Бүгінде елордамыз адам танымастай өзгерді. Барлық жағынан өркендеп, ірі халықаралық форумдар өтетін орынға айналды. Астана арқылы байтақ елімізді әлемдік қоғамдастық таныды, беделді державалар мойындады. Елорданың дамуына үлес қосқандар аз емес. Солардың алдыңғы легінде тұрған жанның бірі – Жәнібек КӘРІБЖАНОВ.
Ол кісі кезінде Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі және Ақмола облысының әкімі болып қызмет істеді. Қандай лауазымда қызмет атқарса да ел сенімінен шыға білді. Әсіресе оның ұйымдастырушылық қарым-қабілеті ел астанасының Алматыдан Ақмола қаласына қоныс аударуы кезінде жарқырай көрінді. Біздің Жәнібек Сәлімұлымен әңгімеміз сол жайында өрбіді.
– Аға, елордамыз – Астана қаласы бір күнде немесе бір айда қалыптаса қойған жоқ. Бәрінен де бастау қиын демекші, ұлы көшке ұласқан ұлы істің басы-қасында өзіңіз жүргеніңізден хабардармыз.
– Астананың Сарыарқаның төріне қоныс аударуы – ел тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы көш. Алатау баурайынан аттанып, елорданың Сарыарқадан құтты орнын тапқанына жиырма жыл болды. Тарихи өлшеммен алғанда бұл қысқа мерзім. Осы жиырма жылдың ішінде тек Астанамыз ғана емес, бүкіл еліміз аса ірі оң өзгерістерге қол жеткізді. Көшіміз көлікті, егемен еліміздің тәжі – Астана барша қазақстандықтар үшін құтты қоныс болды деп нық сеніммен айта аламыз.
– Бір қаладан екінші қалаға астананы көшіру жеңіл болмаған шығар.
– Әрине көптеген қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келді. Ол қандай қиындықтар дегенге келсек, сол кез еліміз аяғын тіктеп, алға ұмтылып жатқан шақ болатын. Нарықтық экономика мен реформаларға енді үйреніп, бір формациядан екінші формацияға өтуге әрекет жасап жатқан тұс еді. Оның үстіне Азияда экономикалық дағдарыстың басталған кезі болатын. Мұнай бағасы төмендеп, оның бір баррелі 17 долларға дейін құлдыраған-ды. Ал ұлттық валюта – теңгеміз құнын екі есеге жойған еді. Бюджетке түскен қаражатты қайда және қалай жұмсайтынымызды білмей, әрі-сәрі күйге түсуші едік.
Жасыратыны жоқ, бұрынғы Ақмола қаласы ел астанасына мүлде сәйкес келмейтін. Өйткені бүгінгі елорда астана болғанға дейін еліміздегі облыс орталықтарының бірі болып келді. Бірақ Ақмоланың ұтымды жақтары да бар еді. Мысалы, қала өзінің географиялық орналасуы жағынан Қазақстанның орталығы, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл қаланы дамытуға мол мүмкіндік береді. Сол тарихи шешім қабылдаған кезде сын айтушылар кездескені де рас. Осы тұста Альберт Энштейннің мына сөздерін келтірейін. Ол «Қолайлы мүмкіндіктер қиындықтар мен проблемалар арасында жасырылып жүреді» деп айтқан екен.
Ал сол жасырылып жүрген келешекке, болашаққа бағытталған батыл шешімді Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев қабылдады. Ашығын айтуымыз керек, Елбасының осы шешімін жалпы халық қолдады. Әлемге әйгілі К.Курокава айтқандай, қаланың өркендеу архитектурасы философиясында Елбасының идеясы жатыр. Қазақстандықтар осындай ұлы көшке түсіністікпен қарады. Сондықтан да мен астананың Сарыарқаға қөшірілуін қазақ халқын, сондай-ақ бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші фактор деп есептеймін.
– Қоныс аударудың дайындық жұмыстары қалай жүргізілді?
– Аса ауқымды іс-шаралар мен жұмыстардың барлығы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Аз уақыттың ішінде адам баласы таңқаларлық жұмыстар жүргізілді. Оның өзіндік сыры бар. Мемлекет басшысы әрбір құрылымға, әрбір басшыға нақты тапсырма берді. Мысалы, ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданғаннан кейін Президенттің Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның мақсаты – астананың мекемелері мен ұйымдарының астанаға көшірілуіне дайындық жасау. Ал осының ішінде Ақмола облысы басшылығының алдына қойылған міндеттері тағы болды. Ол негізінен қаланы өмір сүруге қажетті жүйелермен қамтамасыз етуге байланысты.
