• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2018

«Кәусар» шөліңізді басады

1223 рет
көрсетілді

Жалпы, газдалған сусындардың оңғаны жоқ. Адам ағзасын бұзады. Диетологтар жас балаларға бермеу жайын айтып, дабыл ұрып келеді. Шетелден келетін таза жеміс шырыны деп жазылған сусындардың деніне консерванттар қосылған. Сүт те солай. Құрғақ ұнтақтан дайындалған.

Мұндайда дұрысы қазағымыздың дәс­түрлі сусыны қымыз, қымыранға еш­теңе жетпейді. Шөліңді тез қанды­ра­тын тары, бидай, жүгері көже бар. Газдалған сусындардың зиянын біліп қалған жұрт бүгінде осы сусындарға ойысуда.

Қымыз, қымыран супермаркеттерде сатылымға түсіп жатыр. Бірақ, ашыған көже жоқтың қасы. Іскер адамдар оның да оябын табады екен. Жаңақорған ауданы, Кейден ауылының тұрғыны Қасым Әбжаппаров жүгеріден сусын дайындап, дү­кен желісіне шығарып отыр. Аты – «Кәусар».

Қасекең әуелде жүгеріні түйіп, сауда орталықтарына өткізіп жүреді. Қалаға бір барғанында жүгеріден попкорн жасай­тын қондырғыны көріп, соны жа­са­маққа қызығады. Әуелде жүгеріні сатып, артынан попкорнға өткен азамат бизнесін жандандырудың басқа да амалдарын іздей бастайды. Газдалған сусындардан елдің беті қайтқан кезі. Шіліңгір шілдеде шөліркеген жұрт ашымалға құмар. Осының бәрін ой елегінен өткізген жігіт ағасы жүгеріден сусын дайындап көреді. Көше-көшенің бойында сатылатын күндік сусын емес, дү­кендер желісінде сатуға қолайлы сусын.

Қазақтың Тағамтану институты Әбжаппаровтар отбасы дайындаған сусын құрамында пайдалы дәрумендердің молдығын айтып, жақсы қорытынды береді.

Жаңа жоба қиялын самғатқан Қасым Әбжаппаров «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, грант жеңіп алады. Бұл – жаңа бизнестік жо­баны қуаттайтын, қайтарылмайтын қар­жы. Осы қаражатқа керекті қондыр­ғы­­ларды, сыртқы қорабын дайындайтын аппарат сатып алады.

Таза өнімнен дайындалған, құра­мын­да пайдалы дәрумендері көп «Кәусар» бүгінде сауда желілерінде са­ты­лады. Ауыл­да отырып-ақ үлкен нарық­қа кір­ген азамат болашақта қауын мен қар­быз сусындарын шығармаққа ниет­те­ніп отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы