Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық спорт түрлерінен Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық «Ұлы Дала рухы» фестиваліне орайластырылған баспасөз мәслихаты өтті.
Республикалық «Ұлы Дала рухы» фестивалі ұлттық спорт түрлерінен ұзақ мерзімге жоспарланған ауқымды жоба екенін айта кеткен жөн. Фестивальдің мақсаты – Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру, ұлттық спорт түрлерінің қоғамдық сипат алуына, жүйелі дамуына тың серпін беру. Баспасөз мәслихатына Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев пен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қатысты.
С.Жарасбаев өз сөзінде аталған фестивальдің маңызын атап өтті. «Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында біраз ауқымды спорттық шараларды қолға алды. «Ұлы Дала рухының» ерекшелігі – фестиваль еліміздің барлық өңірін қамтиды. Астана орталық болады, үш айдан соң ақтық жарыстар елордада ұйымдастырылады», деді Серік Маратұлы.
Б.Тілеухан Ұлы Дала рухымен қатар, Астананың туған күніне арналған «Астана кубогы» бәйгесі туралы тілге тиек етті. «Биыл Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу кең ауқымда қолға алынды. Жыл басында «20 жылдыққа – 20 іс-шара» атты науқан бастағанбыз. Осы жоба бойынша біраз шара өткіздік. Сондай-ақ Астананың туған күніне «Астана кубогы» ат жарысын жоспарладық. Бұл бәйге екі қашықтық бойынша өтеді. Аламан – 25 шақырым, екінші бәйге – 16 шақырым. Астана кубогын сарапқа салуға республикамыздың барлық облыстары, Астана, Алматы қалаларының атбегілері 2 жүйріктен қоса алады», деді Б. Тілеухан.
4 шілде күні басталып, 16 қыркүйек күні аяқталатын жастар арасындағы фестивальға республика бойынша 7073 спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрлерінен өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізіледі.
Үш айдан астам уақытқа созылатын бұл фестиваль II кезеңге бөлінген. I кезең – аймақтық іріктеу жарыстары. Алғашқы кезең бәсекесі төрт аймақта өтеді. 4 шілде күні Қазмедиа орталығында фестивальдің ашылу салтанаты және жеребе тарту рәсімі болады. Осы жеребе бойынша өтетін республикамыздың Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Солтүстік аймақтарындағы жарыстардың салтанатты ашылуы әр мерзімге белгіленген. Атап айтқанда, 13-15 шілде күндері Шымкент қаласында Оңтүстік аймақ, 27-29 шілде күндері Ақтөбе қаласында Батыс аймақ, 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында Шығыс аймақ, 17-19 тамыз күндері Астана қаласында Солтүстік аймақ жарыстарының салтанатты ашылуы өткізіледі. Сондай-ақ көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін аймақтық өңірлерде, ал аударыспақ, жамбыату, теңге, бәйге спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін Астанада өткізу жоспарланған. Аймақтардағы іріктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққан командалар фестивальдің II кезеңіне өтеді.
Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндері аралығында өтетін ІІ кезеңге 250-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Фестивальдің II кезеңіңде жартылай финал мен финалдық бәсекелер тамашаланады.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»