– Жәнібек Сәлімұлы, кейбір басшы басқа өңірге қызмет ауыстырғанда, өзімен бірге командасын да алып барады...
– Президент Жарлығымен Ақмола облысына әкім болып тағайындалғанда өзіммен бірге бірде-бір қызметкерді немесе маманды алып келген жоқпын. Бұған дейін облыста қызмет істегендірдің барлығы өз міндеттерін атқара берді. Сол кезде қала, облыс деңгейінде қызмет атқарғандар әлі күнге дейін елімізге адал еңбек етіп, Қазақстанның дамуына үлес қосып жүр. Мысалы, бүгенде елімізге белгілі азаматтар Әділбек Жақсыбеков, Асқар Мамин, Қайсар Омаров, Сансызбай Есілов, Николай Тихонюк, тағы басқалар. Шаруашылық, аудан басқарып жүрген кейбір азаматтар облыс, республика деңгейіне қызметке ауысты. Бұл жергілікті кадрларды өсіруге, оларды жауапты жұмыстарға тартуға деген ізгі ниетті білдіреді. Олардың ішінен Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевты атауға болады. Сондай-ақ Ақмола қаласының сол кездегі әкімі Аманжол Бөлекбаевты ерекше атар едім. Ол күні-түні жұмыс істеді, ерен еңбегімен көзге түсті.
– Елбасының Жарлығы бойынша құрылған мемлекеттік комиссияға тоқталып өтсеңіз?
– Бұл мәселеде мына жайды ажыратып алған жөн. Мемлекеттік комиссияға жүктелген міндет бір бөлек, сондай-ақ облыстық әкімдікке берілген тапсырма бір бөлек. Бірақ біз бірлескен жағдайда жұмыс істедік. Себебі қаланың жабдықталуы, қызмет көрсетудің сапалылығы бәрімізге ортақ. Атап өтуге тиіспін, екі құрылым – мемлекеттік комиссия мен облыстық әкімдіктің өзара байланысын үйлестіретін Әділбек Жақсыбеков болды. Ол облыс әкімінің бірінші орынбасары еді.
– Ал облыстық әкімдік тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?
– Сол уақыт үшін Ақмола қаласының ең басты проблемасы жылу жүйесі болатын. Сараптап, талдап көрсек, 13 жыл бойы жылу электр орталығы (ЖЭО) жөндеуден өткізілмеген екен. Орталыққа көп күш пен қаржы жұмсауға тура келді. Өйткені астана Алматыдан Ақмолаға қоныс аударып жатса, көшіп келген ел-жұрт тоңып жатса болмайды ғой. Президенттің тапсырмасымен оны күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті қаражат бөлінді. Соның арқасында орталық қалыпты жұмыс істей бастады. Көшіп келгендер де, ақмолалылықтар да қатал қыстан қысылмай шықты.
Одан кейінгі тағы бір өткір мәселе – электр энергиясының тапшылығы еді. Бұл бұрынан бар өзекті проблема екен. Электр энергиясын еліміздің өзге өнірлерінен сатып алуға болатын. Бірақ электр энергиясы республиканың көпшілік аймағына жетіспейтін. Себебі электр энергиясын өндіретін бірқатар ГЭС-тер қалыпты жұмыс істей алмады. Тіпті Екібастұз ГРЭС-і де тоқтап тұрды сол жылдары...
– Бұл қиындықтардан қалай шықтыңыздар?
– Есептеу мен есеп жүргізудің рөлі өте үлкен. Бұрын, Кеңестер одағының тұсында электр энергиясын оның ақшасын төледің бе, жоқ төлемедің бе, ала беретінсің. Біз ауыл-селоларда пайдаланған электр энергиясына есептеу жүргізуді жолға қойдық, ретке келтірдік. Қанша пайдалансаң, соның ақшасын төлейсің. Қалаларда да осы жүйе енгізілді. Осылайша қаланы электр энергиясымен қамтамасыз етуге қол жеткіздік, проблема осылай шешілді.
