Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.
Аталған кездесу мәртебелі қонақтарға лайықты сән-салтанатымен, құрмет қарауылы сап түзеп, екі мемлекеттің әнұрандарының орындалуымен басталды.
Мұнан соң кеңейтілген құрамдағы кездесуде Қазақстан Президенті наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарының сәтті болғандығын атап өтті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ БАӘ-де шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның әкесінің 100 жылдығы тойланып жатқандығына қарамастан, Қазақстан Президентінің шақыртуын қабыл алып, Астанаға келгендігі үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы мен Астанада өткен қысқы Универсиада ойындарына шейх Мансұрдың, ал Азия ойындарына шейх Мұхаммедтің келгендігін атап өтті.
– Мен сіздің әкеңіз, марқұм бен Заидпен кездескен едім. Өте кемеңгер, мейірімді адам еді. Біз ол кісі туралы кітап шығардық, деген Мемлекет басшысы мұрагер Ханзадаға әкесі шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян жайында жазылған кітапты табыс етті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ шейх мұрагер ханзаданы «Астана – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.
– Сіз бен менің арамыздағы туысқандық, бауырластық, жиі кездесулердің арқасында екі елдің арасындағы бизнес, іскерлік қарым-қатынас ұлғайып келе жатыр. Сауда-саттығымыз екі есе артты. Алдымызда көп мақсат бар. Инвестицияны сақтау туралы келісімге қол қойдық. Қосарланған салық салуды болдырмау мәселесін келістік, деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ гидроэнергетика және газ-химия кешені құрылысы саласындағы жобаларды әрі қарай жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерінің ғылым мен технологияны дамыту жұмыстарының өзектілігіне, оған қоса, екі мемлекет арасында енгізілген визасыз режімнің тиімділігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті БАӘ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысына да тоқталып өтті.
Өз кезегінде Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян екі ел басшыларының тығыз қарым-қатынастарының арқасында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында достық байланыстар орнағандығын атап өтті.
– Сіздермен арада ағайындық қарым-қатынас қалыптасты. Біз Сізді үлкен ағамыз деп есептейміз және Сіздің бай өмірлік тәжірибеңізді құрметтейміз. Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан осындай өзгерістерді жүзеге асырады деп ешкім де күтпеп еді. Бүгінде Қазақстан – көшбасшы ел, аймақтағы маңызды мемлекет. Осының барлығына Сіздің сарабдал саясатыңыз бен көреген көшбасшылығыңыздың арқасында қол жеткізілді, деді мұрагер ханзада.
Тақ мұрагері ресми сапарының қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында сотталған адамдарды беру туралы, мәдени саладағы ынтымақтастық туралы және Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Сауаб» дерадикализация жөніндегі халықаралық орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер бекітілді.
Ресми сапар аясында мұрагер ханзада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылу рәсіміне қатысады деп күтілуде.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»