Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан дәстүр бойынша Астанадағы «Атамекен» Қазақстанның картасы» этномемориалды кешені аумағында орналасқан еліміздегі ең үлкен Туды көтеру рәсіміне қатысып, осы салтанатты шара аясында қала күнін тойлауға арналған мерекелік бағдарламалардың басталғанын жариялады және жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне әскери шен тапсырды.
Шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Президент Мемлекеттік тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мерекенің мәртебесін асқақтата түсетінін жеткізді.
«Желбіреген көк Туымыздың астында елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған шараларды бастағалы отырмыз. Баршаңызды Астананың 20 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен құттықтаймын. Биыл дәстүрлі мерекеміз Астанамыздың 20 жылдығына тура келіп тұр. 20 жыл деген тарих үшін қас-қағым сәт. Екі ғасыр тоғысында ен далада елорда салған жалғыз ел – Қазақстан. Осы уақыт аралығында атқарған жұмыстардың бәрі желбіреген көк Туымыздың астында өтіп жатыр», деді Н.Назарбаев.
Президент Қазақстанның аспан түстес көк Туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтып, 20 жыл ішінде елордада әлемдік деңгейдегі жиындар өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
«Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетістікке көк Байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. «Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» деген түсініктер біздің мемлекеттігімізбен, болашағымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсысына ұқсамайтын көк Туымызды дүниежүзі мойындады», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Елбасы Тудың маңызы туралы әңгімелеп, ата-бабаларымыздың «Туың түспесін» деп бата бергенін еске салды. «Бұл – киелі бата. Ту – елдікпен тең!», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын атап өтіп, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы дайындаудың маңыздылығына тоқталды.
«Сіздердің әскери қызметтеріңіз бейбіт жағдайда өтсін деп тілеймін. Бірақ мемлекет әрдайым өзінің қауіпсіздігі мен шекара бүтіндігін ойлауға тиіс. Сондықтан біз офицерлерімізді тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайында, жаңа Қарулы Күштеріміз үшін оқытып, тәрбиелейміз. Әскери қызметті лайықты атқарудың үлгісін көрсетіңіздер», деді Президент.
Н.Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде Мемлекеттік туға зор құрмет көрсету Отанды сүюмен пара-пар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.
«Бүгін әскери оқу орындарының үздік түлектері офицерлік шен алады. Сіздер арқылы осы жылы оқуын бітіріп жатқан жас офицерлердің бәрін құттықтаймын. Осы сәттен бастап сіздерге Отан қорғау, Қазақстан азаматтарының бейбіт өмірі мен тыныштығын күзету үшін күрделі де мәртебелі миссия жүктеледі. Сіздер ұлы бабаларымыз аманат еткен қасиетті борышты лайықты атқаруларыңыз керек. Бүкіл өмір жолдарыңызда офицерлік атақты үлкен абыроймен алып жүріңіздер!» деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, халқымызға бақ-береке тіледі. Осылайша, елорданың мерейлі мерекесі қарсаңында тәуелсіз Қазақстанның Байрағы сайын Сарыарқа төсінде желбіреді. Асқақтай бер, бейбітшілік пен тұтастықтың символы – қастерлі көк Ту!
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»