Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстанның екінші Жаһандық инвестициялық форумы (Kazakhstan Global Investment Roundtable-2018) басталды.
KGIR-2018-ге әлемнің ірі компанияларының және отандық бизнестің 600-ден астам жетекшілері, ұлттық экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, энергетика, инвестиция және даму министрліктерінің басшылары, әлемдік саясаткерлер, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломатиялық корпус қатысуда. Астанаға Қазақстанның инвестициялық дамуын талқылау үшін Түркиядан – 60 инвестор, АҚШ-тан – 43, Германиядан – 37, Ұлыбританиядан – 60, Қытайдан – 49, Франциядан – 28, Ресей Федерациясынан – 30, БАӘ-ден – 74 және басқа да елдерден инвесторлар келді.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін паш ету, инвестициялық, экономикалық даму және бәсекеге қабілеттілік саласындағы ел саясатын талқылау. Сонымен қатар бұл басқосуда 2017 жылдың тамызында қабылданған Қазақстанның Ұлттық инвестициялық стратегиясын іске асырудың алғашқы нәтижелері қарастырылуда.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев пленарлық отырыстағы сөзінде еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы әңгіме қозғады. «Бұл біздің осы форматта екінші басқосуымыз. Былтырғы желтоқсандағы бірінші басқосуда негізгі әңгіме Қазақстанға не үшін инвестициялаймыз деген сұрақ аясында өрбісе, бүгінгі күннің сұрағы қалай инвестициялаймызға келіп тіреліп тұр. Осы мәселеге біз де өз тарапымыздан біраз әзірлендік» деген Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы мен күшейіп келе жатқан әлеуеті туралы баяндап берді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды үшінші жаңғыртудың кең көлемді бағдарламасын жариялаған болатын. Соның аясында біраз шаруа тындырылды. 2017 жылдың экономикалық өсімі 4 пайызды құрады. Еліміз жаһандық бизнес рейтингінде алға басып, 32-орынды иеленді. Шикізаттық емес секторға келген инвестициялардың үлесі 50 пайызға жетті. Биылғы жылы 3,9 млрд доллардың 54 жобасы іске асырылмақ. Мұнда өнеркәсіптік өңдеудің жоғары шегіне екпін түсірілуде.
Сонымен қатар бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді азайту бойынша көптеген пәрменді шаралар жүзеге асуда. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы қол қойған тиісті заңда бизнеске мемлекет тарапынан жасалатын бақылау 30 пайызға азайтылды. Жер қойнауын игеру туралы жаңа заң қабылданып, «бірінші келді – бірінші алды» қағидасымен жұмыс істейтін австралиялық әдіске жол ашылды. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі нығайтылып, көші-қон заңына өзгеріс енгізілді. Шетелдік технологияны әкелсе, оған кедендік баж салығы салынбайтын болды.
Жалпы пленарлық отырыстың өзі сұрақ-жауап тәртібінде өрбіді. CNBC (Сингапур) арнасындағы Street Signs хабарының бірлесіп жүргізушісі Ориэл Моррисон жиынды осындай тәртіппен жүргізіп отырды.
Мұнда қатысушы әрбір инвестордың, Қазақстан Үкіметінің басшысына, басқа да спикерлер мен қатысушыларға өзін толғандырған сұрақты бірден қоя алуы отырыстың мәнін арттыра түсті. Осыған орай Премьер-Министр өзіне қойылған бірнеше сұраққа жауап берді.
Премьер-Министрден кейін сөз тізгінін қолға алушылардың барлығы Қазақстанда инвестициялық ахуалдың жыл өткен сайын жақсарып келе жатқандығын айтып, өздерінің Қазақстанмен істес болу тәжірибелерімен бөлісті. ROTEC Директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Лифшиц біздің елмен 2011 жылдан бері істес болып келе жатқандығын айта келе, «Егер менен біреу «Қазақстанда инвестор үшін қандай қолайсыздық бар?» деп сұраса, мен мұнда бәрі жақсы деп жауап берген болар едім. Ал қандай мәселелерді жақсарту керек десе, бірінші кезекте инфрақұрылымдар мен логистиканы айтар едім», деді.
Ал SUN Group Басқарма төрағасының орынбасары Шив Хемка соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанның көп өзгергендігін айтты. «Мен Ақмолаға 1996-1997 жылдары келгенімде бұл кеңестік бейнедегі ескірген шағын қала еді. Енді Астананың қазіргі бейнесіне қараңыздар, айырмашылық жер мен көктей. Бұл Қазақстанның даму қуаты мен болашақ зор әлеуетін білдіреді. Мұнда келген инвесторлар өкінбейді, олар Қазақстанмен бірге өседі», деді.
Ал пленарлық отырыста БАӘ Халықаралық Инвесторлар Кеңесінің «UAE International Investors Council» Бас хатшысы Джамал Саиф аль-Жарван, Қазақстандағы қазіргі жүргізіліп жатқан өзгерістерді Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жағдаймен салыстырып, біздің елді бизнес үшін тартымдылығы жөнінен Дубай секілді кереметті әкелген Әмірлік елінің жолын қуушы деп атады. Өйткені мұнда қазір соған сай әрекеттер жасалып жатыр.
Kazakhstan Global Investment Roundtable шеңберінде жалпы құны 4,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 32 коммерциялық құжатқа қол қойылды, ол жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тартуға және ел экономикасының барлық салаларын қамтуға қолайлы мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда: фармацевтика саласында «Kazakh Invest» және «ТНК Servier JSC» компанияларының арасындағы фармацевтикалық препараттарды өндіру жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы өзара түсіністік меморандумы; машина жасау саласында Қарағанды облысының әкімдігі мен Hebei Hua Tong Cable компаниясы мен т.б. арасында кабель өнімдерін өндіру бойынша жобаны жүзеге асырудың жол картасы; жеңіл өнеркәсіп саласында бірінші кезеңде гофрленген картон пакеттерін өндіру бойынша интеграцияланған зауыт салу және екінші кезеңде ақ және қоңыр қағаздар жасау туралы «Kazakh Invest» және «Cukurova Holding» түрік компаниясы арасында меморандум жасалды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»