Кеше Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен VIIІ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Еңселі елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып өткен биылғы додада еліміздің ең мықты деген 37 балуаны бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Ерлан Қарин, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға жеңіс, жанкүйер қауымға естен кетпес жақсы әсер тіледі. Сондай-ақ шын мықты балуанның жеңіске жетуіне тілектестіктерін білдірді. Бозкілемде бір-бірімен иық тіресіп, күреске түсуге асығып тұрған балуандарға Қазақ елінің бағына туған әйгілі балуан, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ақ тілегін арнап, батасын берді.
Жалпы, қазақ күресінен ұйымдастырылған айтулы дода биыл екінші рет «Барыс Арена» мұз сарайында өткізілді. Аталған спорт ғимараты «Қазақстан барысы» сынды көрерменді көп жинайтын турнирді өткізуге әбден лайық. Өйткені мұнда орын саны көп (12 мың адам) және бұған дейін өткізіліп келген «Сарыарқа» велотрегіне қарағанда «Барыс Аренада» көрермендердің балуандардың белдесулерін жақыннан көруге мүмкіндіктері мол.
Турнирге еліміздің әрбір аймағындағы өткен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен таңдаулы балуандар қатысты. Кілем үсті тосын жеңістерге, жан алысып, жан беріскен белдесулерге де толы болды. Мысалы, тұңғыш «Қазақстан барысы», былтырғы додада күміс жүлдегер атанған Ұлан Рысқұл алғашқы айналымда жеребеге сәйкес іріктеусіз өтіп, екінші кезеңде Алматы қаласының балуаны Дәурен Нұралиновке есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ жамбылдық өрен Айбол Айтбек жуырда ғана Елбасының Жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаровтан жеңіліп, «Қазақстан барысы» атанамын деген арманы тағы бір жылға шегерілді.
Ал 1/8 финал екі «Қазақстан барысының» арасында өтті. 2014 жылғы жарыстың жеңімпазы Мұхит Тұрсынов пен былтырғы чемпион Еламан Ерғалиев белдесті. Еске салар болсақ, 2017 жылғы турнирдің бірінші айналымында-ақ осы екі балуанның жолы түйісіп, Ерғалиевтің мерейі үстем болған еді. Бұл жолғы тартыс та Қызылорданың намысын қорғаған Ерғалиевтің жеңісімен аяқталды. Негізгі уақыттың соңғы минутына дейін тең белдесіп, соңғы сәтте былтырғы «барыс» әдіс жасап, жартылай жеңіс ұпаймен қарсыласынан басым түсті.
Ширек финалдағы аса қызықты һәм тартысты өткен белдесудің бірі 2017 жылғы «Қазақстан барысы» мен «Әскер барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев пен биыл «Әскер барысы» атанған Ерасыл Қажыбаев арасында өтті. Екі жылғы әскери балуандардың арасындағы текетірестің негізгі уақытында бір-бірін ала алмай, жеңімпазды қоян-қолтық белдесуде анықтауға тура келді. Қосымша уақытта екеуі екі минутқа жуық бір-бірінен сақтанып, әдіс жасауға асықпады. Дегенмен қоян-қолтық белдесу нәтижесі бойынша жаңа «Әскер барысы» былтырғы әскер және «Қазақстан барысын» жарыс жолынан шығарып жіберді. Еламан Ерғалиев былтырғы турнирден соң газетімізге берген сұхбатында: «Мақсатым – Бейбіт ағамның рекордын жаңарту. Бәреудің істегенін басқалар да қайталай алады ғой. Сол мақсатқа жету үшін ертең-ақ жаттығуға кірісемін», деп айтқан болатын. Енді оған Бейбіт Ыстыбаевтың жетістігін қайталау үшін тағы біраз тер төгуге тура келеді.
