• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Шілде, 2018

Астананың 20 жылдығына орай Оралда салтанатты жиын өтті

470 рет
көрсетілді

Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы активінің салтанатты мәжілісі өтті. Жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңір халқына құттықтау жолдады.

- Елордамызды Сарыарқа төріне көшіру туралы қабылданған шешімнен бастап, бас қаланың қалыптасуы және 20 жылдық тұтас даму кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей әрі тығыз байланысты. Тәуелсіз Қазақстан татулық пен бейбітшіліктің орталығы дейтін болсақ, Астана – алтын бесігі. Себебі осы аз ғана уақыт ішінде Астана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммитін, бірнеше рет әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізіп келеді. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін абыроймен ұйымдастырды. Қысқы Азия ойындары мен спорттың түрлі шараларын атқарып келеді. Сирия қақтығысының түйінін тарқату мақсатында талай рет бас қосқан мекенге айналды. Бүгін міне Астана халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанаты өтті, - деді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, 20 жылда Астана құрылысына бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінгенімен, ол қазірге дейін ел қазынасына шамамен 7 трлн теңге салған екен. Яғни қаланың дамуына салынған мемлекеттің қаржысы үш есе артығымен қайтарылды. Астана халқының саны жиырма жылдың ішінде 3,5 есеге өсіп, 1 миллионнан асқан.

Бүгінде саяси-экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған елорда Қазақстанның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, өңірлердің дамуына да серпін беріп келеді. Бүгінде Президент қабылдаған «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары арқылы Батыс Қазақстан облысының әрбір шалғай елді мекеніне таза ауыз су жетіп, баспана, білім беру және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде.

- Нақты дәлелдермен айтар болсам, осы 20 жыл ішінде облыс экономикасына 4 трлн.теңгеге жуық инвестиция тартылған. 4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен 20 жыл ішінде 1800 шақырым жол жөнделген. Өңіріміздегі жылдар бойы қордаланып келе жатқан жолдың проблемалары біртіндеп шешілуі – ел дамуының нақты көрінісі. Таза ауыз су алыс елді мекендерге жеткізілуде. Соңғы екі жыл ішінде 2 мың шақырым су құбыры тартылды. Міне, бұл Астанамен қатар біздің өңіріміздің де дамуының көрсеткіштері, - деді Алтай Сейдірұлы.

Айта кету керек, Астананың көркеюіне әрбір батысқазақстандықтың да қосқан үлесі бар. 20 жылдық мерейтой қарсаңында Елордада Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші бой көтеріп, «Ақжайық» тынымбағы пайдалануға берілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы