• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Жұлдызы жарқыраған Жезқазған

553 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Қарағанды облысының Жезқазған қаласынан фоторепортаж беріліп отыр. Енді бірер жылдан соң ірге көтергеніне 60 жыл толғалы отырған бұл қаланың орнын таң­даған академик Қаныш Сәтбаев болғаны аян. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында мыс кенінің бай қорын ашып, болашағы үлкен аймақ екенін анықтаған, сол кезде өзі де орда бұзар отыздағы ғалым-геолог Кеңгір өзенінің Наушабай аталатын төменгі саласы бойындағы дөңеске өндіріс орталығы орнығуын таңдайды. Суы мол Кеңгірді бөгеп, тоспа салуға, Қар­сақ­бай, Жезді кеніштеріне жақындығы, Қар­а­ған­ды­дан темір жол тартуға қолайлығы осындай шешімге келуге түрткі болады. Сарыарқаның сайын төсінде шаңырақ көтер­ген жаңа кенттің қала атына заты сай қалыптасуы ғұлама ғалымның көз алдында өтті, өсіп-өркендеуіне қолдаушы, қамқоршы болды. Қазір 90 мың тұрғыны бар шаһар көрікті кескін-келбетімен тұрғындар көңілін сүйсінтеді, мерейін тасытады, Аймақтағы іргелі өндіріс ошақтары осында шоғырланған. Көбі индустриялық-иннова­ция­лық дамудың көш басында. Жалпы, өнеркәсіп өнімі көлемі өткен жылы 500 млрд.-қа жуық теңгені құраса, биыл бұдан да асып түскелі отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция был­тырғы 7 млрд.теңгеден 8 млрд. теңгеге жетпек. Торқалы той жылында одан сайын жайнап-жарқыраған қала өмірінде қуанышты оқиғалар көп. 10 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Балалар бақшалары ашыл­ды, бірқатар әлеуметтік нысандар, зәулім ғи­мараттар салынды. Аулалар мен көшелер көркі көз тартарлық келбетке бөленді. Көкөністің неше түрі жыл бойы өсірілетін жылыжайлар іске қосылды. Бұл көріністерді ұсынылып отырған суреттер де айқын бейнелейді. Осы күндердегі жезқазғандықтар қуанышына Елбасының тапсырмасы бойынша аймақты, соның ішінде қаланы дамытуға арналған бағдарламаның қабылданып, бекітілуі қуаныш қосты. Соған сәйкес Жезқазған жылу-электр орталығы жаңғыртылады, жылу жүктемелерін ұлғайту мақсатында екі қазандық, ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қоймасы салынады. Үйтас, Айдос, Есқұла су құбырларының құрылысы аяқталады. Тігін , құс фабрикасы отау тігіп, жеңіл өнеркәсіптің дамуы жандандырылады. Қызылорда және Арқалықпен жалғастыратын жаңа автомобиль, сонымен бірге Сексеуілге тартылатын темір жол тармағы Жезқазғанның көліктік-транзиттік қарым-қатынас инфра­құ­ры­лымын жетілдіреді. Мұның сыртында ком­му­нал­дық шаруашылық, тұрғын үй құрылысын өріс­те­ту, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту ба­ғы­тында атқарылатын іс-шаралар және жеткілікті. Ал қазба байлықтарды іркіліссіз өндіруді 60-80 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік тумақтығы қаланың жарқын келешегіне кепіл саналады. Кезінде Қаныш Сәтбаев мұнда көшелері оқтай түзу, үйлері биік те сәнді, көрген жан келбетіне таң қалғандай сұлу қала болады деп көрегендікпен болжағандай бүгінгі Жезқазған сондайлық қалыптағы шаһар. Мерейлі мереке құрметіне ел байлығын еселеп арттырушы мыс­шы метал­лург­тердің құт мекенінің жұлдызы жарқырай түсуде. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің  Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.