен стратегиялық әріптестік қатынастарын орнат­ты. Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ біздің еліміздің аса ірі инвесторы және сауда әріптесі болып табылады. Қазақ­стан дипломатиясының белсен­ді түрде қатысуымен Еуропа Одағының Орта­лық Азияға қатысты жаңа Стратегиясы әзірленуде.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Таяу Шығыс, Азия, Латын Америкасы және Африка мемлекеттерімен өзара тиімді және сенімгерлік қатынастар орна­ту­ға қол жеткізді. Бұл жұмыста сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға, БҰҰ-дағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы ортақ мүдделерді ілгері­летуге басымдық беріледі.

Мемлекет басшысының жолдауларын және басқа да стратегиялық бағ­дар­ламалық құжаттарды іске асыру шең­беріндегі экономикалық дипломатияны сыртқы саясат ведомствосы тұрақты назарында ұстайды. Бүгінде теңізге шығу мүмкінсіздігі (land-locked position) елге өзінің транзиттік-көлік әлеуетін іске асыруға және Еуропа мен Азияның арасындағы халықаралық саудада байланыстырушы буынға айналуға кедергі келтірмейтін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасының, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізінің және Қытаймен шекарадағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын іске қосумен үйлесімдегі Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасының және «Астана» халықаралық қаржы орталығының синергиясы біздің ел үшін инвестициялар тартуда, сауданы, қаржы секторын және транзиттік әлеуетті дамытуда артықшылық мүмкіндіктерін тудырады, сондай-ақ Қазақстанның пәрменді еуразиялық хабқа айналуына жәрдемдесетін болады.

СІМ отандық бизнес пен сыртқы әріптестердің арасындағы, сондай-ақ ҚР бейіндік мемлекеттік органдары мен халықаралық қаржы институттарының және ұйымдарының арасындағы аса маңызды байланыстырушы буын болып табылады. Бұдан басқа Қазақстан­ның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері шетелдік инвестициялар тарту бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жүргі­зе­ді, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілетуге жәрдемдеседі. Мемлекет бас­шысының ірі сауда-инвестиция­лық келісімдер жасалатын шетелдерге сапарларының барысында қол жет­кізілген уағдаластықтарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан өсуінің жаңа белестерін білдіретін және ЭКСПО-2017 мұрасын демейтін АХҚО-ны, Жасыл технологиялар мен инвес­тициялық жобалар халықаралық орталығын, Ай-Ти-стартаптар халықара­лық технопаркін дамытуға жәрдемдеседі.

Қазақстанның инвестициялық ахуа­лына либералды виза саясаты оң әсер етеді. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап біз 48 елдің (ЭЫДҰ мен Еуродақтың барлық елдері, БАӘ, Малайзия, Сингапур және Монако) азаматтары үшін күнтізбелік 30 күн мерзімге Қазақстан аумағына кіруге арналған визасыз режім енгіздік. Жиырма елмен өзара визасыз режім жұмыс істейді. Бұл ретте СІМ қазақ­стан­дықтар үшін визалық режімді одан әрі жеңілдету бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда.

Сонымен қатар біз электрондық құжат айна­лымын жетілдіруді, консул­дық қызметтерді, электрондық визалар ресім­деуге көшуді қоса алғанда, Қазақ­станның дипломатиялық қызметі жұмысына цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыру ниетіндеміз.

Сыртқы саясат ведомствосы консул­дық қызметінің негізгі бағыты біздің еліміздің шетелдердегі азаматтарының құқықтары мен мүдделерін пәрменді түрде қорғау және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету болып табылады.

Біздің басқа елдердің «дамуына ресми көмек» (ДРК) жүйесі ҚР сыртқы саясатының тиімді механизміне айналуда. БҰҰ Даму банкімен және Жапония үкіметімен бірлесіп, ауған әйелдерінің экономикалық дербестігіне жәрдемдесу жобасы іске асырылды, ол жобаның шең­берінде осы елдің азаматтары Қазақ­стан­да мемлекеттік басқару және денсау­лық сақтау салаларында оқудан өтті. Тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз Орталық Азияның елдеріне, Латын Америкасына және Африкаға 450 млн доллар сомасында гу­ма­нитарлық көмек және қолдау көрсетті.

 ДРК жүйесі біздің сыртқы саясаты­мыздың мүдделері шеңберінде дамушы елдердің экономикасы мен адам капиталын дамытуға бағытталған. Атап айт­қанда «Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мем­лекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған негізгі бағыттарына» сәйкес ҚР-ның стратегиялық басымдықтары­ның қатарында «әріптес елдердегі әлеу­меттік-экономикалық және саяси ахуалды тұрақтандыру, заңсыз көші-қонның алдын алу, терроризмге және экстремизмге қарсы күресті күшейту, тату көршілік белдеуін қалыптастыру, Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын және оң имиджін нығайту» бар.

