Кеше елордада Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің мүмкіндіктерін таныстыруға арналған шара өтті. ЭКСПО көрмесінің павильонында өткен маңызды шарада стартаптар технопаркінің негізгі бағыттары көрсетілді.
Отандық және халықаралық IT-мамандар қатысқан шара барысында стартаптардың дамуы бойынша жаңа бағдарламалар легі іске қосылды. Атап айтқанда, технопарктің екінші акселераттау бағдарламалары бастау алды, жас ІТ-жобаларды кешендік дамытумен айналысатын «100 стартап» жаңа жобасы іске қосылды.
Технопарктің мүмкіндіктері жұрт назарына ұсынылған шараға Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысқанын айта кетейік. Асқар Жұмағалиев жастарға арнаған құттықтау сөзінде олардың қолынан шыққан IT-жобаларға ерекше маңыз беру керектігін, елімізде осы тектес инновациялық жобаларды дамытуға жан-жақты мүмкіндік жасалып жатқанын атап өтті.
– Жаңа ғана балалар өздері ойлап тапқан, өз қолдарымен жасаған жұмыстарын көрсетті. Президенттің инновациялық экожүйе құру туралы идеясы, арманы өміршең екенін, оның шындыққа айнала бастағанын білдіреді. Әрине, бізге әлі бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізу керек. Қазақстанның және шетелдік білікті IT-мамандарының басын біріктіру қажет. Мен бұл жерде үлкен дүние жасалып жатқанын айқын сезініп тұрмын. Жалындап тұрған жастар көп екен, – деді А.Жұмағалиев.
Сондай-ақ А.Жұмағалиев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының инновациялық технологияларды дамытуға ықпал етіп, мүмкіндіктерді молайтатынына да тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын мақұлдады, аталған бағдарлама негізгі бес бағыттан тұрады: адами капитал, цифрлы мемлекет құру, цифрлы экономика, телекоммуникациялық инфрақұрылым қалыптастыру және ең бастысы – инновациялық экожүйе құру. Бұл жаңа идеялар дүниеге келетін және ақиқатқа айналатын сала. Оны іске асыру үшін алдымен тиісті заңнамаларға түзету енгізу керек. Қазіргі таңда Үкімет венчурлік қаржыландыру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Салықтық жеңілдіктер тұрғысынан алғанда, біз бүгінде венчурлік қаржыландыру мәселелері бойынша барлық қызметтермен тізе қосып әрекет етудеміз, – деді А.Жұмағалиев.
Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, салық жеңілдіктері IT саладағы мамандарға, стартап жобалардың иелеріне тиімді болуы үшін барлық мүмкіндіктерді қолға алып отыр. Мамандарды мектептерде, институттарда әзірлеу ісіне де көңіл бөлінеді. А.Жұмағалиев алғаш бастауыш сыныптарда бағдарламалау, робот техникасы үйретілетіні туралы айтылған кезде оны түсінбеушіліктер болғанын, қазір барлығы түсіністік тапқанын тілге тиек етті.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та IT-стартаптар технопаркінің жұмысын жоғары бағалады.
– Біз тарихи оқиғаның, айрықша ұлттық инновациялық экожүйенің қалыптасуына куә болып отырмыз. Мен бүгінгі кішкентай қадамның болашақ үлкен серпінге негіз болатынына сенімдімін. Келешекте Astana Hub әлемдегі озық технологиялар мен дарынды мамандар шоғырланған үлкен орталыққа айналады. Жобаны іске қосу арқылы біз Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлы-инновациялық шешімдер орталығына айналдыру жөніндегі басты идеяларын жүзеге асыратын боламыз. Қазіргі заманда бұл адами капиталға инвестиция салу арқылы ғана орындалатыны белгілі» деп атап өтті Д.Абаев мырза.
Ақпарат және коммуникациялар министрі өз сөзінде еліміздегі стартаптар мен IT-жобаларды қаржыландыруға атсалысып жатқан инвесторларға алғысын білдірді.
Осы іс-шара аясында биік белестерді бағындырған стартаптардың негізін қалаушылар, халықаралық сарапшылар стартаптардың қалыптасу жолы мен инновациялық экожүйені дамыту бойынша ойларын ортаға салды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»