Ширек финалдағы тағы бір маңызды белдесу шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен алматылық Дәурен Нұралинов арасында өтті. Екі балуан да ширек финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келген-ді. Алғашқы екі минуттың ішінде А.Нұғымаров екі бүк ұпайын иеленіп, жартылай финалға бір табан жақындай түсті. Ал бәсекенің соңында жартылай жеңіс ұпайымен алғашқылардың бірі болып жартылай финалға жолдама алды. Осылайша Дәурен Нұралинов Алматыға жүлдесіз қайтатын болды. Екінші ширек финалдық бәсекеде қызылордалық Мақсат Исағабылов пен қарағандылық тәжірибелі балуан Ержан Шынкеев белдесіп, бір жамбас ұпайымен қарағандылық балуан келесі кезеңге өтті. Сондай-ақ «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев пен Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Сонымен жанкүйер қауым асыға күткен жартылай финал белдесулеріне де кезек келді. Алдымен кілемге «Қазақстан барысы» турниріне бірнеше жыл қатысып, үлкен тәжірибе жинақтаған Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев шықты. Бұл белдесуде Ержан Шынкеев жеңіске жетті. Ал екінші жартылай финалдық жұпта «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық бәсекесіне тұңғыш рет қатысып жатқан Ерасыл Қажыбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров күш сынасты. Жарыстың ең ауыр (151 кг) және ең жеңіл (90 кг) балуанының арасындағы тартысты өткен бұл белдесуде қарсыласынан 61 килоға ауыр Ерасыл Қажыбаевтың жұлдызы жанды.
2018 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесу өтті. Шығыс Қазақстан облысының балуаны Айбек Нұғымаров пен Түркістан облысының тарланы Ерсұлтан Мұзаппаров арасындағы жекпе-жекте көп жылдық тәжірибе өз сөзін айтты. Осылайша Айбек Нұғымаров екі жыл қатарынан «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді.
Сонымен қазақ күресінен ең мықты, ең күшті балуанды анықтайтын сәт те келіп жетті. Шешуші сынға бұл турнирде бір деммен күресіп, өзінің бабында екендігін кілем үстінде көрсеткен «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев пен «Қазақстан барысы» турнирінің финалисі Ержан Шынкеев шықты.
Білекті балуандардың арасындағы финалдық белдесуде қарағандылық Ержан Шынкеевтің басымдығы бірден байқалды. Белдесудің алғашқы үш минутын асқан сақтықпен, байыппен өткізген Шынкеев бүк ұпайын иеленіп, артынша жамбас ұпайға қол жеткізіп үлгерді. Әдістен кейін Қажыбаев бас бармағын жарақаттап алғандай болды. Дегенмен жігітке сай мінез танытып, жарысты жалғастыра алатынын жеткізді. Бірақ барлық күшін сарқып алған ол есе жіберіп қойды. Бір қызығы, эфир барысында Бейбіт Ыстыбаев биылғы додада Ержан Шынкеевтің топ жаруы мүмкін екендігін айтқан еді. Ыстыбаевтың айтқаны айдай келді. Шынкеев – чемпион!
Сөйтіп Ержан Шынкеев сегізінші рет ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирінің алтыншы жеңімпазы ретінде тарихта қалды. Ал жарысқа тұңғыш рет қатысқан «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев «Күміс белбеу» иегері атанды.
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Ерлан Қарин, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қатысты. 2018 жылғы «Қазақстан барысы» Ержан Шынкеевтің беліне «Алтын белбеуді» Мәулен Әшімбаев байлады. Сонымен қатар Қарағандының балуанына «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, турнирде екінші жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді.
Қорыта айтқанда, биылғы «Қазақстан барысы» турнирі жылдағыдай жоғары деңгейде өтті. Оны «Барыс Арена» мұз сарайына балуандарға тапжылмай отырып жанкүйер болған көрермен санынан-ақ байқауға болады. Осылайша төл күресімізді ұлықтаған айтулы дода жылдан-жылға жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, сүйіп тамашалайтын спорттық шарасына айналып отыр.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»