«Атырау Астананы құттықтайды». Ұлттық академиялық кітапханада осындай атаумен көрме ашылды. Астананың 20 жылдығына, Атыраудың 80 жылдығына, Ұлттық домбыра күніне арналған көрмеге өңірдегі музейлер мен кітапханалардағы ең құнды жәдігерлер қойылды. Олардың арасында «Алтын адам» мен домбыра коллекциясы да бар. 200-ге жуық тарихи-этнографиялық, археологиялық жәдігерлер астаналықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылды. Атыраудан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары да көрмеден орын алған. Ортағасырлық Сарайшық қалашығының орнынан табылған құнды дүниелерге қызығушылық танытқандар қатары көп болды.
Шара аясында «Домбыра-дастан» кітабының тұсаукесері өтті. Айта кетейік, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың белгілі өнер қайраткерлерінің домбыралары сақтаулы. Бұл кітапта музей қорындағы сол аспаптар жайында деректер топтастырылған.
Мемлекет басшысы бекіткен Ұлттық домбыра күнінің құрметіне орай жергілікті өнерпаздар Құрманғазы мен Динаның күйлерін тартып, шараның мәнін арттырды.
– Бұл көрме Атырау облысының бай мұрасы туралы толық мәлімет берді. Белгілі ақын-жазушылардың, домбырашылардың шығармашылықтарымен таныстық. Әрине бір көрме арқылы аймақтың бар байлығын көрсету қиын, алайда Алтын адам, домбыра коллекциясы, керемет кітаптар сияқты негізгі жәдігерлер өңір туралы шежірелі сыр шертеді, дейді Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