Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіздің туған күніңіздің Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі кездейсоқ оқиға емес. Сіз жаңа Қазақстанның басты архитекторына, ежелгі мекенде болашаққа қарыштап қадам басқан жаңа қала салған тұлғаға айналдыңыз.
Отаныңызда өмір сүретін көпэтносты Қазақстан халқының арман-тілегін тереңінен түсінетініңіз анық. Осы бір түсіністік Сіздің тарихи бастамаларыңызды жүзеге асыруға көмектесті. 1980-ші жылдардың ортасында Қазақ КСР-і Үкіметінің Төрағасы ретінде отандастарыңыздың сеніміне ие болып, беделіңіздің арқасында республикадағы азаматтық бейбітшілікті сақтап қалдыңыз. Мұны жоғары бағалаған жерлестеріңіз әуелі Сізді Қазақ КСР-нің, кейіннен Тәуелсіз Қазақстанның Президенті етіп сайлады.
XX ғасырдың 90-шы жылдары жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңінде Сізбен танысудың сәті түскен болатын. Сіздің беделіңіз ортақ пікір ұстанатындарды жинап, Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік өмірінде түбегейлі өзгерістер жасауға сеп болды. Сізге халық сенді және сене береді. Сіздің стратегиялық мақсаттарды күнделікті өмірдің қажеттіліктерімен қатар қоятын көрегендігіңізді жоғары бағалайды. Сіз халықты өзіңізге сендіре аласыз және соңыңыздан ертетін қабілетке иесіз. Осы бір нағыз көшбасшыға тән қасиетіңіз қазіргі Қазақстанды қалыптастырып, заманауи қала құрылысының жақұтына айналған, әлемнің ең әдемі қалаларының бірі – Астана шаһарын салуға жағдай жасады.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жасаған атақты баяндамаңызда мемлекеттер мен халықтардың Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы бастама көтергеніңіз әлі есімізде. Бүгінде дамудың осы маңызды тұжырымдамасы шындыққа айналып, елдеріміздің келешегін анықтап келеді. Осы қоғамдастықтың негізі ретінде Қазақстан мен Ресейдің одағы саяси және экономикалық байланыстармен ғана емес, достықпен, рухани және туыстық қарым-қатынаспен бекіген. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен қарым-қатынасыңыз осыған дәлел.
Астана қаласының мерейтойы мен Сіздің туған күніңізді Қазақстанда ғана емес, Сізді және Қазақстан мен халықтарымыздың игілігі үшін атқарған қызметіңізді жоғары бағалайтын Ресейде де атап өтеді.
Сізге және барша Қазақстан халқына гүлдену, амандық, бақытты өмір тілеймін!
Михаил ШВЫДКОЙ, Ресей Федерациясы президентінің халықаралық мәдени қатынастар бойынша арнайы өкілі