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ойдағыдай өткізілуі шетелдік туристерді тартуға, әлемдік ақпараттық кеңістікте кең аудиторияны қамтуға, Қазақстанда жасыл экономиканы одан әрі дамытуға арналған база жасауға мүмкіндік берді.

СІМ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өзінің алдына қазақстандық дипломаттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кадр саясатының транспаренттілігі, дипломатияны цифр­ландыру, шешімдердегі прагматизм мен рационализм, әлемдік тәжірибені тарту және озық дәстүрлерге адалдық, сыртқы саясат ведомствосының жұртшылық үшін ашықтығы сияқты жүйелі сипаттағы міндеттерді қояды.

СІМ Қазақстанның политологиялық қоғамдастығымен жүйелі түрде кездесіп отырады, ол бір-бірін өзара толықтыруға және сыртқы саясаттың қандай да бір мәселелеріне сын көзбен қарауға ықпал етеді. Біз үш тілде «Дипломатия жар­шысы» атты талдамалық журнал шығара­мыз. ХХІ ғасырда цифрлы дипломатия рөлінің артуына байланысты, біз әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізудеміз.

«Жаһандық әлемдегі Қазақстанның заманауи мәдениеті» жобасының үй­лестірушісі ретінде Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, осы заманғы Қазақстан мәдениетінің (бейнелеу өнері, әдебиет, классикалық және дәстүрлі музыка, театр, кино, хореография) туынды­ларын ілгерілету мақсатын­да әлем­дегі аса ірі кітапханалардың, мұра­ғат­тардың, мұражайлардың, галерея­лар­дың, концерт залдарының, театрлар­дың және басқа да мәдениет мекемелері­нің басшылығымен мазмұнды байла­ныс­тарды жолға қою бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасын қолдау ретінде, сондай-ақ Дипломатия күніне орай СІМ өзінің «Дипломатияның 26 жаңа есімі» жобасын іске қосты, онда форин-офистің жас және перспективалық қызметкерлері туралы әңгімеленеді. Министрлікте көптеген талантты және іскер дипломаттар жұмыс істейді. Біз 26 адамның тарихы арқылы қоғамға отандық дипломатияның әлеуеті, оның қазіргісі және болашағы туралы айтқымыз келеді.

СІМ тұрақты түрде ұйымдастыратын шетелдік журналистердің Қазақстанға баспасөз турлары қазақстандық жобаларды, бастамаларды, біздің елімізде өтетін өңірлік және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды (ЭКСПО-2017, Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа-форум және т.б.), сондай-ақ заманауи мәдениет пен өнердің отандық үздік үлгілерін әлемдік БАҚ-та сапалы және жан-жақты көрсетуге бағдарланған.

Біздің дипломаттар ел ішінде де, шетелдерде де біліктілігін арттырудан жүйелі түрде өтеді, мемлекеттік және шет тілдерді білу деңгейін арттыру бойын­ша курстар ұйымдастырылады. Қыз­мет­керлерді аттестаттау тұрақты жүргізіледі.

Министрліктің Орталық аппаратында ғана 7 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, «Болашақ» стипендиясының 18 түлегі, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипло­матия институтының 86 түлегі және басқа да жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істейді.

Әйелдерді жауапты мемлекеттік дип­ломатиялық лауазымдарға ілгерілету саясаты аясында Қазақстан Республи­касының Бельгиядағы елшісі және Еуропа одағы мен НАТО жанындағы ҚР өкілдігінің басшысы Айгүл Құспан, Швей­цариядағы елшісі және Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен ДСҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі Жанар Айтжанова, Таиландтағы елшісі және ЭСКАТО жанындағы ҚР тұрақты өкілі Раушан Есболатова шетелде Қазақ­станның мүддесіне өкілдік етуде.

Еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі, Төтенше және өкілетті елші Ақмарал Арыстанбекованы, танымал қазақстандық дипломаттар мен мемлекет қайраткерлері – Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустрия­сы комитетінің төрайымы Майнюра Мырзамадиеваны ерекше атап өту қажет.

Отандастарымыз – ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі Мадина Жарбосынова, БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық өкілі Жұлдыз Ақышева және ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөнін­дегі елшісі Зульфия Аманжолова қазақ­стан­дық дипломатияның ерекше мақтанышы болып табылады.

СІМ шеңберінде Қазақстан дипломат­тарының бірлестігі жұмыс істейді, ол корпоратившілік мәселелерді шешіп қана қоймай, сонымен бірге мұқтаждарға көмек көрсететін әлеуметтік-бағдарланған жоба­ларға да қатысады.

Бүгінгі таңда Қазақстан дипломатия­сы біздің еліміздің Мемлекет басшысы бағдар мен серпін беретін белсенді сыртқы саясатының арқасында жоғары деңгейден табылып отыр. Сыртқы саясат ведомствосы Отанымыздың – Қазақстан Республикасының, оның Президенті мен азаматтарының мүдделеріне адал және қалтқысыз қызмет етуді одан әрі жалғастыру ниетінде.

Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі