• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздікке тағы бір тарту

281 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанадағы №64 мектеп-лицейде «Қазақтың Қани­пасы» атанған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республи­ка­сы­ның еңбек сіңірген мұғалімі, профессор Қанипа Бітібаеваның Шығыс Қазақстан об­лысы, Өскемен қаласындағы ғылыми-әдістемелік зертханасының филиалы ашылды. Бұл игілікті шараның бастамасы осыдан бір ай бұрын қолға алынған еді. Елорданың Шығыста өткен күндері кезінде зерделі ұстаздар қауымы Қанипа Омарғалиқызы еңбек ететін Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында болып, жұмысымен танысқан екен. Сол жүздесуде осындай зертхана бөлімшесін Астанада да баянды ету мәселесі  қозғалса, енді  міне, жүзеге асты. Дәуірдің дара ұстазының ғылыми-әдістемелік зертханасының мүмкіндігін кең­ей­ту, ұстаздың жаңашыл іс-тәжірибесін тарату мақсатында ашылған филиал­дың ал­ғаш­қы отырысында Астанамыздағы мыңға тарта қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұ­ғалімдері өз ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Бұдан кейін Қанипа еңселі елорданың бүгінгі көркіне тәнті болғанын, бір кездері бірлі-жарым ғана қазақ тілінде сабақ өткізетін білім ұялары болса, қазір таза мемлекеттік тілде оқытатын білім ор­далары 23-ке жеткенін, сол секілді 35 аралас, 11 орыс тілді мектептерде сабақ беріп жүр­ген мұғалімдердің талпынысына дән ризалығын білдіріп, әдебиет пәнін оқыту жайына тоқталды. Ол сонымен қатар, ескі сүрлеуден шығып, тәуелсіз еліміздің бүгінгі әдебиетін де талдап оқыту жайын қозғап, кешегі алыптардан кейінгі әдебиет өкілдері туралы өзінің арнайы кітап жазғанын, онда Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтен бастап, арамызда жүрген ақындар Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, өзге де ақын-жазушылар шығармашылығын талда­ғанын айтты. Басқосуды белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова түйіндеп, ұстаз ұлағаты туралы тебірене әңгімеледі. Сүлеймен МӘМЕТ. Астана.