Бұдан кейін Ақмоланы сумен жабдықтау мәселесі тұрды. Қала маңындағы Вячеслав су қоймасы ол кезде 350-400 мыңдай қала тұрғынын сумен жабдықтауға есептелген болатын. Жыл өткен сайын қала халқының саны артатыны белгілі. Қажетті суды қайдан алу керек? Оның баламалы үш нұсқасы қарастырылды. Біріншісі – Нұра өзенінен Есілдегі су арнасына су жіберіп, сол арқылы Нұраның суын пайдалану. Екіншісі – жерасты суын пайдалану. Өйткені мұнда судың аса мол қоры бар. Үшіншісі – Ертіс –Қарағанды каналынан су тарту. Осы үш нұсқаны жан-жақты қарастыра, салыстыра келіп, үшіншісіне тоқтадық. Сөйтіп Ертіс – Қарағанды каналынан құбыр тартып, Вячеслав су қоймасына жеткіздік. Бірінші нұсқа бойынша Нұра өзенінде зиянды қалдықтар көп болды. Ал екінші нұсқа қала үшін тиімді және арзан еді. Оның үстіне жерасты суы жер үстіне жақын-ды. Одан су алуға болмайды екен. Себебі ондағы судың стратегиялық маңызы бар, ол запаста тұруы керек.
– Қаланың стратегиялық маңызы ерекше нысандары қалай реттелді, инфрақұрылымы қалай жақсарды?
– Астана тәуелсіз Қазақстанның елордасы болған соң, оның әуежайына «Боинг» секілді ірі ұшақтар да келіп қонуы тиіс, қабылдауы қажет. Әуежайды сондай талапқа келтіру үшін ол қайта жөндеуден өткізіліп, ұшып-қону жолақтары кеңейтілді. Бір мысал келтірейін, әуежайдың құрылыс жұмыстарын белгіленген уақытта бітіру мақсатында тәулігіне 3 мың тонна асфальтты бетон жеткізіліп тұрды. Құрылысшылар мен техниктер күні-түні жұмыс істеді. Ашығын айтайын, осы және басқа жұмыстар Президент ұшағы әуежайға келіп қонатын уақыттан төрт сағат бұрын ғана ойдағыдай аяқталды. Осындай ауқымды жұмыстарды сапалы орындауға Шәміл Бекболатов, Ахметжан Есімов зор үлес қосты.
– Бір күнде отыздай көшенің атын қазақшалаған екенсіздер...
– Ақмола қаласында қазақша атаумен аталатын көшелер өте сирек еді. Көшелердің атауын өзгерту аса үлкен идеологиялық мәселе екені рас. Елбасымен пікірлесе, ақылдаса келіп, бір күнде отыз көшенің атауын қазақшаладық. Ұзын да кең көшелер қазақ батырлары мен хандары Абылай ханның, Кенесарының, Бөгенбайдың есімдерін иеленді. Сонымен қатар Астанаға жақын орналасқан аудандар атаулары да қазақшаланды. Сөйтіп алты ауданның атауы өзінің тарихи атауларына ие болды. Бұл мәселеде тұрғындар арасында түсіністік жұмыстары да жүргізілгенін атап өткен жөн.
Тағы бір ауқымды жоба Президенттің тікелей тапсырмасымен «Жасыл аймақ» қолға алынды. Қазір ол елордамызды қоршап, тал-теректер Астананы боран мен желден қорғап тұр. Жыл өткен сайын «Жасыл аймақта» жайқалып өскен ағаштар мен жеміс-жидектер қала қонақтары мен тұрғындарының демалыс орнына айналып барады. Сол жылдары Ақмола қаласы Ақмола облысының аумағына кіретін. Елордамыз арқылы облыстың бірқатар проблемалары да шешімін тапты, экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды.
Еліміздің астанасы Сарыарқаға қоныс тепкеннен кейін осында мүмкіндігіне қарай ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері де көшіп келе бастады. Түрлі ұжымдар да қоныс аударды. Мысалы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері мен «Хабар» агенттігін атар едім. Осы бұқаралық ақпарат құралдарына жабыла мекенжай іздегеніміз әлі есімде. Сондай-ақ Астанаға алғашқылардың қатарында көшіп келгендерден белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовты, әлемге танымал скрипкашы Айман Мұсақожаеваны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Кенжеғали Мыржықбайды атар едім.
Астана бүкіл еліміздің жан-жақты дамуына жол ашты, жаңаша серпін берді. Құйылған, тартылған инвестиция көлемі еселеп артты. Бүгінде елордаға қарап, елордадан үлгі алып, облыстар орталықтары да өсіп-өркендеп жатыр. Облыс орталықтары керемет өзгерді. Мақтанғаным емес, біздің қалаларымыздың даму қарқыны кез келген мемлекеттің қалаларынан да асып түседі. Астана – егемен еліміздің алтын тәжі десем, қателесе қоймаспын. Ал оның түпкі бастауында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұр.
– Салиқалы әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»