• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2018

Қайыңды мен Ақпәтер ауылына таза су тартылды

1005 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Қайыңды және Ақпәтер ауылдарында таза ауыз су жүйесі жаңартылды. Бұрын ауыл шетінде орналасқан су тазартқыш қондырғыдан тартылған су құбыры енді әр үйге жеткізілді. Астананың 20 жылдығымен орайлас келген қуанышқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева ортақтасты.

Батыс Қазақстан облысы соңғы кезге дейін тұрғындардың таза ауыз сумен қамтылуы бойынша ең төмен өңір саналып келген еді.

- Бұл олқылықты жою үшін былтырдан бері өңірде жалпы жобалық құны 4 млрд теңге болатын су құбырларының құрылысы жүргізілді. Биылдың өзінде тек Қазталов ауданының өзінде 13 елді мекенге таза ауыз су құбырын тарту жоспарланып отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасының басты мақсаты – халықты сапалы ауыз сумен қажетінше қамтамасыз ету, - дейді Бибігүл Қонысбаева.

«НовоселСтройСервис» және «БатысГазСтой» ЖШС мердлігерлік еткен су тарту жұмыстары жоспарға сай жүргізілген. Қайыңды ауылындағы таза ауыз су жүйесін қайта жабдықтау жұмысына республикалық бюджеттен 196 млн. теңге қаражат жұмсалса, Ақпәтер ауылындағы нысанды қайта жаңғыртуға 247 млн. теңге бөлінген. Екі ауыл да ауыз суды іргедегі Қараөзеннен тазартып алып пайдаланып отыр.

– Ақпәтер ауылында 210 шаңырақ таза су құбырын үйіне кіргізіп алды, - дейді ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов. Қайыңды ауылының тұрғыны Серікжан Сүлейменов те ауылдастарының «Ақбұлақ» бағдарламасының игілігін көріп жатқанын айтып, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырған азаматтарға алғыс айтып отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Қайрат ЖАҚЫП